Сайлау • 20 Наурыз, 2023

Байқаушылар бағасы – жариялылық пен ашықтық сақталды

236 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарын сайлау қарсаңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері шетелдік және халықаралық байқаушылар делегацияларымен бірқатар кездесу өткізді. Яғни халықаралық ұйымдармен – 9, шетелдік сайлау органдарының мүшелерімен 7 екіжақты кездесу өтті, сондай-ақ халықаралық БАҚ брифингі де ұйымдастырылды.

Байқаушылар бағасы – жариялылық пен ашықтық сақталды

Жалпы, Шанхай Ынтымақ­тастық Ұйымының, ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының, Түркі мемлекеттері ұйымының, Ресей Федерациясы мен Беларусь Одағының, Жерорта теңізі Парламенттік Ассамблеясының, сондай-ақ Түркі Парламенттік Ассамблеясының делегацияларымен кездесулер өтті. Осы мақсатта Қазақстанға Әзер­байжан, Молдова, Моң­ғолия, Армения, Беларусь, Мажарстан, Грузия, Үндістан, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Румыния, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбек­стан, Түркия Республика­сы мен Филиппиннің сайлау органдарының мүшелері келді. Бес елдің сайлау комиссияларын төрағалары өздері басқарып келді.

Кездесу барысында Орталық сайлау комиссиясының төраға­сы Нұрлан Әбдіров қонақ­тар­ды Қазақстан Республи­ка­сы Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына әзірлік және оны өткізу барысымен таныстырып, депутаттыққа кандидаттарды тіркеу қорытындылары туралы айтып, барлық тір­кеу рәсімдері конституциялық нор­маларға сәйкес жариялылық және ашықтық қағидаттарында жүргізілгеніне ерекше назар аударды. Сайлау комиссиялары азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыру үшін қажетті шаралар қабылдады.

Нұрлан Әбдіров ТМД бай­қаушылар Миссиясының басшысы Леонид Анфимовпен кездесу кезінде Қазақстанда сайлауды байқау жөніндегі халықаралық ұйымдардың Миссияларының болуына үлкен мән берілетіні атап өтті. Халықаралық бай­қау сайлаудың адалдығы мен ашықтығын қорғауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ Молдова және Әзербайжан ОСК төрағалары Анжелика Караман және Мазахир Панаховпен кездесулер барысында халықара­лық байқаушылар сайлау заңнамасының жаңалықтарын іске асыру барысына үлкен қызығушылық танытып, ел өңірлерінде жүргізіліп жатқан жұмысқа жоғары баға берді.

Ал дауыс беру күні Қазақстан бойынша сайлау учаскелерінде 41 шет мемлекет пен 12 халықара­лық ұйымнан 793 байқаушы жұ­мыс істеді. Олар республика­ның барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелерінде, сондай-ақ шетелдегі сайлау учаскелерінде Парламент Мәжілісіне депутаттарды сайлау жөніндегі бай­қаушылардың өкілеттіктерін жүзеге асырды.

Делегация өкілдерінің көпші­лігі біздің еліміздегі сайлау үдерістерін байқауға бірінші рет қатысып отырған жоқ. Олар­дың барлығы сайлау үдерісінің жоғары ұйымдастырушылық деңгейін атап өтті. Еліміздің қазіргі заңнамалық базасы қоғам­дық үдерістерді демо­кра­тияландыруға бағытталған саяси реформаларды табысты жүргізуге мүмкіндік береді. Сайлау заңнамасын жетілдіру азаматтардың сұраныстары мен мүдделеріне сәйкес келетін жаңа саяси модель қалыптастыруға өз үлесін қосады. Сондай-ақ олар жаңа нормалар азаматтардың мемлекеттік және саяси институттарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді. Жастар мен волонтерлердің сайлау үдерісінде белсенділігі және жас ұрпақты сайлау үдерісіне тарту жөніндегі бұл тәжірибе басқа елдер үшін жақсы үлгі бола алатындығы жеке тоқталды. Халықаралық байқаушылар сайлау заңнамасының жаңашыл­дықтарын іске асыру барысына жоғары қызығушылық танытып, ел өңірлерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Атап айтқанда, сайлау учаскелерін жақсы техникалық жарақтандыру, дауыс беру үшін, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін жағдай жасау басымдықтарын атап өтті. Нашар көретін адамдар үшін Брайль шрифті, қосымша жарықтандыру, үлкейтіп көру құралы және басқа да қажетті ақпарат болды.

Сондай-ақ кеше ОСК баспасөз орталығында ТМД елдерінен келген сайлауды байқау Миссиясының өкіл­дері брифинг өткізді, оған ТМД Атқару Комитеті, ТМД Парламентаралық Ассамблеясы және ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы өкілдері қатысты. Олар 19 наурызда Парламент Мәжі­лісіне өткен сайлау туралы жалпы әсерлерімен бөлісіп, ТМД Миссиясынан сайлау үдерісіне 196 байқаушы мониторинг жүргізгенін атап өтті.

Байқаушылар елордадағы және еліміздің барлық өңір­леріндегі сайлау комис­сия­ларының жұмысымен танысты. Миссия өкілдері елдегі сайлау ұлттық заңнама шеңберінде және азаматтардың сайлау құқы­ғын іске асыру үшін барлық мүмкіндіктерді қамтамасыз ете отырып өткізілгенін мәлімдеді.

ТМД байқаушыларының пікірінше, Орталық сайлау комиссиясы мен жергілікті комиссиялар заңнаманың талаптарына сәйкес сайлауды әзірлеу мен өткізу үшін қажетті шараларды қабылдап, аяқталған сайлау науқанының жоғары кәсібилігі мен тиісті ұйымдастырушылық деңгейін көрсетті. Байқау қоры­тындысы бойынша ТМД мис­сиясы Орталық сайлау комиссиясына бүкіл сайлау науқа­нын ұйымдастырудың жоғары деңгейі үшін ризашылығын білдірді.

Жалпы, сайлау үдері­сі­нің мониторингі жөніндегі халықаралық сарапшылар сайлаудың барлық кезеңдерінде барлығы ұлттық заңнаманың талап­тарына және еркін және демо­кратиялық сайлауды ұйым­дастыруға және өткізуге қойы­латын, жалпы қабылданған халық­аралық талаптарға сәйкес өтті деп қорытындылады. Олар сондай-ақ өткен сайлау жалпы­ұлттық референдумнан басталған сайлау марафонының шешуші кезеңі болғанын атап өтті.