Хан Тәңірінің етегіндегі өлкеде айлап жаумаған жауын Қожбанбет биге ұрпақтары ескерткіш орнатып, ас берген күні себелей басталып, сәске түсте төгіп-төгіп жіберді. Бұл құбылысты құдіреттің күші демеске әддіміз жоқ. Олай дейтініміз, сол күнгі жауын бөлекше жауды. Әдетте батыстан шығысқа қарай түйдектеле көшетін ақшулан, теңбіл бұлттар осы күні керісінше күншығыстан жөңкіле келіп, Шалкөде жайлауында тоғысып, Алланың нұрын жаудырды. Осы ғаламатқа дәйектеме іздеп, Шалкөдедегі асқа арнайы келген жұлдызшы, табиғаттың тылсым күші мен ауа райын болжаушы Назарбек Қожамсейітті сөзге тартқанымызда ол кісі былай деді: «Райымбек ауданының әкімі Қыдыргелді Медеуовпен кездескенімде ол биыл аудан аумағында құрғақшылық болып тұрғанын айтып, Қожбанбет бидің асына шақырған кезінде: «Алаңдамай еліңе барып, халқыңа сәлем айт. Дәл осы сәттен бастап Нарынқол өңіріне жауын жауса екен деп тілеймін», деген едім. Сол ниетім құдайдың құлағына шалынып, осы өлкеге қарай атбасын бұрып, жолай Қожбанбет бидің бірқатар ұрпақтары тұратын Үйсін тауы баурайына жетіп, Арасанда аялдағанымда жауын тамшылай бастады. Арада бір күн салып Шалкөдеге келгенде мына жауып тұрған жауынды өздеріңіз де көріп тұрсыздар», – деді жайбарақат.
Жалпы, Қожбанбет би кім, деген заңды сұраққа жауап іздесек, бұл бабамыз ХҮІІ ғасырда Аспан таулары аясында өмір сүрген данагөй би болған адам. Өсіп-өніп, артына мол ұрпақ қалдырған жан. Өз атымен аталатын Қожбанбет руы Ұлы жүздің албан еліндегі ең үлкен тайпаның бірі болып саналады. «Жақсы адам – жұрттың ырысы», дегендей бүгінде ұрпақтары 12 атаға жетіп, өсіп-өнуде. Бабаның ертеректегі атақонысы Іле өзенінің бойы мен Үйсін тауы баурайы болған. Оны: «Қорғап тұрар қорғанымыз, Қожбанбет баба – ұранымыз! Қорғасындай қорығанбыз, Үйсін тауы тұрағымыз!» – деген өлең жолдары растайды.
Ұлан-асыр аста Қожбанбет би ұрпақтарының бірі, 85 жастағы Шалкөде ауылының тұрғыны Жамалбек Жақсылықұлы ұрпақ жетістігі туралы, нағашы жұрты атынан келген Алматы облыстық ауруханасының бас дәрігері Мұрат Рахметов бабаның қазақы қасиеті жайлы сөз қозғаса, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі басшыларының бірі болған Айтбай болыстың алмағайып дәуірдің қуғын-сүргінінен қоныс аударуға душар болып, бүгінде Қарағанды облысы, Жезқазған қаласынан арнайы келген 67 жастағы ұрпағы Ілияс Беркінбаев бабаның Ұлытаудағы ұрпақтары жөнінде айтты. Айтбай 16 жасынан бастап 4 рет болыс болып сайланған адам екен. Ол 1916 жылғы Қарқара көтерілісі басшыларының бірі ретінде Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» атты кітабына енген тұлға. Істеген ісі, сөйлеген сөзі, өмір жолы 4-5 кітапқа енген жан болып шықты. Жасы кіші болғандықтан бала болыс атанғаны тағы бар.
Осыдан кейін сөз кезегін көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әділ Ахметов алды. Ол кісі: «Қасиетті Шалкөде жайлауында Сүйерқұлұлы Қожбанбет бабамызға ескерткіш белгі орнатып, бұл игілікті істің басы-қасында жүрген Жаңабай Көлбаев бауырымызға үлкен рахмет айтқым келеді. Қазақта: «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі», деген қанатты сөз бар. Ағайын туыстың басын қосып, жұдырықтай жұмылдырып, үлгі-өнеге болатын іс істеген азаматқа елдің айтары тек алғыс. Осынау игілікті іске шын жұрегімен қуанған адамның бірі менмін. Ел аман жұрт тыныш болсын», – деді.
Айтса айтқандай Жаңабай Көлбаев нақты ісімен ел көңілінен шығып, басшылық қызметте жүріп әбден ысылған, мемлекеттік қызметкер ретінде Елбасының сарабдал саясатына сай әрекет етіп, тыңғылықтылығымен танылған азамат екен. Сондықтан елі осынау игілікті істе оны Қожбанбет би ескерткішін орнату жөніндегі ұйымдастыру комиссиясының төрағасы сайлап үлкен жауапкершілік жүгін артыпты. Қолға алған істің қорытындысын айту үшін сөз етіп отырған азаматты – Алматы қаласындағы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Жаңабай Көлбаевты сөзге тарттық.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты биылғы Жолдауында: «Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», дегені белгілі. Ұрпақтар еншісінде енді осынау мықты қаланған іргетасты бекіткен үстіне бекіте түсіп, өз кезегінде перзенттік парызды адал өтеу ісі тұр. Біле білсек бұл Елбасы ел тәуелсіздігін аманаттаған ұрпаққа артылған зор жауапкершілік. Осы бағыттағы істі бізден кейінгі лек өз мәнінде сақтауы үшін өзінің кім екенін біліп, ұлағатты істі санасына сіңіріп өскені дұрыс. Оған құрғақ ақыл емес, нақты іс жүзіне асырылып, халық көңілінен шыққан Қожбанбет биге орнатылған ескерткіш сынды құндылық қана мұрындық бола алады», деді.
Әсілі, қазақтың асы дала төсінде тұлпарлардың дүбірлі жарысымен жалғасатыны қандай үйлесімді. Дәл осы тұста баса айтар жайт жердің шаңы басылып, бәйге аттарының көсіле шабуларына Табиғат-ананың жасаған жағдайы болды. Сонымен, 30 шақырымдық аламан бәйгеде Алматы қаласынан әкелген шұғыла торы өзге сәйгүліктерден оза шауып, бірінші болып мәреден өтіп, бәйгеге тігілген автокөлікті иесі Жанат Қалиевке мінгізді. Жорға жарысында қарасаздық Жақан Қарақұловтың қарагері тайпала келіп жүлдеге тігілген тоңазытқышты иесіне еншілетсе, құнан бәйгеде Еңбекшіқазақ ауданынан келген Амангелді Дәнештің жирен қасқасы ұшқырлығымен дес бермей, бәйгеге тігілген асыл тұқымды қылқұйрықты иесіне жетелетті.
Нұрбол Әлдібаев,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы,
Райымбек ауданы,
Шалкөде ауылы.