28 Маусым, 2014

Бірлескен іс берекеге бастайды

255 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
060_5715 Ұлы Жібек жолы экономикалық белдеуін құру бойынша ықпалдасу алдағы кезде де тереңдей береді Жақында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы»  АҚ президенті Асқар Мамин «Қытай темір жолдары» корпорациясы басшылығының шақыруымен Аспанасты елінің астанасы Бейжіңде болды. Онда ол «Қытай темір жолдары» корпорациясының бас директоры Шэн Гуанцзумен кездесіп, келелі мәселелер туралы пікір алмасты. Жылы шырайлы бұл жүздесуге Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Нұрлан Ермекбаев қатысты. Алқалы басқосуда негізінен Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың, оның транзиттік әлеуетін еселеп арттырудың, сондай-ақ экономикалық белдеуін құрудың тың қадамдары қарастырылды. Екі ел темір жолдарының басшылары Қытайдың шойын жолдарында жүргізілетін құрылымдық реформалар мен өзгерістерді ескере отырып, таяу уақытта ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды жөн көріп, уағдаласты. «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен «Қытай темір жолдары» корпорациясы аталған құжаттың арқауында қарым-қатынасты қарқындатпақ. Яғни, онда теміржол көлігі саласындағы орта мерзімді кезеңдегі екіжақты ынтымақтастық пен ықпалдасудың тұжырымдамалық бағыты айқын көрініс табады. Бұған қоса тараптар 2013 жылғы тасымал жоспарының орындалу мәселесінің мән-жайын кеңінен талқылап, жай-жапсарына қанықты. Нәти­жесі көз қуантып, көңіл сүйсінтеді екен. Тасы­малданған жүк 19,5 миллион тоннаны құрапты немесе 2012 жылғы көрсеткішпен салыстыр­ғанда 17 %-дан жоғары болыпты. Бұл орайда, тасы­малдау 215 мың контейнерден астам деңгейге жетіпті. Қытайдан Қазақстанға және одан әрі жалғасатын бағыттарға жиырма футтық эквивалентті немесе өсім 27 %-ды көрсетіпті, оның ішінде Қытай – Еуропа бағытындағы контейнермен тасымалдау көлемі 84 %-дық белестен асып жығылыпты. Қазақстандық және қытайлық теміржолшылар арасындағы бірлескен коммерциялық жоба көліктік-логистикалық нарықтың дамуына мейлінше ықпал етіп, серпін бергені анық. Мәселен, биылғы мамыр айында Қытайдың Ляньюнган портында аумағы 21,6 гектарлық көліктік-логистикалық терминал ашылғанын көпшілік жақсы біледі. Терминалда Қытайдың магистралды желісіне шыға алатын қойма орындары жасақталған. Оның бастапқы өткізу мүмкіндігі шамамен жылына 500 мың жиырма футтық эквивалент, тәуліктік түсіріп-тиеу қуаты 10 пойызға жоспарланған. Қазақстандық тарап аталған терминалдың пайдалануға қосылғандығы және Гонконг арнайы әкімшілік ауданында коммерциялық кеңсенің ашылғандығы туралы да қатысушыларға зор қанағаттанғандық сезіммен жеткізді. Тараптар еуразиялық теміржол көліктік дәліздерінің бәсекеге қабілеттілігін ұдайы арттыруға ниеттерін білдіріп, қосымша жүк ағынын тартуға, оңтайлы тарифтік жағдай жасауға, өз елдерінің аумақтары бойынша жүкті жеткізудің жылдамдығын арттыру және қатаң кестелік тармақ бойынша контейнерлік пойыздарды ұйымдастыру шарасын шапшаңдатуды ұйғарды. Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін екі елдің құзыретті мамандарынан тұратын бірлескен жұмыс тобы құрылды. Қытай мен Қазақстан аралығында 2012 жылы пайдалануға берілген Достық – Алашаңқай және Алтынкөл – Қорғас  шекаралық транзиттік өткелдері қазіргі таңда жүк тасымалын тасытып, ырғақты жұмыс істеп тұр. Екі ел шекарасындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы АЭА (арнайы экономикалық аймағы) Қытайдан келетін жүктерді үйлестірудің өңірлік орталығына айналмақ. Көліктік-логистикалық оператор болып табылатын «Қазақстан темір жолы» компаниясы ел аумағында ғана емес, сондай-ақ, шетелдерде де жүктерді жеткізудің  «есіктен есікке дейінгі»  тәртібін түзіп жасақтауға ұмтылып отыр. Осы мақсатта Ақтау портының халықаралық өткізу қабілеті артады. Қосымша барлық көлік түрлерін шоғырландыратын транзиттік теміржол салынады. Сөйтіп, тасымалды оңтайландыруға және жетілдіруге, Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржол қатынасындағы мәліметтерді электронды алмасуды жүзеге асыруды жеделдетуге жаңа технологияларды енгізу іске асырылады. Кездесу қорытындысы бойынша екі ел теміржол басшылары хаттамаға қол қойып, болашақта атқарылатын ауқымды жұмыстарды да саралады. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген міне, осы. Марат АҚҚҰЛ, «Егемен Қазақстан».