Мереке • 21 Наурыз, 2023

Шымкенттегі алып атшабар

301 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі Шымкент қаласында ерекше леппен басталды. Әз Наурыздың айрықша өрне­гімен тойлануының басты се­бебі, мегаполисте бірнеше жыл қатарынан құрылысы жүр­гізілген, қала тұрмақ респуб­лика көлемінде ең ауқымды жо­балардың бірі саналған жаңа ипподром күні кеше ашылды. Осынау қуанышты сәттің Ұлық мерекемен тұспа-тұс ке­луіне байланысты атшабар­да «Наурыз Шымкенттен баста­лады» атты мерекелік кон­церт ұйымдастырылды. Иппо­дромның ашылуын және думан­ды іс-шараны тамашалауға ша­һардың жасы мен кәрісі түгел жиналды.

Шымкенттегі алып атшабар

Атшабардың тұсаукесер рәсімінде аттың құлағында ойнаған қыз-жігіттер қазақтың дәстүрлі қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық ат спорты түрлерінен өнер­лерін паш етті. Содан соң кезек театр­­ландырылған көрініске жетіп, еліміздің әр өңірінің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстік өлкелерінің аты­нан шыққан көш керуені мінбердегі жүздеген көрерменнің алдынан жүріп өтті. Атқа жегілген күйме, әсем безен­дірілген түйелермен маң-маң басып жүріп өткен керуен ішіндегілер әр өңірдің тумалары мен танымал азаматтары және белгілі өнерпаздары мен спортшылары болды. Мәселен, Батыс керуенін елімізге белгілі әнші Т.Асар бастаса, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші А.Балажанова өзінің әсем әнімен соңынан ілестірді. Солтүстік аймақтың керуенінің алдында ән салып шығу танымал эстрада әншісі М.Сәдуақасоваға бұйырды, ал Оңтүстіктің керуенін дәс­түрлі әнші Н.Серікбаева тізгініне алды. Мұнан кейін ат спортының майтал­ман жігіттері акробатикалық тәсілмен бі­рінің үстіне бірі мінгесіп, көк туымызды төбелеріне көтеріп бәйге алаңының көрермен отырған тұсынан алып өтті.

Салтанатты шарада Шымкент қала­сының әкімі Мұрат Әйтенов пен осы алып атшабарды шаһарға тарту ретінде са­лып берген отандық «BI GROUP» құры­лыс компаниясының бас директоры Айдын Рахымбаев құттықтау сөз сөйледі.

Сөз тізгінін бірінші алған компания басшысы А.Рахымбаев «осыдан бір жарым жыл бұрын мегаполис халқына заманауи, халықаралық стандарттарға сай келетін жап-жаңа ипподром салып береміз деп уәде берген едік. Сол уәдемізде тұрып, бүгін міне оның ашылу салтанатын тойлап отырмыз. Біле білсек, бұл Қазақстандағы ең үлкен атшабар кешені болып саналады», деді.

Өз кезегінде қала әкімі М.Әйтенов осынау алып атшабарды өз қар­жысына тұрғызып, сөйтіп, шымкент­тіктердің игі­лігіне пайдалануға тап­сыр­ған «BI GROUP» компаниясының жо­март­тығы мен сауапты ісіне алғысын біл­дірді.

«Наурыз мейрамының қарсаңында ұлттық спорттың дамуына үлкен үлес қосатын заманауи ипподромның ашылуына орай баршамыз бас қосып отырмыз. Біздің бүгінгі қуанышымызға ор­тақ­тасып келгені үшін кезінде Шым­кент­тің, тұтас оңтүстік өңірінің аяққа тұруына аянбай тер төккен еңбек арда­герлеріне, қадірменді ақсақалдарға ал­ғысымды айтамын. Ендеше, Наурыз ме­рекесі баршамызға құтты болсын! Шын мәнінде, бұл оқиға қала тарихында өзі­нің өшпес ізін қалдырары сөзсіз. Ал ип­подромның ашылу салтанатына орай ұлт­тық спорт түрлерінен халықаралық жа­рыс ұйымдастырылатын болады. Оған 1 мыңнан астам спортшы, соның ішінде 126 шетелдік өрен қатыспақ. Ал­дағы уақытта, жаңа ипподром ұлттық ат спортының дамуына, түрленуіне тың серпін беретіні сөзсіз», деді шаһар бас­шысы.

Осылайша, иппадромның ашылу салтанатына ар­налған мерекелік бағ­дарлама соңы жаппай «Қаражорға» биіне ұласты.

Ал ипподромның өзіне келсек, мұн­дағы бәйге алаңы еліміз бойынша ең үлкені. Оның аумағында 1 500 көрер­менге арналған трибуна, ат аренасы бар манеждер, жабық стенд ғимараты, ветеринарлық блок бар және 300-ден астам көлікке арналған тұрақ қа­рас­тырылған. Трибунаның жоғары қа­батында ашық терраса жайғасқан. Ұзын­дығы 2012 метрлік жарыс жолы бірден көзге түседі. Көкпар мен конкур спортына арналған алаңдарға арнайы кварц құмы төселіп, табиғи тастармен безендірілген. Сондықтан сөз жоқ әлем­дік стандарттарға сай салынған ип­­­подром мегаполистегі халықаралық дә­режедегі ұлттық ойын-сауық жа­рыс­­тарын өткізетін үлкен спорт ала­ңына айналып отыр.

Өз кезегінде атшабардағы Ұлыстың ұлы күні «GREAT QAZAQ GAMES» яғни қазақтың ұлттық ойындарымен жалғасын тапты. Осы спорттық жарыс­та еліміздің барлық өңірінен және Түр­кия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қыр­­­­ғызстан, Тәжікстан, Ресей, Сауд Ара­­­­биясы мен Иорданиядан келген спорт­­­шылар бақ сынасады. Олар 3 күн бойына көкпар, бәйге, қыз қуу, теңге ілу, ауда­рыс­пақ, қазақ күресі, дәстүрлі са­дақ ату, жамбы ату, тоғызқұмалақ және өзге де ұлт­тық спорт түрлері бойынша жүлде­ге та­­ласады.

Мәселен, Түркиядан келген спортшы Энис Мустафа Юрдокок тоғыз жылдан бері жамбы атумен айналысады. Бұл спорт түріне деген махаббат досы Елдос Қазақстанға қонаққа шақырған сәттен басталыпты. Спортшының жасы – қазір 65-те. Бірақ соған қарамастан, өзін тың сезінеді және жеңіске деген құл­­шынысы басым. Қазақстаннан жүл­десіз қайтпаймын деп өзіне сенім біл­діріп отыр. Қонаққа жаңадан ашылған ипподром ерекше ұнапты. Ат спортын дамытуға барлық жағдайдың жасал­ғанын көзбен көрген. Өзінің айтуын­ша, Түркияда да ұлттық спорт түрлеріне ерек­ше қамқорлық көрсетіледі. Мемле­кет пен жеке азаматтар тарапынан ұлт­тық спорттың кең етек жаюына, ел ішінде насихатталуына ықылас жоғары. Түр­­­киялық спортшының өзінің де жеке спорт клубы, мектебі бар екен. Ол сонда балаларды жаттықтырумен айналысады.

Сол секілді Муаз Аттамими өзінің серіктесі Абдулла Аттамимимен сонау Сауд Арабиясы жерінен садақ ату жа­­рысынан қомақты жүлде алып кету үшін ат арытып келіп отыр. Жас спортшы Джидда қаласындағы университетте дінтану факультетінде оқиды. Алайда атқа міну, садақ тарту оның қолы бос кезде айналысатын сүйікті ісі екен. Оған көне замандағы батырлардың ізін жалғауға әкесі рухани демеу берген.