Құрылыс • 21 Наурыз, 2023

Жаңа әуежай іргетасы қаланды

867 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Амал мерекесінде Қызылордада жаңа әуежайдың іргетасы қаланды. Жалпы аумағы 7,5 мың шаршы метрден асатын ғимарат құны – 31 млн долларды құрайды.

Жаңа әуежай іргетасы қаланды

– Әуе қатынасы үлкен сұранысқа ие, серпінді дамып келе жатқан саланың бірі. Жолаушылар және жүк ағымын ұлғайту, қызмет сапасын жақсарту үшін әуе­жай­дың жаңа терминалын салу жөнінде шешім қабылданып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Ғимарат Болат Өтемұратов қорының қаржысы есебінен салынады. Ал әкімдік әуежайдың сыртқы инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жетілдіріп, терминал аумағын абаттандыратын болады. Жаңа терминалда жолау­шыларға халықаралық стандарт талаптарына сай барлық жағдай қарастырылған. Аталған жоба өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізіп, әуе көлігі қызметін халықаралық деңгейге жеткізуге, авиациялық қауіпсіздікті кү­шей­туге, жаңа әуе бағыттарын ашуға мүм­кіндік артады, – деді облыс әкімі Нұр­лыбек Нәлібаев.

Жаңа басталған құрылыс басында қоғам қайраткерлері Биғали Қаюпов пен Ибрагим Әбибуллаев жақсы бастамаға жол­ашар тілек айтты. Нысан пайдалануға берілген кезде көлік саласының көрсет­кіштері бірнеше есе артады. Қазір жылына 1400 рейс орындалса, 2025 жылға қарай бұл сан екі есе ұлғаяды. Жолаушы саны 260 мыңнан 500 мыңға жетеді. Ал жүк тасымалы 150 тоннадан 300 тоннаға дейін артады деп болжануда.

Құрылыс кезінде 600-ден астам адам жұмыспен қамтылса, аяқталғаннан кейін 64 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады.

 

ҚЫЗЫЛОРДА