Қоғам • 21 Наурыз, 2023

Ұлыс тойы қоныстойға ұласты

289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жаңа күннен жаңа жыл басталар сәтте Керекуден керемет жаңалық келіп жетті. Онда «әз Наурыз мейрамы қарсаңында қаланың «Қазақстан электролиз зауытының» металлургтері баспаналы болды», делінген. ERG-дің тұрғын үй бағдарламасын сәтті жүзеге асырудың арқасында зауыт басшылығы мамандарға осындай керемет тосынсый жасапты. Ұлыстың ұлы күнімен ілесе келген қуаныштарыңыз құтты болсын!

Ұлыс тойы қоныстойға ұласты

Наурыз мерекесінің қарсаңында кәсіпорынның 50 қызметкері өз үйінің кілтін алды. Олардың қатарында көп­бала­лы және толық емес отбасылар, сондай-ақ өндірістегі негізгі және өнеркәсіптегі ерек мамандық иелері де бар.

– Металлургтер «Отбасы банк» АҚ-ның ERG мамандары үшін арнайы әзір­ленген бірегей бағдарламасы бойынша – бастапқы жарнасыз әрі жалдау-жинақтау тетігімен пәтер алды. Алғашқы 8 жыл ішінде қызметкерлер ең төменгі жалдау ақысымен осы пәтерлерде тұрады. Осы кезеңде олар «Отбасы банкіндегі» депозиттерінде пәтер құнының 50% -ын жинақтауға тиіс. Бұл шарт орындалған кезде, пәтер құнының қалған 50%-ын «Отбасы банк» оларға жылдық 3,5%-тен 5% мөлшерлемемен тұрғын үй займы ретінде бермек. Содан кейін баспана компаниядан сатып алынады. Бұл пәтерлердің құны бүгінгі нарықтағы баспана бағасынан едәуір арзан, дейді білетін мамандар.

«Қазақстандық электролиз зауыты» АҚ бас директоры Андрей Батраченко құтты қоныс иелеріне пәтер кілттерін табыстап, жұмысшыларды ұлық мереке – Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап сөз сөйледі.

– Наурыз – жыл басы. Осы көктемгі мейрам қарсаңында біздің қызметкердің өз шаңырағына кіріп, үйлі болып жатқаны қатты қуантады. Қызметкерлердің өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау – ком­панияның әлеуметтік саясатының ажырамас бөлігі. Біз олардың өмірін ұдайы жақсартуға тырысамыз. Көптен бері кезек күтіп, пәтер кілтін бүгін алғандардың бар­лығына жаңа баспанада бақ пен береке орнасын деп тілеймін, деді ол.

– Жұмыс берушінің мұндай қолдауы баспаналы болуға талпынғандарға үл­кен үміт сыйлайтыны анық. Біз кәсіп­орын­дармен бірлесіп азаматтардың тұр­ғын үй мәселесін жедел шешуге ықпал етеміз. Ал бұл жұмыс беруші тарапынан әлеу­меттік пакетті күшейтудің тағы бір амалы, деді қуаныш жиынына қатысқан «От­басы банк» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Баилов.

Он қабаттан тұратын ғимарат қала­ның ең жақсы аудандарының бірінде орна­ласқан. Жақын маңда жолайрық бар. Инфрақұрылымы жақсы. Жайлы өмір сүруге қажет нәрсенің бәрі таяқ тастам жерде. Мектептер, балабақшалар мен ауру­ханалар тіптен тиіп тұр екен.

Зауыт ұстасы – Елмұрат Пармановтың төрт баласы бар. Ол көпбалалы отбасы ретінде баспаналы болып жатыр. За­уыт­тың іргетасы қаланған сәттен бері осында жұмыс істейді. Алдымен оның құ­­­рылысына қатысса, бүгінде сүйікті кә­сіп­орнынан баспана алды.

– Мен сияқты отбасылар үшін тамаша мүмкіндік. Осы бағдарламаға қатысу бақытына ие болғанымызға өте қуа­ныштымын. Бұған дейін біз қала ма­ңындағы ауылда жалдамалы үйде тұруға мәжбүр болдық. Енді «Өз үйім – өлең тө­сегім бар». Балаларым Наурыз мейрамы қарсаңындағы атаулы сыйлыққа ерекше қуанышты. Енді үш бөлмелі пәтерде олардың әрқайсысының кең де жайлы өз орны болады, деді ұста.

Ал тұрғын үй бағдарламасының шарттары отбасы бюджетіне салмақ бол­майды. Алғашқылардың бірі болып пәтер кілтін алған қойма және қосалқы жұ­мыстар цехының қоймашысы, ерлі-за­йыптар Мөлдір Әбжанова мен Бауыржан Дер­менов те қуанып жатыр. Бауыржан зауытта электр-газбен дәнекерлеуші болып қызмет етеді.

– Зауыт менің және отбасым үшін тек жұмыс орны ғана емес. Кәсіпорын ме­нің жеке тұлға ретінде де, кәсіби маман ре­тінде қалыптасуым үшін септескен үл­кен ұстахана. Мұнда мен жан жарыммен та­ныс­тым, ал бүгін пәтердің кілтін алдым. Ен­деше, Ұлыстың ұлы күнінде ерекше ба­қыттымыз, деді қуанышын жасырмаған Мөлдір Әбжанова.

Соңғы екі жылда «Отбасы банкі» арқылы Еуразиялық топ қызметкерлеріне 485 пәтер сатылған. Оның 79-ы «Қазақ­стандық электролиз зауыты» метал­лург­теріне бұйырған. Осындай игі бағдар­ламаларды жүзеге асыра отырып, ERG қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жалғаса бермек.

Ал «Отбасы банк» өз кезегінде азаматтарды қолжетімді және сапалы тұрғын үймен қамту жөніндегі мемлекеттік сая­сат­тың мақсаттарын үзбей орындай беруді басшылыққа алған.