Қоғам • 22 Наурыз, 2023

Курортты аймаққа бару жеңілдейді: Енді астаналықтарды Алакөлге «Тальго» апарады

714 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысы туристерді өңірге тарту жағынан республика бойынша бесінші орында келеді. Ұлттық статис­тика бюросы таратқан ресми дерекке сүйенсек, 2022 жылдың алғашқы үш тоқсанында аталған облысқа 260 000 саяхатшы табан тіреген. Оның ішінде 200 мыңнан аса турист Алакөл курорт­ты аймағына барған екен.

Курортты аймаққа бару жеңілдейді: Енді астаналықтарды Алакөлге «Тальго» апарады

Жалпы, Шығыс Қазақстан облы­сында туристік саланы дамы­тудың жоғары әлеуеті бар. Бұл аймақ табиғаттың ерекше сұлу­лығымен туристерді өзіне тар­та алатыны белгілі. Сондай-ақ ту­ризмнің барлық түрін дамытуға мүм­кіндік беретін ландшафттың кез келген түрін кезіктіре аласыз. Әрине, олардың ішінде Алакөл курортты аймағының жөні бөлек.

Жоғарыда атап өткеніміздей, был­тыр Алакөлге келушілердің са­ны 200 мыңнан асқан болса,­ биыл бұл көрсеткіш айтар­лық­тай артуы мүмкін. Себебі, биыл­ Алакөл көліне апаратын был­тыр­ғы пойыз жолының барлық бағы­ты сақталады. Сонымен қатар Алакөлге алғаш ­рет «Астана – Достық» бағыты бойын­ша­ «Тальго» пойызын қосу жос­парланып отыр. Бұл туралы жуыр­да «Атамекен» ҰКП алаңында өткен жазғы мау­сым­да жолаушылар тасымалын қам­тамасыз ету мәселелері жөніндегі ке­ңе­сінде айтылды. Жиынға «Қазақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ, «Жолаушылар тасымалы» АҚ және туристік фирмалар мен сала­лық қауымдастықтар арасы­нан­ жұмыс тобының өкілдері қа­тыс­ты.

– 2023 жылы Алакөл бағы­тын­да Астана, Алматы, Шығыс Қазақ­стан және Абай облыс­тарынан 11 маршрут бойынша­ жүру жалғасын табады. Турис­тер­ге ыңғайлы болу үшін алғаш рет­ «Астана-Достық» бағыты бойын­ша «Тальго» пойызы іске қосы­лады. Туристік бизнес өкіл­дері Астанадан Алакөл көліне дейінгі вагондарға қажеттілік барын айтып, «Тальго» форматындағы жүрдек пойызды ұйым­дастыруды сұрады. Өткен жылы барлығы көлге қарай 11 бағыт ұйымдастырдық. Соның ішінде 3 бағыт Астанадан, 5 бағыт­ Алматыдан, 2 бағыт ШҚО мен­ Абай облысынан болды, де­ді­ «Жолаушылар тасымалы»­ АҚ бас директоры Жәнібек Тайжанов.

Былтыр Алакөл жағалауына теміржол көлігімен 243 мың жолау­шы жеткізілген. Еліміз бо­йын­ша ең көп сұраныс еліміздің оң­түстік аймағынан түскен. Атап айтқанда, 2022 жылы оңтүстіктен Алакөлге 118 мың адам барған. Солтүстік аймақтан 72 мың жолау­шы тасымалданса, ШҚО-дан – 52 мың. 2023 жылы жолау­шылар орындарының санын 6%, яғни 276 мыңға дейін ұлғайту жос­парланған. Бұл – өткен жыл­мен­ салыстырғанда 6%-ға немесе 16 мың орынға артық көрсеткіш.

Сонымен қатар туроператорлар үшін туристерді тасымалдау­ды қамтамасыз ету мақсатында пойыз жөнелтілгенге дейін 180 тәуліктен бастап коммерциялық пойыздарға билеттерді ерте брондау тәртібі қолданыла бас­тайды.

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынба­са­ры Мақсат Қиқымов 2022 жылы бірқатар мәселе шешіл­ге­­ніне қарамастан, бизнес­те әлі де пробле­малар бар екенін атап өтті. Негізінен туристік на­рық­ вагондардың сапасы,­ ауа бап­та­ғыш­ жүйесімен жаб­дық­таудың бол­мауына қатысты ша­ғым айт­қан. Жолаушылар пойыз­дары бо­йынша вагон паркін жа­ңарту, туристік кластағы пойыз­дарды қалыптастыруға қажет­ті­лік­ бар.

«Алакөлдің шығыс жаға­ла­уына дейінгі автожолдар әлі де жөнделіп жатыр. Әуе билет­терінің жоғары баға саясатын және әуе рейстерінің шектеулі санын ескерсек, туристер үшін ең оңтайлы қозғалыс тәсілі – темір­жол қатынасы болып қала береді. Көліктің бұл түріне сұра­ныстың артуына байланысты жыл­дан жылға бағыттар санын көбей­туді қажет етеді», деді Мақсат Қиқымов.

Қазақстан туризм ин­дус­триясы қауымдастығының төр­­айымы Мунирам Ахметова тур­­бизнес атынан «ҚТЖ» ҰК» АҚ тарапынан шешуді талап ететін бірқатар мәселені ұсынды.

«Алакөл көліне жолау­шы­­лар­ды тасымалдауды қам­тама­сыз етуді жақсарту жө­нін­­­дегі мәселелердің ішінде мы­на­ларды ерекше атап өткім келеді: пойыз қозғалысының кестесін оңтайландыру, ескі вагондарды жақсарту, ауыс­ты­ру­ және кондиционерлермен жаб­дықтау жөніндегі жұмысты жал­ғастыру, Шымкент және Павлодар қалаларынан Алакөлге, стан­саға немесе кенттерге рейстерді жал­ғастыру, билет сату бойынша кас­са ұйымдастыру», деп атап өтті Мунирам Ахметова.

Туризм департаментінің басқарушы директоры Дамиля Құнанова өткен жылы туропе­ра­торлар үшін ерте брондау қағи­да­ларын бекіту бойынша жұмыс тәжірибесін ескере отырып, интермодальды тасымалдауды дамыту жөніндегі жұмыс тобын құруды ұсынды.

Бұл ұсынысты «Жолаушылар тасы­­малы» АҚ қолдап, ал­дағы уа­қытта Шымкент, Пав­лодар, Өске­мен, Қызылорда қала­лары­нан­­ жер­гілікті әкімдіктер, авиа жә­не­ авто­бус ұйымдарымен бір­ле­­­сіп интермодальдық тасымалдар­ды қалыптастыру жөніндегі жобалар қаралатынын хабарлады.

Сонымен қатар Жәнібек Тай­жа­нов «Жолаушылар тасымалы»­ АҚ әкімдіктермен, әуе компа­­нияларымен және автотасы­мал­даушылармен бірлесіп Шым­кент, Павлодар, Өскемен, Қызыл­орда қалаларынан Алакөл бағы­тын­да интермодальды тасы­мал­­дауды (көліктің екі немесе одан­ да көп түрімен тасымалдау) қалыптастыру мәселесін қарай­ты­нын атап өтті.

Жиынды қорытындылай келе, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас­ директоры туристерді тасымал­дау­ды қамтамасыз ету бойынша­ бір­лескен жұмысқа белсенді қатыс­қаны үшін қатысушыларға алғы­сын білдірді, сондай-ақ бар­лық айтылған мәселе мен ұсы­ныстар компанияның бақы­ла­уын­да болатынына сендірді.