Отбасы • 21 Наурыз, 2023

Бес баланы бауырына басқан ана

20028 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың әрбір қанатты сөзінен бір даналық табасыз. Не сөйлесе де өмірде түйгенін, жақсы мен жаманның парқын білгендіктен айтқан. «Жетім көрсең, жебей жүр» деген әдемі бір нақыл бар. Халқымыз ежелден бұл өсиетке адал болды. «Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған» ел болғаны­мыз тарихта қалып, әлі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай келеді. Рас, өткен мен бүгінгі күн салыстыруға келмейді. Қазақ­тың басынан өткен қилы-қилы тағдыр­лар, қала берді жаңа ғасырдағы жаһандану үдерісі ұлтымыздың дархан көңіліне көлеңкесін түсірмей қоймады. Дегенмен қоғамда әлі де пейілі кең, жомарт жүректі жандар баршылық. Жетімдерді панасына алып, бар жақсылығын аямайтын мейірбанды кісілер міне солар. Бірақ олардың көпшілігі өзінің сауапты ісін жария етуді қаламайды.

Бес баланы бауырына басқан ана

Кейіпкеріміз Эльмира Жұмабаева да жарнамалауды ұнатпайтын жандардың қатарынан болып шықты. Қолқалап қоймаған соң отбасылық шежіресінен сыр ақтаруға келісті.

Ол қазір тоғыз баланың анасы. Төр­теуі өз бала-шағасы. Қалған бесеуін асы­рап алған. Бұл жалғанда әр пенденің тағдыры әрқалай болып келеді. Алла біреуге ұзақ ғұмыр, бақытты шақ берсе, енді бірінің өмірі қысқа түйінделеді. Әрине бұған пенденің жазығы жоқ. Сол баяғы «бір кем дүние» ғой.

Күтпеген жерден абысыны – қайнысы­ның әйелі дүниеден озады. Небәрі 29 жас­­та еді. Артында еңіреп жан жары мен бес баласы қалады. Күйеуі байғұстың да денсаулығы мүшкілдеу-тін. Кенеттен кел­ген ажал Эльмираның төбесіне жай түсір­гендей болды. Бүкіл отбасы, тұтас әулет қайғырды. Қайғыдан қара жамылып, аза тұтты. «Тірі жан тіршілігін қылады» демекші, Эльмира тез ес жинап, шұғыл шешім қабылдап, балаларды ешкімге жаутаңдатпай өз қамқорлығына алды.

Көп ұзамай марқұм анасының артынан әкесі де бес баласын қиып кете барды. Ауырса да көз алдыларында тірі жүре тұрса болар еді деген арман Эльмираның жүрегін көпке дейін сыздатып жүрді. Бірақ тағдырдың басқа салғанына не шара?

Жетім бес баланың марқұм ата-анасы Эльмираға бөтен емес-тін. Әкелері туған қайнысы болса, шешелері келіні. Туған сіңлісіндей болып кеткен келінінен айырылып қалғанда Эльмира үшін басқа өмір басталды. Ол енді өзінің туған ұл-қыздары үшін емес, көздері жәудіреген бес балапанның болашағы үшін де тағдырмен айқасқа түсті. Осы бір Құдайдың басқа салған ауыр сынағын жары Хасен де бірге көтерісіп, жанына жалау бола білді. Өмірдің қандай соқпа­ғына жолықса да екеуі бір-бірін жал­ғыз тастаған кездері болмаған. Тоғыз ба­ла­ны тұмсықтыға шоқыттырмай, қанат­ты­ға қақтырмай, ешқайсысын бөліп-жар­май бір әке, бір шешенің ұл-қызындай ұйым­шыл етіп өсіріп отыр. Сүйсінбеске амал жоқ.

«Балалардың анасы қайтыс болғанда үлкені сегізде, кішкентайы бар-жоғы төрт айлық шақалақ еді. Емізулі баланы қарау оңай емес. Түн ұйқымды төрт бөліп, бала-шағаммен жабылып жүріп, Құдайға шүкір, адам қылып өсірдік. Екі қызыма рақмет. Солар көп көмектесті. Кәдімгі қолқанатым болды. Әйтпесе бір өзім не істей алар едім. Өз бала-шағамды қойып, сол бесеуін бір бөлмеде алып жататын едім. Анасы марқұм тірі кезде де балалар мені жатырқамайтын. Өйткені алғашқы кезде екі келін болып бір үйде тұрдық. Сол кезде қайнымның бала-шағасын да қосып қарай беретінмін. Содан мен оларға өз шешесіндей болып кеттім. Тіпті аналары байғұс «сендердің мамаларың осы» деп күлімсіреп, көңілімді аулайтын. Мен болсам «жоқ, қайдағы, әркімнің өз шешесі өзіне деп» міз бақтырмайтынмын. Сонда тағдырының не болатынын іштей сезген екен ғой. Келінім дүниеден өткен соң қайныма бірден кесіп айттым: «балаларды өзім қараймын, ешкімнің алдында жылатқым келмейді. Егер алда-жалда басқаға үйленем десең, оны өзің білесің. Жеке өміріңе араласпаймын. Бірақ балаларды біреудің қолына қаратуға дәтім шыдамайды», дедім. Ол да денсаулығына байланысты әрі балаларын ойлап, ондай ниетте еместігін сөзінен аңғартты. Алайда қайнымның да дүние талқаны таусылып тұр екен. Осыдан екі жыл бұрын одан да айырылып қалдық. Биыл бес баланы бауырыма басқаныма сегіз жыл болыпты», деді Эльмира Жұмабаева.

Сол бес баланың үлкені қазір он алтыға толды. Жоғары сынып оқушысы. Келе­шекте ІТ саласы бойынша маман болғысы келеді. Одан кейінгісі қыз. Мектептің 8-сыныбында оқиды. Анасының айтуынша, химия, биология пәнін ерекше жақсы көреді. Мүмкін болашақта дәрігер болар, кім білсін? Үйдің шаруасына көмектеседі. Әсіресе әртүрлі тәттілерді пісіргенде алдына жан салмайды. Қолы шебер. Кейінгі үшеуі ұлдар. Алтыншы, төртінші, екінші сыныптың оқушылары. Үшеуі де футбол секциясына қатысады. Доп тепкенді жандары сүйеді. Тағдыр маңдайларына жазса, өскенде бәлкім мықты футболшы болып шығар.

Уақыт – емші. Кеше ғана тәй-тәйлап жүрген кішкентай балалар бүгін анасы­ның көз қуанышына айналып, құлындай құлдыраңдап, желкілдеп өсіп келеді. Ата-­анаға бұдан артық бақыт бар ма? Әрі уақыт шіркін зымырандай тез өтіп ба­ра­­ды. Кейіпкерімізге қиналған күндер күні кеше сияқты еді. Қараса, соның өзі­не сегіз жыл уақыт зымырап өте шығып­ты. Ана­сының енді бар арманы сол бала­пан­­дарын оқытып, қолдарына бір-бір маман­дық әперіп, әрқайсысын бөлек шаңырақ ету.

Ал біздің қосарымыз «Қой егіз туса, бір түп жусан артық шығады». Сондықтан әр бала дүниеге өз несібесімен келеді. Әке асқар тау, шеше мөлдір бұлақ. Осы екеуі аман тұрғанда балаларға келер уайым-қайғы жоқ.

 

ШЫМКЕНТ