Мереке • 22 Наурыз, 2023

«Қазмедиадағы» ақшаңқан ауыл

290 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарихи тамыры тереңге бойлаған Наурыз мейрамын журналистер қауымы да сән-салтанатымен тойлады. Астанадағы «Қазмедиа» орталығында ұйымдастырылған Наурыз тойында бұқаралық ақпарат құралдары ұжымы киіз үй тігіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеді.

«Қазмедиадағы» ақшаңқан ауыл

Айтулы мерекеге Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысып, жи­нал­ғандарды мейраммен құттықтады.

– Баршаңызды жер жарылып көк шыққан, көк жарылып күн шыққан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Іргемізден аттаған Қоян жылы жақсылықтың, берекенің, тазалықтың жылы болсын! Жаңа жыл ырыс-береке, молшылық әкелсін! Наурыз – біздің төл жаңа жылымыздың бас­тауы, жаңғыру мен жаңа өмірге ұмтылудың нышаны. Күн мен түн теңеліп, жарық қараңғыны жеңген, ел шаттыққа кенеліп, жылу суықты жеңген бұл қасиетті мереке – бабаларымыздан қал­ған мирас, көнеден қалған дәс­түр. Табиғатты түлетіп, тіршілік­ті шуақ­қа бөлейтін көктем мере­кесін күллі жұрт асыға күтетіні белгі­лі. Халқымыздың ежелгі жыл есебі – үлкен ұлттық мәде­ниет пен өнегесі мен тағылымы мол тарихымыздың айғағы. Мемле­кет басшысы «Нау­рыз мей­рамын атап өту тұжы­рым­дамасын жасап, көктем мере­кесінің мазмұнын байыта түскен жөн» деген еді. Бұл оң бастама әз Наурызды ұрпаққа өнеге, әр сәті елге пайдалы болатын игілікке айналдырды, – деді Д.Қыдырәлі.

Сондай-ақ ол сөз арасында, министрлікке қарасты ұжым­дар сайлау кезінде түрлі әлеу­меттік зерттеулер жүргізіп, сал­мақты саяси сараптамалар жа­сағанын, «Qazaqstan», «Хабар» телеарналарында түрлі дебаттар ұйымдастырылып, тұңғыш рет 17 сағатқа созылған онлайн марафон өткенін айтты. Яғни елдегі саяси науқан уақытында жаңалықтар жедел таратылып, журналистер жарғақ құлағы жастыққа тимей жақсы жұмыс атқарғанын ерекше атап өтті.

– Тарихи кезеңде осындай іргелі істердің өтуіне атсалысқан ақпарат саласында жүрген барша әріптестерімізге және министрлікке қарасты барлық ұжымға алғыс ризашылығымды білдіргім келеді. Сіздердің қажырлы қызметтеріңіз бен сүбелі үлестеріңіз қандай құрметке болса да лайық. Бүгін, міне, барша әріптестеріміз пандемиядан кейін алғаш рет бас қосып, министрлікке қарасты ұйымдар, қанаттас мекемелеріміз арнайы киіз үй тігіп, Наурыз мейрамының көркін асырып, тамаша іс-шара ұйымдастырып отыр. Ұлттық нақышпен киім киген азаматтарымыз бен көктемдей құлпырған қыз-келіншектеріміз мерекенің сән-салтанатын келтіріп, жарасымын арттыра түскендей. Біздің министрлік азаматтық қоғамның дамуына жауапты болғандықтан, қастерлі құндылықтарды ұлық­тап, көпке үлгі-өнеге көрсетуі заңды­лық деп білеміз. Мейрамға орай ұйымдастырылатын іс-шара­лар, спорттық жарыстар ұжым­ның ынтымағын, ауызбірлігін арттыра түседі деп сенеміз. Ізгі дәстүрлерімізді қастерлеп, береке-бірлігімізді нығайтар тағы­лымды жиындар көп болсын, – деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі.

«Қазмедиа» орталығының бі­рін­ші қабатында ұйымдасты­рыл­ған Наурыз мейрамында әр­бір ұжым өз киіз үйлерін тігіп, мол дастар­қан­ға ұлттық тағам­дарын қойды. Мәселен, Конфес­сияаралық және өркениетаралық диалогті дамыту жөніндегі Н.Назар­баев орталығы «Қоғамдық келісім» РМУ және Этносаясаттану институты бірлесіп тіккен «Бейбітші­лік ауылы» киіз үйінде Бейбітші­лік пен келісім мұражайының құнды жәдігерлері қойылған. Мұражайдың бірегейлігі оның композицияларының ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан аумағында бейбітші­лік, келісім және өркениеттер мәдениеті құндылықтарының қалыптасу және даму тарихын толық бейнелеуінде.

Санаулы сағат ішінде қазақ ауылына айналған орталықта ұлтымыздың салт-дәстүрлері дәріптеліп, әдет-ғұрыптары «Тұсау кесу» мен «Жол таңдау» көр­сетілді. Сондай-ақ «Арқан тарту», «Асық ату», «Ләңгі тебу», «Қол күрес» секілді ұлттық ойын­дардан сайыстар да ұйымдас­тырылды. Іс-шарада «Сарыарқа» ха­лық аспаптар ансамблінің орын­­дауында сыбызғы, сазсыр­най, при­мақобыз, нарқобыз, қы­лқо­быз­да «Ыңғайтөк», Құр­ман­­ғазының «Балбырауын» күйі, «Адай» шы­ғар­малары орындалды.

Кейін министр орталықтағы «Хабар» арнасының құрған киіз үйінде қонақ болып, бүлдіршін­нің тұсауын кесті.

Ұлыстың ұлы күніне ар­нал­ған ұлағатты іс-шараға «Қазақ газеттері» серіктестігінің ұжымы да ерекше үлес қосты. Ұлт басылымдарының бас егесі бұл жолы Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігіне қарас­ты «Ақпарат және талдау» орта­лығы, «Қазмедиа» орталығы және «Қазконтент» акционерлік қоғамымен бірлесіп ақшаңқан қазақ үй тіккен болатын. Сән-салтанаты жарасқан алаңда әуезді әсем ән шыр­қалып, күмбірлеген күй тың­дал­ды.

Айтпақшы, «Қазақ газеттері» серік­тестігінің ұжымы келуші­лерге ерекше сый жасады. Мереке қонақтары арнайы қойылған 3D принтері арқылы асықты басып шығаруға куә болды. Алғашында озық технология көмегімен қол­ма қол жасалған асықты қызық­таушылар қарап тұрмай, дәстүрлі асық ойынына кірісіп те кетті.

Осы­лай­­ша, журналистер қауымы Наурыз ме­ре­кесін сән-салтанатымен атап өтті.