02 Маусым, 2010

АҚЖАЙЫҚТАҒЫ СПОРТ МЕРЕКЕСІ

528 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ БЕЛГІСІНДЕЙ БОЛЫП ӨТТІ Орал өңірінде қалың көпші­лік­тің қолдауына ие болып, дәстүрлі шараға айналған сайыстың бірі – халықтық спорт ойындары. Газе­ті­мізде бұған дейін хабарлан­ға­нын­дай, “Ақжайық” футбол ко­ман­дасы стадионында ІV Халық­тық спорт ойындары салтанатты жағдайда ашылды. Оған Батыс Қа­зақстан облысы әкімінің орын­ба­са­ры Серік Сүлеймен, Батыс Қа­зақ­стан облысының туризм, дене шынықтыру және спорт бас­қар­масының бастығы Мүсілім Оңда­ғанов қатысты. Бұл күні стадион халыққа лық толды. Әр ауданнан өз командасына жан­күйер бола кел­ген жұртшылықта есеп бол­ма­ды. Нағыз спорт ме­ре­кесі осын­дай-ақ болар! Қа­зақстан Азамат­тық альянсының “Бірлігіміз жа­рас­қан!” акциясы аясындағы шара өте жоғары деңгейде ұйым­дас­ты­рылған. Әр ауданнан келген ко­мандалар өздері тіктірген киім үлгі­лерін киіп шыққанда, кішігірім олимпиадаға қатысып отырғандай әсер алдық. Қазақстан Республикасының Президенті жүл­десі үшін өтетін респуб­ли­ка­лық халықтық спорт ойындары биыл шілде айында Орал қала­сын­да жалауын көтереді. Оралдықтар осы же­тістікке спорт­тағы табыстары ар­қылы қол жеткізді. Спорт — денсаулық кепілі. Спорт  адамды күштілікке, епті­лік­ке, сонымен қатар бауыр­мал­дық пен ізгілікке тәрбиелейді. Спорт  бірлікті нығайтады, ортақ мақсат пен мүддеге жұмылдырады. Ал “бірлік бар жерде тірлік бар” екені белгілі. — Ақжайық өңірін мекендеген ұлт пен ұлыстардың бірлігі, татулығы осындай игі шараларда топтасу арқылы нығая түседі. Сондықтан мұндай спорттық мерекенің маңызы зор. Жыл өткен сайын халықтық спорт ойындары дәстүрге айналып, спортшылар­дың қатарын көбейте бастады. Бұл біздің саламатты өмір салтын ұста­на бастағанымызды көрсетеді. Дені сау халық қана әлемде әр­түрлі сала бойынша бәсекеге түсе алады. Дені сау халықтың ғана бо­лашағы жарқын, – деді Серік Кенжебекұлы. Бұдан соң ұйымдастыру коми­теті атынан барлық жарысқа қа­ты­сушыларға кәдесый табыс етілді. Салтанатты шара соңы облыстық халық шығармашылығы орталығы дайындаған концерттік бағдарла­ма­ға ұласты. Мерекелік отшашу да шараның салтанатын асыра түсті. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы.