Экология • 25 Наурыз, 2023

«Бурабай» ұлттық паркінде көл бетіндегі мұз тазартылды

437 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторлары Щучье-Бурабай курорттық аймағындағы көлдердің бетіндегі мұзды тазалап, 3 тоннадан астам қоқыс жинады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Бурабай» ұлттық паркінде көл бетіндегі мұз тазартылды

«Таза мұз» акциясы аясында ұлттық парк қызметкерлері балықшылар мен туристер қалдырған қоқыс күн жылыған кезде суға түспеуі үшін көл бетіндегі мұзды тазалап, демалушыларға профилактикалық әңгіме жүргізеді.

Бурабай, Щучье және Кіші Шабақты көлдерінің бетіндегі мұзайдынды тазарту акциясы соңғы рет биыл 24 наурызда өтіп, оған Бурабай, Ақылбай, Бармашы орман шаруашылықтарының 45 инспекторы мен жергілікті әуесқой балықшылар қатысты. 35 кг-нан астам қоқыс жиналды.

– Ұлттық саябақ көлдерінің ихтиофаунасы биыл қысты қалыпты өткізді. Жүкей мен Қотыркөлден басқа көлдерде еріген оттегі деңгейі төмендеп, аэрация шаралары жүргізілді. Ұлттық парктің инспекторлары суды  оттегімен қанықтыру үшін 12 рет ойық ойды. Қазір жағдай тұрақты. Көктем жақын қалғандықтан, инспекторлар балық уылдырық шашатын, суда жүзетін және су маңын мекендейтін құстардың ұя салатын жерлерін қорғауға көңіл бөле бастады. «Таза мұз» акциясын өткізу дәстүрге айналған, оған ұлттық парк қызметкерлерімен қатар, жергілікті әуесқой балықшылар, демалушылар, жергілікті тұрғындар атсалысады. Баршаңызды осылай қоршаған ортаны тазалауға шақырамыз! – дейді инженер ихтиолог Максим Пак.

«Бурабай» ұлттық паркі ұжымы 23 көлдің экологиясын бақылайтынын айта кетейік. Олардың ішіндегі ең ірі бесеуі – Щучье, Бурабай, Үлкен және Кіші Шабақты, Қотыркөл көлдерінің мұз жамылғысының ауданы 10,5 мың гектардан асады.