Футбол • 26 Наурыз, 2023

Алғашқы ойындағы жеңіліс

252 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпио­натының іріктеуі матчын сәтсіз бастады. Елордадағы «Астана Арена» стадионында өткен алғашқы ойында жерлестеріміз ФИФА рейтингінде 64-орында тұрған Словения футболшыларымен жолығып, қолда тұрған жеңісті уысынан шығарып алды.

Алғашқы ойындағы жеңіліс

Могамед Адиев шәкірттерінің Ұлттар лигасындағы сәтті мау­сымынан кейін Қазақстанның футбол жанкүйерлері биыл да жасыл алаңдағы жігіттердің жі­герлі жеңісінен дәмелі еді. Өкінішке қарай, еліміздің түкпір-түк­пірі­нен осы матчқа арнайы кел­ген стадиондағы 27 мыңнан аса жанкүйердің де, теледидар арқылы тамашалап, тілекші болған миллионнан аса көрерменнің де бұл жолы үміті ақталмады. Словения – «Астана Аренада» жеңіле салатын Словакия емес, ал қазақ футболын ұшпаққа шығарады деген Адиев – қаһарман емес екен.

Еуропа чемпионаттарының кейінгі екі іріктеу кезеңіндегі жерлестеріміздің өнеріне көз жү­гіртер болсақ, ұлттық құрама ұландары екі ретінде де алғашқы ойында қарсыластарынан ұпай алғанын байқаймыз. Мәселен, 2014 жылдың қыркүйегіндегі бірін­­ші кездесуде «Астана Аре­нада» Латвия футболшыларымен тең түскен болса (0:0), 2019 жыл­дың наурызында Шотландия құ­р­а­масын 3:0 есебімен тізе бүк­тіріп, айды аспанға бір-ақ шы­ғар­ған еді. Бірақ статистика әр­дайым бір құрамаға сәттілік әкеле бермейді. Бұған Қазақстан ұлттық құрамасының биылғы іріктеудегі алғашқы матчының есебі дәлел болмақ.

Словениямен өткен матчқа тоқталар болсақ, бірінші тайм­да Қазақстан құрамасы нәти­же көрсету жағынан алда бол­ғанымен, статистика бойынша ба­сымдық толығымен Словения құрамасында болды. Қонақтар алғашқы 45 минутта көбірек допқа иелік етіп, Игорь Шацкий қорғаған қақпаға бірнеше қауіпті соққы жасады. Дәлірек айтар болсақ, словениялықтар алғашқы таймда допты 62 пайыз өз бақылауында ұстап, біздің қақпаға 6 мәрте соққы жасады. Оның үшеуі дәл ба­ғытталған соққылар. Қырағы қақпашы Игорь Шацкий үш ре­тінде де мықтылығымен дараланып, қақпасын голдан аман сақтап қалды. Ал Қазақстан құрамасының футболшылары 38 пайыз доппен жүрсе де, үш соққы жасап, соның біреуін голға айналдыра білді.

Кездесудің 24-минутында биыл «Ақтөбе» сапында нәти­желі ойын көрсетіп жүрген (чем­пионаттың үш матчында төрт гол соққан) 20 жастағы шабуылшы Максим Самородов мергендігімен көзге түсіп, ұлттық құрамадағы дебюттік голын соқты. Ян Во­роговскийдің сол қапталдан бір-екі ойыншыны алдап өтіп, әуелете асырған пасынан кейін Самородов даңқты қақпашы Ян Облактың қақпасына баспен тамаша гол соқ­ты. Словения құрамасының бойшаң қорғаушылары бұл сәтте Максимді назардан тыс қал­дырды. Айтпақшы, Ян Облак «Ас­тана Арена» стадионында осымен екінші рет қақпа күзетті. Бірінші мәрте ол 2015 жылы елор­­даның «Астана» клубы Чем­пион­дар лигасының топтық кезеңінде ойнағанда Испанияның «Атлетикосымен» бірге Астанаға келген-ді. Сол жылы Жуниор Ка­бананга мен Патрик Твумасидің тепкен доптарын қайтара білген Облак бұл жолы Самородовтың соққысынан кейін сан соғып қалды.

Сондай-ақ Максим Саморо­довтың ойынның алғашқы минут­тарында-ақ есепті ашатын жақсы мүмкіндігі болған еді. Алайда допты ашық тұрған әріптесіне бе­руден гөрі өзі соққы жасауға ты­рысқан жас ша­буыл­шыға бұл жерде аздаған сәт­тілік жетіспеді. Десе де, ұлт­тық құрамадағы тә­жірибесінің аздығына қара­мастан, осындай жауапты сәтте өзі соққы жа­сауға тырысқаны, жас болса да жауапкершілікті сезінгені қуантады. Әдетте мұндай сәтте кей футболшылар доптан тезірек құ­тылғысы келіп тұратынын жиі байқаймыз.

Жалпы, ұлттық құрамаға Адиев келгелі жігіттерде өз-өзі­не деген сенімділік пайда бола бас­тағаны байқалады. Бұрынғыдай жа­уапкершіліктен қашып, доп­ты беталды тебе бермейді. Бай­қасаңыздар, біздің футболшылар тіпті, өз қақпамыздың алдында да пас алмасатын дәрежеге жетті. Әрине, сенімділік болған жерде нәтиже де болатыны айтпаса да түсінікті жайт.

Ойынға оралар болсақ, бірінші тайм аяқталар тұста Словения футболшылары белсенділігін арт­­тырып, үзіліске тең есеппен шығуға тырысып бақты. 37-минутта Игорь Шацкий Жан Целардың гол соғуына мүмкіндік бермесе, арада бес минут өткенде Ита­лия­ның «Удинезе» клубында ой­­найтын Яка Бийолдың жой­қын соққысын қайтарып, жан­күйер­лердің қошеметіне ие болды. Сөйтіп, бірінші тайм 1:0 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына аяқталды.

Екінші тайм басталысымен Словения футболшылары жылдам гол соғып, таразы басын те­ңестіріп кетті. Ойынның 47-минутында 23 жастағы Адам Гнезда-Черин бұрыштамадан гол соқты. Қарсыластардан мұндай қар­қын күтпеген алаң иелері біраз абдырап қалды. Қазақстан фут­бол­шыларының ойыны жүрмей жатқанын байқаған қонақтар шабуылын күшейтті. 70-минутта алаңға тыңнан қосылған Жан Випотник 78-минутта мергендік танытып, Словенияны есепте алға шығарды. Магомед Адиев тең нәтижеге қол жеткізу үшін ойынға үш жылдан кейін ұлттық құрамаға оралған Бауыржан Исламхан мен ЦСКА ойыншысы Бақтиер Зай­нутдиновті шығарғанымен, бәрібір Словения құрамасынан ұпай ала алмадық. Қорытынды есеп – 2:1.

Осылайша, Қазақстан құра­масы Еуро-24 турниріндегі ал­ғашқы ойынында жеңіліп қалды. Жер­лестеріміз топтағы екінші ойы­нын кеше газет беттеліп жат­қанда «Астана Аренада» Қа­тар­­дағы әлем чемпионатының топ­тық кезеңінде ойнаған Дания құ­­рамасымен өткізіп жатты. Бұл ойынның қорытындысын га­зе­тіміздің ертеңгі санынан оқи аласыздар. Бірінші турды Дания футболшылары өз алаңында өткізіп, Финляндияны 3:1 есебімен жеңген болатын.