Бизнес • 27 Наурыз, 2023

Күркетауық бизнесінің күрмеуі

449 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Күркетауық еті өндірісінің келешегіне қауіп төніп тұр. Мемлекеттік қолдау мен субсидия тоқтап қалса, 150 адамды жұмыспен қамтып отырған павлодарлық кәсіпорын жабылып тынуы ғажап емес. Субсидия төлеудің жаңа шарттары фабрикаға жылма-жыл бөлініп келген демеуқаржыны екі есе азайтқан. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта оны тіпті тоқтатып тастауды жоспарлап отырған көрінеді.

Күркетауық бизнесінің күрмеуі

«Субсидия тоқтаса, күніміз не болады?» деп алаңдаған «Turkey PVL» ЖШС ұжымы Үкіметтен демеуқаржыны төлеу тетіктерін бұрынғы күйін­де қалдыруды сұ­рап отыр. Күрке­тауық еті әлеуметтік маңыз­ға ие азық-түлік себетіне енбейтіні белгілі. Дей тұрғанмен бүгінде оны Қазақ­­стан бойынша небәрі екі фабрка – Павлодардағы «Turkey PVL» және Түркістан облысындағы «Ордабасы құс» компаниялары өндіретінін ескер­ген абзал. Соңғы аталған кәсіп­орынның да жағдайы мәз емес.

Керекудегі күркетауық етін өндіретін кәсіпорын бұдан бі­рер жыл бұрын мемлекет­тің қолдауынсыз, өз бетінше банк­терден несие алып ашылған. Компания басшысы Ербол Досы­баевтың сөзіне сүйенсек, жаңа өндірісті құруға 3,5 млрд теңге жұмсалыпты. Цех жылына 8 мың, ал күніне 30 тон­наға дейін өнім шығаруға қау­қарлы. Бірақ бұл үшін еңбек ұйымына кеңею қажет. Жаңадан қосымша инкубатор мен 9 құс қорасы салынса, өндіріс ұл­ғая­ды. Бұл жоба-жоспарды өмір­шең етуге компанияның қар­жылық мүм­кіндігі жеткіліксіз. Сондықтан бар үміт – мемлекет көмегінде. Оның үстіне жаңа­дан қабылданған субсидия талаптары бойынша кәсіпорында жылына 20 мың тонна­ күркетауық еті шығарылуы керек деп жазылған. Ал кәсіпорын жылына небәрі 2,5-2,7 мың тонна ет береді. Субсидия талаптары 5 мың­ тоннаға дейін азайтылғанның өзінде серік­тестікке қазіргі өн­дірісті екі есе өсіру міндеттеледі. Ондай көрсеткішке қол жет­кізу демеуқаржысыз ойға сый­май­тын дүние деп санайды Ербол Кәрібекұлы. Сондықтан бұ­рын төленіп келген субсидия нормативтері қайтарылып, даму­ға мүмкіндік берілсе абзал. Кәсіпорында қаржы пайда болса, жаңа инкубатор тұр­ғы­зылып, кеңеюге деген үміт пайда болар еді дейді ондағылар.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқарма­сының мәліметінше, бұған дейін кәсіпорынға асыл тұқымды шаруашылықты дамыт­қаны, өндірісті ұлғайтқаны және өнім сапасын арттырғаны үшін күркетауықтың әр килосына 200 теңгеден субсидия төленіп келген. Субсидиялау нормативтері бо­йынша 2021 жылы «Turkey PVL» ЖШС-ға жалпы сомасы 100 млн, былтыр 250 млн теңге төленген. Бұған қоса қазір қосымша 67,6 млн теңгенің өтінімі резервте тұр. Басқарманың мал шаруашылығын дамыту бөлімінің басшысы Қайырболат Байсаринов биыл жыл басынан субсидия талаптары өзгеріп, килосына 100 теңгеден есептеліп жатқанын жеткізді. Соған орай басқарма 2023 жылға күркетауық еті бойынша небәрі 83,2 млн теңге қарастырып қойған. Алайда Ауыл шаруашылығы министрлігі жуықта субсидия төлеудің жаңа қағидаларын қабыл­дайды деп күтіліп отыр. Ол бойынша күркетауық еті демеуқаржыдан мүлде қағылып қалуы ықтимал.

«Күркетауық еті тауықтың еті сияқты әлеуметтік азық-түлік қатарына енбейді. Субсидия талап­тарының қатаң болуы да содан. Оның үстіне ережені министрлік бекітеді. Иә, биыл нормативтер азайтылды, бірақ әзірше субсидия төлеу жүйесі сақталып отыр. Егер ол толық тоқтатылса, күркетауық цехы өзгеріс қабылданғанға дейінгі кезең үшін қазіргі қолда­ныс­тағы ережелер бойынша қаражатты ала алады. Мемлекет қазір тауық еті мен жұмыртқа өндірісіне айрықша назар аударып отыр.  Жұмыртқаның бір данасына 3 теңге, бір килограмм тауық етіне 50 теңге субсидия төленеді. Алайда облыстағы Қызылжар құс фабрикасы тоқтағалы, тауық еті бойынша демеуқаржы алып отырған субъектілер бізде жоқ. Сондықтан бұл нарық қазіргі уа­қытта бос тұр», деп түсіндірді бөлім жетекшісі.

Ербол Досыбаевтың пікірін­ше, күрке­тауық етін өндіргені үшін төленетін субсидия бұған дейін расымен тиімді болған еді. Соңғы өзгерістер, яғни субсидия көлемінің азайып кетуі кәсіпкердің бизнесін өркендетуге кедергі болып отыр. Кәсіпорынды кеңейту, ет өндірісін өсіріп, жаңадан жұмыс орындарын құру үшін қазіргі сәтте мемлекеттің қолдауы ауадай қажет.

«Субсидия төлеудің жаңа талаптары шын мәнінде біздің фабрикамыздың одан әрі дамуы­на қауіп төндіріп тұр. Жыл басынан қабылданған қағидаларды өзгертуді, бұрынғы бағаларды қай­таруды сұраймыз. Биылға өндірісті дамыту бойынша жос­парларымыз көп еді. Алайда демеу болмаса, барлық жобамыз күл-талқан болғалы тұр. Қазір күркетауықтың жемі өте қымбат. Амин қышқылы мен ақуызға, протеинге бай қоспа болмаса, күркетауық ет жинай алмайды. Ондай өнімдер біздің өңірімізде өндірілмейді. Амалсыздан сонау Алматы облысынан соя күн­жарасының (шрот) тоннасын 350 мың теңгеден, күнбағыс дәнінің күнжарасын 520 мың теңгеден сатып алып отырған жайымыз бар. Бұдан басқа да түрлі қоспа қажет. Қазақстан бойынша күркетауықтың етін біздің кәсіпорын және Түркістан облысындағы «Ордабасы құс» фабрикасы беріп тұр. Алайда был­­тыр бидай қымбаттап кет­кен уақытта оңтүс­тіктегі әріп­тес­­теріміз күркетауық еті­нің өндірі­сін уақытша тоқтатып тастады. Себебі нарықтық жағдай­да тиімсіз. Ал біз өмір­шең­дігімізді сақтап қалдық. Қазір­гі күні біздің өнімдеріміз Қазақ­станның ішкі нарығында, Ресей, Әзербайжан, Қыр­ғызстан, Өз­бекстан мемле­кет­терінде саты­лады», дейді Е.Досыбаев.

 

Павлодар облысы