Әлем • 27 Наурыз, 2023

Елең-алаң Елисей алабы

224 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Францияда бір аптадан бері наразылық акциясы басылар емес. Бірқатар қалада шеруге шыққандар әкім­ші­­лік ғимараттарды өртеп, құқық қорғау қызмет­керлерімен қақтығысқан. Осылайша, Еуропадағы алпауыт мемлекет саналатын үшжолақты елдің тынышы қашып тұр.

Елең-алаң Елисей алабы

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Даудың басы президент Эммануэль Макронның зейнет­керлікке қатысты реформасынан туындады. Жаңа құжатқа сәйкес ендігі жерде француздар 62 жастан емес, 64 жастан бас­тап бейнетінің зейнетін көре алады. Ал бұған халық қарсылық білдірді. Осыған байланысты ірі қалаларда жаппай шеру өтіп, көшелерге миллиондаған адам шықты. Нант, Ренн, Ниц­ца секілді ірі қалаларда да ха­лық тынышталмай тұр. Құқық қорғау қызметкерлері жинал­ған­дарды тарату үшін көз ашытатын гранаталар лақтырып, шеру­шілерге су шашқан. Кей жер­лерде тіпті полициямен қақ­ты­ғыс жайында айтылады. Қазіргі таңда 500-ге жуық құқық қорғау қызметкері жараланған. Кәсіподақ ұйымдары 28 наурызда тағы да наразылық акциясы жалғасатынын мәлімдеді.

Қазіргі таңда Францияда зей­нетке шығудың күрделі жүйесі қалыптасқан. Соған сәйкес жеке және қо­ғам­дық салада жұ­мыс істей­тін­дерге түрлі зейнет жасы бел­гі­ленген. Оған қоса, беріле­­­тін зейнетақы көлемі де әртүр­лі. Э.Макрон әкімшілігі осының бәрін біріктіріп, ортақ жүйе қалыптастыруды көздейді. Мәселен, зейнетақы ескіше есеп­тегенде жеке салада жұмыс істейтіндер үшін еңбек өтілінің жоғары жалақы алған 25 жылы есепке алынады. Қоғамдық қыз­меттегілер үшін зейнетке шық­пастан бұрынғы алты айдағы төлем есептеледі. Ал жаңа жүйе бойынша жұмыс істеген әр күн балдық жүйе бо­йынша бағаланып, зейнетке шығар кезде ескеріледі. Бірнеше жыл бұрын сол кездегі ел премьер-министрі Эдуард Филипп осы саланы зерделеуді тапсырған. Соған сүйенсек, қолданыстағы жүйені пайдалана берсе, Францияның зейнетақы төлемінің дефициті 2025 жылы 19 миллиард долларға жетпек. Оның үстіне қазіргі таңда зейнетақы төлеуге Франция ішкі жалпы өнімінің 14 пайызына тең қаражат жұмсалады. Бұл Еуропа елдерінің ішінде ең жоғары саналады. Салыстырмалы түрде қарасақ, Германияда бұл 10 пайызға тең. Ұлыбританияда зейнетақыға төленетін шығын көлемі 6 пайызды құрайды.

Президент Э.Макронның мұн­дай қадамға баруының тағы бір себебі бар. Франция халқы ке­йінгі жылдары қартайып барады. Соған сәйкес төленетін зейнетақы шығыны да жылдан-жылға арта бермек. Ал немеренің қызығын көріп, демалысқа шығатын уақытты 64-ке ұлғайту арқылы мұны белгілі бір деңгейде тежеуге мүмкіндік бар.

Жалпы, зейнеткерлік реформасына қарсылық күні кеше басталған жоқ. Бұл әңгіме ұшы шыққалы бері Францияда оған қарсылық танытқан бірнеше жаппай наразылық акциясы өткен. Бұған кәсіподақ ұйым­дары да қосылып, көшелерге миллиондаған адам шыққан еді. Биылғы қаңтарда да бірқатар қалада шеру болды. Кейінірек жұмысшылар тынышталғандай көрінген. Бірақ бірнеше күн бұрын президент Э.Макрон жер­гілікті телеарналардың біріне берген сұхбатында зейнеткер­лік реформасын қолдап, үкіметті жақтап пікір білдірген-тұғын. Оның үстіне ел басшысы ұсы­ныл­ған құжатты парламентте талқыламай-ақ қабылдауды ма­құлдады. Осылайша, онсыз да жарылайын деп жүрген француздарды көшеге итермеледі.

Елдегі ахуал ушыққан соң парламент мүшелері үкіметке сенімсіздік білдіру үшін да­уыс берген. Алайда екі рәсімде де Элизабет Борн бастаған министрлер кабинеті орнында қалды. Бас­тапқыда парламенттегі Liot фракциясы сенімсіздік білдіру жөнінде ұсыныс тастады. Дауыс беру кезінде қажетті мөлшерге 9 дауыс ғана жетпей қалды. Екін­ші сенімсіздік вотумын Марин Ле Пен бастаған әсіреоңшыл «Ұлттық алаң» партиясы талқыға салды. Бірақ бұл жолы оны 577 депутаттың 94-і ғана қолдады.

Э.Макрон әкімшілігі үшін аталған құжат аса маңызды болып тұр. Өйткені былтыр елде өткен президент сайлауы кезінде ол ел экономикасын бәсекеге қабілет­ті, тұрақты етуге уәде еткен. Ал ішкі жалпы өнімнің көп бөлігін аш аждаһадай жұтып жатқан зейнетақы шығынын азайтпай бұған қол жеткізу мүмкін емес. Оған қоса Макронның партия­сы парламентте көп мандат иеленген жоқ. Кез келген шалыс қадамы оның абыройына нұқсан келтіруі мүмкін. Дегенмен әзірге Э.Макрон қызметінен ерте кетеді деп айтуға әлі ерте. Тіпті наразылық акцияларына студенттер қосылса да, прези­дент­тің құзыретін мерзімінен бұрын аяқтауы екіталай. Есесіне қазіргі үкімет мүшелерін, әсіресе премьер-министрді ауыстыру арқылы саяси дағдарысты шешуге ұмтылуы мүмкін. Қысқасы, Франция тағы бір революцияны бастан өткермейтіні анық.

Осы орайда сарапшылар Э.Макрон өкілеттілігі аяқталған соң, яғни 2027 жылы елдегі саяси алаң қалай өзгереді деп алаңдап отыр. Конституцияға сәйкес қазіргі президент үшінші мәрте сайлауға қатыса алмайды. Эммануэль мырза негізін қалаған «Ренессанс» партиясы оның орнына лайық үміткер ұсынуы неғайбыл. Қазіргі таңда партияда топ бастар тұлға жоқтың қасы. Сарапшылар Макрон қызметінен кейін «Ренессанс» тарап кетуі мүмкін екенін алға тартады. Бұған бірнеше себеп бар. Біріншісі, жоғарыда айтып өткеніміздей, партияда Э.Макроннан басқа бетке ұстар тұлға жоқ. Екін­ші­ден, «Ренессанстың» халық ара­сындағы танымалдығы төмен­деп келеді. Былтыр елде өткен Парламент сайлауы кезінде партия көпшілік дауыс иеленген жоқ. Ұлттық кеңестің небәрі 170 мандаты бұйырды. Сөйтіп, бірнеше партиямен бірлесіп, Ensemble («Бірге») деп аталатын коалиция құрды. Әйтсе де, бі­рік­кен партиялар сайлауда 250 ман­дат алды. Ал Ұлттық кеңес­те 577 депутат бар екенін ескерсек, бұл көпшілік дауысқа жетпейді. Ақыры әупірімдеп жүріп, Ensemble үкімет құрып, оның тізгінін Элизабет Борнға табыстаған-ды.

Сондай-ақ сарапшылар келесі ел басшысы «Ұлттық алаң» партиясының төрағасы Марин Ле Пен болуы мүмкін деген болжам айтады. Ол бұған дейін үш мәрте президенттікке таласып көрген. Бірақ ешқайсында да жолы болған жоқ. Әйтсе де, «Ұлттық алаң» партиясының жетекшісі біртіндеп алға жылжып, халықтың қолдауын ием­деніп келеді. Мәселен, 2012 жылғы сайлауда ол бірінші турда 6,4 миллион дауыс жинап, үшінші орынға тұрақтады. Естеріңізде болса, сол жылы Франсуа Олланд пен Николя Саркози тиісінше 28,6 және 27,1 пайыз қолдау иеленіп, екінші турға өткен еді. Ақырында үшжолақты елдің тізгінін Олланд мырза ұстаған. Келесі 2017 жылғы президенттік сайлауда да Марин Ле Пен бәсекеге түскен. Бұл жолы да жолы болған жоқ. Әйтсе де, оның екінші турға өткенін айта кеткен жөн. Бірінші турда Марин ханымды 7,6 миллион тұрғын қолдап дауыс берді. Бұл – жалпы электораттың 21,3 пайызы. Ол тек Эммануэль Макронға ғана (24 пайыз) есе жіберді. Екінші турда қалған үміткерлердің бәрі Ле Пенге қарсы екенін айтып, қолдаушыларын Макронға дауыс беруге шақырған. Салдарынан «Ұлттық алаң» жетекшісі 34 пайыз дауысты қанағат тұтты. Былтыр да басты бәсеке Ле Пен мен Э.Макрон арасында өтетіні күні бұрын белгілі болған. Бірінші турда Марин ханым 23,15 пайыз дауыс жинады, ал Эммануэль мырзаны қолдағандар саны 27,85 пайызды құрады. Екінші тур шиеленісті жағдайда өтті. Қазіргі президентті электораттың небәрі 58,55 пайызы қолдады. Ал Ле Пенге 41,45 пайыз дауыс бұйырды. Яғни 13 миллионнан астам адам Марин ханымды таңдаған. Қысқасы, оның таны­малдығы артпаса, кеміген жоқ.

Жалпы, Франция – Батыс ел­дерінің арасында ең алғаш болып, 1992 жылы 25 қаңтарда Қазақ­станның егемендігін мойын­даған мемлекет. 1992 жылдың қыркүйегінде Қазақстан мен Франция екіжақты дипломатия­лық қарым-қатынастың орнауы жа­йында хаттамаға қол қойылды. Өз кезегінде Қазақстан 2008 жыл­дың маусымында Франциямен стратегиялық серіктестік орнат­ты. Бүгінгі таңда Қазақстанда француз капиталының қатысуы­мен 170-тен астам компания жұмыс істейді. Атап айтқанда «Total», «Orano», «Air Liquide», «Lactalis», «Danone», «Vicat», «Airbus», «Thales», «Alstom» секілді ірі компаниялар бар. Бүгінде үшжолақ­ты елден құйылған инвестиция көлемі 17 миллиард доллардан асқан. Осылайша, Франция Ұлы даладағы ең ірі бес инвестордың біріне айналды.