Аймақтар • 27 Наурыз, 2023

Құтқарушы ұстаздар марапатталды

212 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бірнеше күн бұрын Тараз қаласындағы №22 мектептің мұғалімдері мен полиция инспекторы Әлішер Ермеков табиғи газдан уланған бүтін бір отбасыны құтқарып қалған болатын. Осыған орай Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков бес адамнан құралған отбасыны құтқарған №22 мектептің мұғалімдерін қабылдап, құрмет көретті.

Құтқарушы ұстаздар марапатталды

«Басын бәйгеге тігіп, айналасына көмектесуге құштар жандар қашанда мақтауға лайық. Түрлі оқыс оқиғада төнген қа­уіпке қарамастан, өзгенің өмірін құтқарып қалған азаматтарға айтар алғыс, көрсетілетін құрмет шексіз.

Мұндай ерлік екінің бірінің қолынан келмейді. Сіздер бейбіт күннің батырысыздар. Осы тәуе­келдеріңіз арқылы тұтас ұс­таз дейтін ұлы мамандықтың абы­ройын көтеріп, беделін биіктет­тіңіздер. Осы ерліктеріңіз – өскелең ұрпаққа үлгі, мол тағылым. Бар­ша­ңызға батылдық пен қыра­ғылық­тарыңыз үшін алғыс білдіре отырып, дендеріңізге саулық, от­басы­ларыңызға амандық тілей­мін», деген шаһар басшысы бейбіт күннің батырларына сый-сияпат тапсырды.

Естеріңізге сала кетсек, 6 нау­рыз күні №22 орта мектеп­тің 2-сынып оқушысы Бекжан Бақыт­жанұлы сабаққа келмегендіктен, мектеп әкімшілігі ата-анасына хабарласқан. Алайда олардың да сол күні жұмысқа шықпағаны, №10 орта мектепте білім алатын сол отбасының 2 баласының да сабаққа бармағаны белгілі бола­ды. Мектеп әкімшілігі мән-жайды анық­тау мақсатында оқушылар­дың үйіне директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Еселбаева, оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Аида Есенаманова, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қуаныш Исмаилов, мектеп полиция инспекторы Әлішер Ер­мековті жібереді.

Олар үйге барған соң терезеден қимылсыз жатқан 5 адамды бай­қайды. Сол арада бірден әрекетке көшіп, бесеуін де далаға алып шығып, газ құрылғысын өшіреді. Соның арқасында бір отбасы ажал тырнағынан аман қалды.

 

ТАРАЗ