Спорт • 27 Наурыз, 2023

Үстел теннисінен VI жазғы спартакиадада Қарағанды облысы топ жарды

274 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Қарағанды қаласындағы Saryarka орталығында үстел теннисінен VI жазғы Қазақстан спартакиадасының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап..

Үстел теннисінен VI жазғы спартакиадада Қарағанды облысы топ жарды

Ерлер арасында жекелей сында елордалық Кирилл Герасименко қарағандылық Алан Құрманғалиевтен басым түсті. Финал 4-1 есебімен тәжірибелі ойыншының пайдасына аяқталды. Ал әйелдер арасында Зәуреш Акашева (Қарағанды облысы) топ жарды. Ол финалда тағы бір Ұлттық құрама өкілі Сарвиноз Миркадироваға (Шымкент) еш мүмкіндік бермеді (4-1).

Бір қызығы, былтыр Павлодар қаласында өткен Қазақстан чемпионатының жекелей сындағы финалына осы 4 спортшы шыққан.

Аралас жұптық сында Зәуреш Акашева мен Владислав Захаров дуэті Кирилл Герасименко мен Анастасия Ловроваға төтеп бере алмады. Есеп 0-3.

Үздік үштікті түйіндеген жұптар:

Бекұлан Жамал/Сарвиноз Миркадирова (Шымкент);

Алан Құрманғалиев/Арай Ашкеева (Қарағанды облысы).

Әйелдер арасында шымкенттік Сарвиноз Миркадирова мен Анель Бақыт жұбы Батыс Қазақстан облысынан келген Гүлчехра Хусейнова мен Алсу Сапарованы ұтты.

3-орын – Юлия Даниярова/Алина Дубровская (Қостанай облысы);

Айя Әлімбаева/Валентина Успанова (Алматы).

Алан Құрманғалиев пен Владислав Захаров екеуі финалда ағайынды Кирилл және Александр Герасименкодан басым түсті. Қола медаль Денис Жолудев/Сагантай Құрмамбаев (ШҚО) пен Бақдәулет Әкімәлі/Бекұлан Жамал (Шымкент).

Командалық сайыста Қарағанды облысы финалда Шығыс Қазақстан облысын 3-1 есебімен жеңді. Алан Құрманғалиев, Владислав Захаров, Темірлан Ким, Әмір Торғайбеков, Райымбек Келбұғанов чемпион атанды. Күміс медаль Денис Жолудев, Сағантай Құрмамбаев, Сергей Коновалов, Кирилл Сотник, Арнұр Оралхановтың еншісінде.

Әйелдер арасында да Қарағанды облысының құрамасы қарсылас шақ келтірген жоқ. Зәуреш Акашева, Арай Ашкеева, Жанерке Көшкімбаева, Александра Смирнова, Виктория Мочалкина бестігі финалда Шымкент командасын сенімді ұтты. Есеп 3-1.

Күміс жүлдегерлер – Анель Бақыт, Сарвиноз Миркадирова, Гүлноз Камилжанова, Малика Расулметова, Ақниет Амангелді.

Осы спартакиада кезінде Темірлан Ким (Қарағанды), Арай Ашкеева (Қарағанды) мен Тимофей Герасименко (Астана) «Қазақстанның Спорт шебері» атағын алды.

Жалпы есепте Қарағанды облысы чемпион атанса, Астана қаласы 2-ші, Шымкент қаласы 3-орынға тұрақтады.

д

Ұлттық құраманың бас бапкері Эльмира Алиева спартакиаданы былай қорытындылады:

«Спартакиада қорытындысы бойынша Ұлттық құрама жасақталады. Еліміздегі барлық ойыншы осында келді. Бәрінің нәтижесін бақылап отыруға тырыстым. Қазір үстел теннисінің барлық өңірде дамып келе жатқаны қуантады. Бұрын тартыс Алматы, Астана мен Павлодар арасында өтетін. Бұл жолы 7-8 команда бір деңгейде жүлдеге таласты. Ұлттық құрама жасақтайтын кезде қиналайын деп тұрмыз. Бірінші және екінші номерлі спортшылар финалда өнер көрсетті. Ал шеберлігі шыңдалған алматылық Айдос Кенжеғұлов пен Анастасия Ловрова сынды ойыншыларды атап өте алам. Олардың арасынан Ұлттық құраманың 3-номерлі теннисшісін таңдаймыз», деді Эльмира Алиева.

Спортшыларды марапаттау рәсіміне ҚР МСМ Спортты дамыту дирекциясы директорының орынбасары Азамат Имашев, Қазақстан үстел теннисі федерациясының Атқарушы хатшысы Данил Пак, Қарағанды облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев қатысты.

Айта кетейік, 20 наурызда басталған үстел теннисі бәсекесіне 20 өңірден келген 180-нен астам спортшы қатысты.