Бокс • 27 Наурыз, 2023

100 мың доллар бұйырмаған чемпионат

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары қазақтың бұрымды боксшы қыздарын не қырсық шалғаны белгісіз, әйтеуір әлем чемпионаттарынан елге алтынсыз оралып жүр. Ең кейінгі рет 2016 жылы елорда төрінде ұйымдастырылған дүниежүзілік додада төрт алтын медаль олжалаған жерлестеріміз, міне, биыл қатарынан төртінші әлем чемпионатынан елге алтын жүлдесіз оралып отыр.

100 мың доллар бұйырмаған чемпионат

Күні кеше Үндістанның Нью-Дели шаһарында өткен бокстан әйелдер ара­сын­дағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Дүбірлі додаға толық құрам­да қатысқан Қазақстан құра­масы жарыс қорытындысы бойын­ша екі күміс, төрт қола медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 65 мемлекеттің ішінде 8-орынға тұрақ­тады. Ал жалпы жүлде саны жа­ғынан Қытайдан кейінгі екінші орынға ие болды. Қытай боксшылары Үндіс­танда үш алтын, бір күміс, үш қола медаль еншіледі.

Шәміл Сафиуллин жаттықтыратын Қазақстан құрамасы сапынан ең үздік нәтижеге 57 кило салмақтағы Карина Ибрагимова мен аса ауыр салмақтағы (+81 кг) Лəззат Күнгейбаева қол жеткізді. Екеуі де бас жүлде үшін айқасып, нәтижесінде, әлем біріншілігінің күміс жүлдесін қанағат тұтуға мәжбүр болды.

Олимпиадалық 57 килоға дейінгі салмақта өнер көрсететін Карина Ибра­гимова Нью-Делидегі бәсекенің финалында 2019 жылғы Еуропа чемпионы, былтырғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Токио Олимпиадасының қола медаль иегері Италия боксшысы Ирма Тестамен жұдырықтасты. Аса тартысты өткен жекпе-жекте төрешілер жеңісті бірауыздан италиялық боксшыға берді – 5:0. Осылайша, былтыр Түркияның Ыстанбұл қаласында ұйымдастырылған әлем біріншілігінде қола жүлдегер атанған К.Ибрагимова биыл күміспен күптелді.

Финалдық жекпе-жектердің екінші күнінде 2016 жылғы əлем чемпионы Лəззат Күнгейбаева жаһандық доданың екі дүркін жүлдегері марокколық Хадидже Әл-Мардимен бас жүлде үшін жұдырықтасып, 4:1 есебімен жол берді. Ал жартылай финалда жеңілген Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) қола жүлдегер атанды.

Жалпыкомандалық есепте жарыс қожайыны – Үндістан 4 алтынмен көш бастаса, Қытай құрамасы жеті жүл­демен (3 алтын, 1 күміс, 3 қола) екінші орынға ие болды. Үздік үштікті Ресей боксшылары түйіндеді (1+1+1). Айта кетейік, Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) әлем чемпионы атан­ған боксшыларға – 100 мың, күміс жүлде­герлерге – 50 мың, қола медаль иегер­леріне 25 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы табыстады.