Футбол • 27 Наурыз, 2023

Жас футболшылардың Алашқа құрметі

410 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Алаш зиялыларын еске алуға арналған шағын футболдан Alash-CUP республикалық турнир өтті.

Жас футболшылардың Алашқа құрметі

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

«Qazaq qazetteri»-нің қолдауымен өткен турнирге 2012 жылы дүниеге келген балалардан құралған он команда қатысты.

Жарыстың бір ерекшелігі, турнирге қатысқан барлық командаға жүлде үйлестірілді. Ережеге сай «А» тобы мен «В» тобының жеңімпаздары «Алтын кубок» үшін, топтан екінші орын алғандар «Күміс кубок» үшін, ал үшінші орын алған командалар «Қола кубок» үшін таласқа түсті.

вар

– Alash-CUP турнирінің атауының өзінде үлкен мән-мағына жатыр. Жарысқа қатысып жатқандардың барлығы да Алаш ұрпақтары. Менің ұлдарым да осы турнирде доп теуіп жүр. Мұндай жарыс жастарға керек. Сондықтан бастау алған Alash-CUP турнирінің ғұмыры ұзақ болсын және жарысқа қатысып жатқан балаларды құттықтаймын, – деді «National Geographic Qazaqstan» журналының директоры Айбын Шағалақ.

Үш күнге созылған додада кубок жеңімпаздары анықталды. «Қола кубок» үшін өткен финалдық айқаста Шымкенттің Namys-2 командасы El Clasico-дан 1:0 есебімен басым түсіп, чемпион атанса, «Күміс кубоктің» жеңімпазы Dream team және Commandos арасында анықталды. Нәтижесінде, қарсылас командаға бір гол соққан Dream team «Күміс кубоктің» иегері болды. Ал республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген Namys пен Aibyn командалары «Алтын кубоктің» финалында кездесті. Бұл кездесу жанкүйер болып келген ата-аналардың жадында ұзақ есте қалары анық. Себебі 40 минут бойы екі команда да алма-кезек шабуылдаумен болды. Әйт­кенмен, өз мүмкіндіктерін мүлт жібер­меген Шымкенттің Namys командасы айбын­дықтарға жауапсыз үш гол соғып турнирдің басты жүлдесін жеңіп алды. Сондай-ақ топтан шыға алмаған командалар бірден қола медальмен марапатталды.

– Мұндай жоғары деңгейдегі жарыс­ жиі ұйымдастырылса дейміз. Себебі қыс мезгілін айтпағанның өзінде көктем кезінде футболдан балалар турнирі ұйымдастырыла бермейді. Әсіресе сол­түстік аймақтарда жарыс тым аз өткізіледі. Допты серік еткен балалар деңгейінің өсуіне Alash-CUP турнирі өз пайдасын тигізді деп ойлаймын. Үш күн бойы балалар үшін мейрам болды. Қатысқан барлық он командаға медаль берілген бірден-бір жарыс десем, қате айтпаған болар едім, – деді турнирдің бас төрешісі Санжар Сұлтанқұлов.

Аталған турнирде «Ең үздік қақпашы», «Ең үздік қорғаушы», «Ең үздік шабуыл­шы», «Ең үздік ойыншы», «Ең мәде­ниетті ойыншы», «Ең жас футболшы», «Үздік голдың авторы», «Ең үздік жаттықтырушы» аталымы бойынша да футболшылар мен жаттықтырушылар марапатталды.