Әрине, себепсіз ешнәрсе болмайды. Осы тұрғыдан айтқанда, жол апатының көбеюінің себебі неде? Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, жол апатының ең басты себебі – көлік жылдамдығын шамадан тыс асыру.
– Қазір көлік жүргізушілерінің дені діттеген жерге жылдам жету үшін жылдамдықты үдетуді әдетке айналдырып алды. Бірақ сол жылдамдықтың өкінішке ұласар жол апатына ұрындыратынын, тіпті көліктегі жолаушыларды ажал құштырып, өміріне қатер төндіретінін ескермейді. Әсіресе заңсыз такси қызметімен айналысатын жүргізушілердің қатысуымен болатын жол апаты жиіледі. Облыс және аудандар орталығында жиналып тұратын такси жүргізушілерінің саны күннен-күнге артып отыр, – дейді Ерлан Биғамбаев.
Оның дерегіне сүйенсек, такси жүргізушілерінің кінәсінен бір емес бірнеше адамның ажал құшқанына дәйек ретінде келтірер дерек көп. Мәселен, былтыр қаңтарда Жылыой ауданында «Honda Odyssey» мен «ВАЗ-211540» көліктері соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Ресейде шығарылған көліктің жүргізуші мен үш жолаушысы, «Honda Odyssey» көлігіндегі бір жолаушы көз жұмған. Бұған «Honda Odyssey» жүргізушісінің кінәсі сот-медициналық сараптама қорытындыларымен, куәлардың айғақтарымен толық дәлелін тапқан. Сол себептен Жылыой аудандық сотының үкімімен оған 7 жыл мерзімге көлік құралдарын жүргізу құқығынан, 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Осындай бірнеше адам қазасына әкелетін тағы бір ірі жол-көлік оқиғасы былтырғы қазанда «Индер – Қарабау – Миялы – Сағыз» тас жолында тіркелген. Бұл жол апатынан да бес адам мерт болып, үш адам ауыр дене жарақатын алған. Өкінішке қарай, жол апатына ұшыраған көлік жүргізушісі полиция қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспағаны анықталып отыр. Өйткені оған жол-көлік оқиғасынан бір сағат бұрын полиция қызметкерлері жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік хаттама толтырып, ескерту берген. Бірақ содан кейін де жол қозғалысы ережесін сақтамаған жүргізуші қарсы бағытқа шығып, жол-көлік оқиғасына ұрынған. Тағы бір дерекке тоқталсақ, 28 ақпанда «Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы тас жолдың 491-шақырымында «Тойота Ипсум» шағын автобусы қарсы бағыттағы жүк көлігімен түйіскен. Қызылқоға ауданына бара жатқан шағын автобустың рулінде 31 жастағы жүргізуші болған. Жол апатынан бес жолаушы жантәсілім етіп, екі адам ауыр жарақат алған. Жолаушы тасымалдап жүрген жүргізушінің бұған дейін үш рет жылдамдықты асырғаны, бір мәрте жол таңбасы қағидасын бұзғаны анықталып отыр. Ал 9 наурызда да бес адамның о дүниеге аттануына себепкер болған жол-көлік оқиғасы тіркелді. Өзекті өртейтін бір жайт, «Ларгус» пен «УАЗ» көліктерінің соқтығысуынан болған жол апатынан ерлі-зайыпты жұп төрт айлық нәрестесімен бірге көз жұмды. Тағы үш жолаушы облыстық аурухананың кереуетіне таңылды.
Жолда жүру ережесін сақтамай, барар жеріне тез жету үшін асығып-аптығып, жылдамдықты арттырудың соңы талайдың еңірегенде етегін жасқа толтырған өкінішке ұрындырып жатыр. Бұл – жол апатының басты себебі. Ал салдары қандай? Күре жолдың бойында талай жолаушыны ажал құштырған жол апатынан кейін талай ата-ана бауыр еті баласын, жақын туысы мен бауырын мәңгілікке жоғалтты. Тіпті бір отбасының енді ғана маздай бастаған шаңырақ оты сөнгенін жасыру мүмкін емес. Әкесі мен анасынан айырылған балалардың шырқыраған дауысы төбе құйқаңды шымырлатады. Бірақ мұны түсінетін, көлігіндегі жолаушының қауіпсіздігіне кепілдік, аман-есен жетуіне жанашырлық танытатын жүргізуші қайда? Әрине, бәрі демесек те жолаушыларды о дүниеге аттандыруға себепкер болып жүрген жүргізушілердің кейбірі жол-көлік оқиғасының осындай орны толмас салдарына көз жұма қарайтын секілді. Әйтпесе, полицейлердің ескертуінен кейін жылдамдықты арттырмас еді. Әттең...
Атырау облысы