Халық • 27 Наурыз, 2023

Қазақ дәстүріне қанық дос

296 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тұрмыс-тіршілігі қазақы ауылдарда өзге ұлттың аралас-құралас, дәмдес болып, біте қайнасып кеткені қалыпты жағдай шығар. Ауыл-аймақта айт болса айтшылап, Наурызда құтты болсын айтысып, тәтті-дәмдісін таратып жүретін орыс, неміс сынды ұлттарды жиі көреміз. Дін, діл, тіл деп дараланбайды олар.

Қазақ дәстүріне қанық дос

Әлбетте, әр ұлт өзі дәстүріне құрметпен қарайды ғой. Десе де, көк байрақтың астында біртұтас ел болып кеткен соң, Отанға деген сүйіспеншіліктері ерек. Ал қалалық жердің бес саусағы бірдей емес. Сол үшін де шығар, асфальтта туып-өссе де қазақтың тіліне, ұлтына деген құрметі ерекше Иван Кисилевтей азаматтар көзге бірден түседі. Әсіресе Өскеменде...

Иван Алексеевич қазақтың ортасында өсе қойған жоқ. Ба­лабақшадан бастап бүгінге дейін орысша тәрбие алды, орысша оқыды. Мамандығы – фельд­шер. Жедел жәрдемде қызмет етеді. Бала күнгі арманы сол еді: ақ халат киіп, науқастарға көмек қылсам деп өскен. Кейін қызметке тұрып, қазақтың қыз-жігіттерімен араласа келе қазақ тілін үйренуге бел буған. Әуелгі мақсаты – олармен қазақша сөй­лесу ғана емес, Отанға деген құрметі.

«Мектепте қазақ тілінен Сара Қабдырахманқызы деген мұғалім сабақ берді. Қазақша тез сөйлейтін. Түсініп үлгермей қалатынбыз. Кейін өз бетіммен қазақ тілін үйренуге ден қойдым. Түрлі кітап оқыдым. Ар­найы курсқа жазылдым. Ниет қой­ған соң ба, тез үйреніп алдым. Әлі де акцент бар, бірақ түзеліп кетеді деп ойлаймын. Соны­мен қатар ағылшын, француз тілдерін де оқып жүрмін», дейді И.Кисилев.

Иә, ең бастысы ниет, тілге деген құрмет бар. Қазақ тілін білсем, еркін сөйлесем деп ұмтылып тұр. Ол әріптестерімен ғана емес, шақыртқан нау­қастармен де қазақша сөй­лесуге тырысады. Ал әзіл-әңгімелері жарасатын әріптес, достарымен тек қазақша сөйлесуді әдетке айналдырған. Тілге ғана емес, ұлттық дәстүрге де құрметпен қарайтын ол Наурыз секілді мейрамдарда отбасында да дастарқан жайып, қазақы дәстүрмен қарсы алады. «Бір шаңырақ астындағы берекеміз жарасқан көпұлтты мемлекетпіз» деп ұрандағаннан гөрі, қазақ ұлтына деген ізет осылай көрсе­тілсе керек-ті. Соғыс жылдары жер ауып келген қаншама ұлтты бауырына басқан қазақ халқы қандай да қошеметке лайық дер едік. Ешкімді өзекке теппеді, өгейсітпеді. Қай ұлт болсын, бір үзім нанымен бөлісіп, төріне шығарды. Сол араласқаннан бала-шағасына дейін туыс­тай болып кеткендерді білеміз.

Осы тақырып қозғалса, об­лыстағы чешен, ингуш халық­тарының «Вайнах» бір­лес­тігінің төрағасы Татьяна Кагер­мано­ваның баяғыда айт­қан бір естелігі еске түседі: «Ата­ларымыз Қа­зақ­станның шы­ғысына сонау Чешенстаннан жер ауып келген екен. Қаладан тым алыс емес, Тайынты ауылына жетіп тоқтап­ты. Сонда арып-ашып жеткен елді жергілікті қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ас-суымен бөліскен. Жатар орын беріп, үй соғуға көмектескен. Қазақтың сол бір жақсылығын атам өле-өлгенше айтып отыра-тұғын», деген еді. Сөздің ақиқаты осы. Қаншама ұлтты бір шаңырақ астына ұйытты. Жылдар өтсе де, Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өз тілін, әдет-ғұрпын ұмытпаған. Ол үшін Достық үйі ашылып, әр ұлттың бірлестігі құрылды.

Жоғарыда айтқан Иван Кисилев те қазақ тілін Достық үйінің қабырғасында ашылған курсқа қатысып үйренген. Өңірде көзқарасы түзу Ивандай азаматтар аз емес. Өскемендегі орта мектептердің бірінде орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беріп жүр­ген Надежда Шушаникованы да білеміз. Ұлты орыс бол­ғанымен, қазақшаға судай. Мақал­дап сөйлегенде, қазақты жаңыл­дырады. Филология фа­культетін тәмамдаған ол – бүгінде ілеспе аударманың шебері.

Көпке үлгі болып жүрген Иван, Надеждалардай азамат­тарымыздың қатары артса, оқтын-оқтын туындайтын тіл проб­лема­сы да біржола шешілер еді. Тарих­тан тарта сөйлейтін Татьяна Кагер­мановалардың да әңгімесі жиі айтылса дейміз. Қалай десек те, қазақ халқының көңілі дарқан, пейілі кең халық. Өзге ұлттың қазақ тілінде сөйле­ген екі ауыз сөзіне бола төбеміз көкке жетіп, мәз боламыз.

 

Шығыс Қазақстан облысы