Қоғам • 28 Наурыз, 2023

Қызылорда облысындағы ауылда жаппай төбелес болды

529 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысындағы ауылдардың бірінде жаппай төбелес болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылорда облысындағы ауылда жаппай төбелес болды

Оқиға кадрлары әлеуметтік желіде пайда болды. Видео сипаттамасында төбелес Қазалы ауданында болғаны айтылған. Кадрлардан ауылдың орталық көшелерінің бірінде адамдар жүгіріп жүргенін көруге болады. Басқа кадрларда оларды полиция қуып келе жатқаны байқалады.

Құқық қорғау органдары мәліметінше, 26 наурызда түнгі сағат 2 шамасында Қазалы аудандық полиция бөліміне хабарлама келіп түскен. Онда түнде Әйтеке би кентіндегі Пірімов көшесінде шу шығарған бір топ адам туралы айтылған.

«Оқиға орнына жедел түрде полиция жасақтары жетті, қабылданған жедел шаралар нәтижесінде сегіз адам полиция бөліміне жеткізілді, қалғандарын анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Полицияға шағымдар мен арыздар түскен жоқ», деді полициядағылар.

Дерек Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша Соталды тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Ауданда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция мен учаскелік инспекторлар күшейтіліп, профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ауданда қылмыстық ахуал тұрақты», деп қосты полицейлер.