01 Шілде, 2014

Он ойыншымен алдын орады

268 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Сенбі күні әлем чемпионатының плей-офф кезеңінің ойындары басталды. Осы күні Бразилия құрамасы Чили командасымен, Колумбия Уругвай құрамасымен кездесті. Алдымен Бразилия – Чили матчы туралы айтсақ, кездесу Белу-Оризонти қаласында аса қызықты және тартысты өтті. Бұл матчтың тағдырын қосымша уақыттан кейін ойынның соңында берілетін 11 метрлік доп сериясы шешті. Ал ойынның өзі 1:1 есебімен тең аяқталған болатын. Кездесуде бірінші болып есепті 11-минутта Давид Луис ашқан. Содан кейін брази­лиялықтар тағы доп соғу үшін шабуылдарға шығып, Чили қақпасына қауіп төндірумен болды. Алайда, бес дүркін әлем чемпиондары – «пентакампеондар» матчтың соңына дейін қаншама рет шабуылдап, қауіпті жағдайдар жасаса да екінші доптарын соға алмай кетті. Бұл кездесуде Чили құрамасы өте сауатты ойын өрнегін көрсетті. Олар матч бойы жақсы тақтика ұстанып, яғни қорғана жүріп дер кезінде шабуылдар ұйымдастыра білді. Соның нәтижесінде ойынның 32-минутында есепті теңестіріп кетті. Бұл голды Санчес соқты. Осы есепті кездесудің соңына дейін ешкім өзгерте алмады. Осыдан кейін 15 минуттан екі таймға бөлінген қосымша уақыт беріліп, онда да қарсыластар бір-бірінің осал жерлерін таба алмады. Ал 11 метрлік пенальти сериясында Бразилияның бағы жанды. Бұл сында «пентакампеондар» тарапы­нан Халк пен Виллиан қателессе, Чили командасында үш бірдей ойыншы қақпаны дәл көздей алмады. Жалпы, бұл ойында көп­ші­лік төрешінің Бразилияға болысуы мүм­кін екенін айтқан. Бірақ, ағылшын Говард Уэбб ешқашан ешкімнің ығында кет­пей­тінін көрсетіп, матчта әділ төрелік жасады. Келесі ойында Колумбия мен Уругвай командалары кездесті. Шынын айту керек, бұл кездесуде Колумбия қарсыласынан барлық жағынан басым болды. Сөйтіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Олар бүкіл ойын бойы алаңның барлық жеріне иелік етіп, Уругвайдың есепті теңестіруді былай қойыңыз, тіпті, бір гол салуына да ешқандай мүмкіндік бермеді. Бұл жерде команданың матчқа дайындығы өз алдына, ойыншыларының жеңіске деген жігерінің өзі көзге ұрып тұрды. Матчта Уругвай құрамасы кешегі Италиямен өткізген ойы­нында Луис Суарестің қорғаушының сол жақ иығын қыршып алып, соның шуы әлі басылмаған соң ба, матчқа өте нашар дайындалғандарын байқатып алды. Мәселен, олар екінші таймның соңында болмаса бүкіл уақыт Колумбияның екі голына мардымды жауап қайтара алмады. Қысқасы, олар Колумбиядан әділ түрде жеңілді. Енді Колумбия ширек финалда  Брази­лия­мен кездеседі. Бұл матч 4 шілде күні Кастелан қаласында өтеді. Кездесуде қай команданың жеңетінін алдын ала бол­жамай-ақ қояйық. Сонда да Бразилияның Колум­бияны жеңуі қиынға соғатыны айдай анық. Бұл ойында да барлық мәселе 11 метрлік пенальти сериясында шешілуі ықтимал. Келесі күні, жексенбіде 1/8 финалдың тағы екі кездесуі өтті. Онда Голландия мен Мексика және Коста-Рика мен Грекия құрамалары кездесті. Бұл матчтар да өте қызықты және тартысты өтті. Әсіресе, Голландияның мексикалықтардан 1:0 есебі­мен жеңіліп бара жатып, ойынның бітуі­­не екі минут қалғанда екі доп соғып, жеңіс­ті суырып әкетуі таң-тамаша қалдырды. Осы ойында «Қызғалдақтар» коман­да­сы­­ның шабуылшысы Арьен Роббен өзі­нің нағыз лидер екенін көрсетті. Ол 1:0 бо­лып жеңіліп жатқанның өзінде коман­да­лас­тарының рухын көтеріп, қайта-қайта шабуыл ұйымдастырып отырды. Сондай бір кезде Снейдерге алыстан гол соғуға, ал  екіншісінде Мексиканың айып добы ала­ңына құлап, 11 метрлік пенальтиден Хюн­­те­­лардың доп соғуына мүмкіндік жаса­ды. Бұл кездесуде Голландияның бас жат­тықтырушысы Луи Ван Гаал да ойыншыларды керек кезінде ауыстыра білді. Мәселен, Мексиканың қақпасына екінші голды соққан да Ван Персидің орнына шыққан Хюн­телар болды. Жалпы, Голландияның биыл­ғы әлем чемпионатына дайындығын бас бар­мақпен бағалауға болады. Қазір олар өт­кен ғасырдың 70-80-жылдарында бел­г­і­лі жат­тықтырушы Ринус Михельстің ұстан­ған так­тикасы бойынша ойнап жатыр. Бұл так­тика Голландияның 1974, 1978 жыл­дары әлем чемпионатының финалына шығуы­на және 1988 жылы Еуропа чемпионатын же­ңіп алуына мүмкіндік берген. Бұл – Ринус Михельм­нің тоталды футбол деген ойын әдісі. Онда ойыншылар қысқа пас беріп ой­на­май, көбіне қорғаныста ойнай жүріп, алыс­тан шабуылшыларға пас беріп, олардың ашы­лып алыстан соққы жасауына жағдай туғызады. Осы күні 1/8 финалдың тағы бір кездесуі де өте қызықты өтті. Қазір көп адам әлем чемпионатының сенсациясына балап жатқан Коста-Рика Грекияны 11 метрлік пенальти сериясында ұтып, өз тарихында алғаш рет әлемдік доданың ширек финалына шықты. Бұл кездесудің бірінші жартысында қос команда жарытып ойнамаса да екінші таймда жанкүйерлерге жақсы ойын өрнегін көрсетті. 15 минуттық үзілістен тынығып шыққан қарсыластар бір-бірінің  қақпасына бір-бірден доп соқты. Бірінші болып Коста-Рика мүмкіндікті жібермеді. Содан кейін Коста-Риканың ойыншысы алаңнан қуылып, Грекия матчтың аяқталуына бір минут қалғанда есепті теңестіріп кетті. Осылайша, ойынның негізгі және қосымша уақыты біткен соң пенальти сериясы болып, онда Коста-Рика ширек  финалға жолдама алды. Енді Коста-Рика 5 шілде күні Голландия құрамасымен кездесті. Матч Фонте-Нова қаласында өтеді. Кеше кешкісін Франция мен Нигерия және Германия мен Алжир командалары кездесті.