Фестивальдің ресми ашылуына орай баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Онда аталмыш шараның мақсат-мұраты толайым қамтылды. Халықаралық театр күні мерекесімен тұспа-тұс келген өнер шеруін осы саланың нағыз майталмандары нұрландырмақ. Сөз арасында қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов туралы да бір ауыз сөз айта кетсек артық болмас. Мәселен, Темірбек Жүргеновтың білім саласына қосқан қисапсыз еңбегін біреу білсе, біреу білмейді. Алматының өзінде ғана 18 білім ошағын ашқан. Нағыз халық жанашыры. Еліміздегі тұңғыш жоғары оқу орындарының көпшілігі ел қамын жеген Темірбек Жүргеновтың арқасында ұйымдастырылған. Өзгесін былай қойғанда, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Алматыдағы опера және балет театрының негізін қалаушылардың бірі. Бұл жайында белгілі театртанушы Меруерт Жақсылықова кеңінен толғап айтып берді.
Театр фестивалінің шымылдығы Астана қаласының жастар театры сахналаған «Пранк-Махаббат» комедиясымен ашылды. Театр өнерін жақсы көретін көкшетаулық көрермен тамаша қойылымдарды көріп, тәнті болуда.
Көкшетау қаласы