Қоғам • 28 Наурыз, 2023

Қазақстанда аутизмге шалдыққан 9 мыңға жуық бала тұрады

412 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Болашақ» корпоративтік қоры Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне арналған «Аutism Talks: ерекше балалы ата-аналардың шабыттандырар әңгімелері» тақырыбында кездесу өткізеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда аутизмге шалдыққан 9 мыңға жуық бала тұрады

TED TALK форматында аутизмі бар балалардың ата-аналары өз тәжірибелерімен, балаларды тәрбиелеу бойынша кеңестерімен, басқа да ұсыныстарымен бөліседі.

Сонымен қатар сиблингтер – ерекше балалардың бауырлары сөз сөйлеп, ерекше туыстарымен қарым-қатынас құру тәжірибесімен, аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар баламен бір отбасында тәрбие алу ерекшеліктері жайлы әңгіме өрбітеді. Сондай-ақ іс-шараға психотерапевтер, психиатрлар, мінез-құлық талдаушылары және басқа да мамандар қатысады деп жоспарланып отыр. Іс-шара ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасы мүшелері үшін де, ерекше балалармен жұмыс істейтін мамандар үшін де пайдалы болмақ.

Жиынға «Autism. Қол жетімді орта» қайырымдылық қорының және «Қамқор Әке» аутизм бар балалардың әкелер қоғамдастығының басшылары, ақтөбелік ерлі-зайыпты Руслан мен Сара Қазыбаевтар, «Ерекше бақыт» қоғамдық қорының тең құрылтайшысы, заң ғылымдарының магистрі Светлана Ордабай, балалар психиатры Татьяна Дегтярь, мінез-құлық талдаушысы, «Болашақ» қорының кураторы Айнұр Нұрова, сондай-ақ «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан қатысады.

Айта кетсек, 2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күні. Бұл күн 2007 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленді, онда аутизмі бар балалардың саны артқанына алаңдаушылық білдірілді. Ресми деректер бойынша Қазақстанда 9 мыңға жуық аутизмге шалдыққан бала тұрады, ал бейресми деректер бойынша аутизмі бар балалардың саны 30 мыңнан асады. «Autism Speaks» халықаралық ұйымының деректері бойынша 2020 жылы әлемдегі әрбір 54-балаға аутизм диагнозы қойылады.