Бағдарламалар • 29 Наурыз, 2023

Баспанамен қамту жүйелендірілді

316 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша 1100 пәтер беріледі. Осылайша, жобаны жүзеге асыруға бөлінетін қаржы көлемі артады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Отбасы банк» АҚ Алматы филиалының директоры Данагүл Түсіпова хабарлады.

Баспанамен қамту жүйелендірілді

«Алматы жастары» бағдарламасы 2017 жылдан бері іске асырылып келеді. Бүгінде бағдарлама бойынша 35 жасқа дейінгі нақты бір салада жұмыс істейтін жастарға несие беріледі. Былтыр бағдарламаға білім беру, денсаулық сақтау, БАҚ, құқық қорғау органдары, мәдениет, спорт, ЖОО мен ҒЗИ, әлеуметтік сала мамандары қатысса, биыл қызмет салаларына өзгерістер енгізіледі деп жоспарланған.

– 2017 жылдан бастап қаламызда «Алматы жастары» жеңілдетілген бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Ол барлық өңірде аймақтық бағдарламалардың іске қосылуына негіз болды. «Елорда жастары», «Алатау жастары» бағдарламалары бар. Мұнда әр аймақта несие беру шарттары әртүрлі. Бағдарламаға қатысатын былтырғы сала қызметкерлері биыл тізімге кіреді деп ойлаймыз. Биыл білім беру мен денсаулық сақтау салалары бойынша лимит ұлғайған соң несие берілетін адам саны да артты. Бағдарлама шарттарына келсек, бастапқы жарна – 10 пайыз, мөлшерлеме – 5 пайыз, несиелеу сомасы былтырғыдай 18 миллион теңге болуы мүмкін, – деді Д.Түсіпова.

Оның айтуынша, тұрғын үй бағдарламасы бойынша бір несиенің шекті мөлшері өзгермейді. Яғни 18 миллион теңге болып қалуы мүмкін.

– Қала әкімдігі мен Отбасы банкінен 20 миллиард теңге бөлініп отыр. Осы соманың аясында 1100 жас маманға жеңілдетілген несие беріледі. Бағдарламаның басталуы мен шарттары туралы ақпаратты қосымша хабарлаймыз. Қазір келісімшарт жасалынып, өтінім қабылдайтын сайт әзірленіп жатыр, – деді «Отбасы банк» АҚ Алматы филиалының директоры.

Айта кетейік, былтыр тұрғын үй бағдарла­масы аясында мың адамға ипотекалық несие беру үшін 18 млрд теңге бөлінген болатын. Бұл жобамен баспаналы болу үшін қалада тұрақты тіркелу міндетті емес.