Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Жуықта берелдіктер редакциямызға қос бірдей хат жолдады. Екеуі екі түрлі мәселе болғанымен, төркіні біреу: жайылым мен шабындықтың аздығы. Дегенмен Катонқарағай ауданында 20 мың гектар жер мемлекетке қайтарылып, қайта бөліне бастаған екен. Жалпы, игерілмей жатқан немесе заңсыз алынған жерлер билік назарында екенін де еске сала кетейік.
Берел – тоғыз жолдың торабында жатқан туристік әлеуеті мол ауыл. Әйгілі Рахман қайнары, Берел қорық-музейі, Мұзтау, Қаракөл, Шындығатай секілді көрікті жерлерді көремін десеңіз, аядай ғана Берел ауылын басып өтесіз. Ауылдың тұрғындары да еңбекпен біте қайнасқан. Бірақ туризмнен гөрі атакәсіп – мал шаруашылығымен айналысқанды жөн санайды. Өйткені туризм – мезгілдік жұмыс, әрі кетсе үш ай. Содан кейін Алтайдың ауылдарында мүлгіген тыныштық орнайды. Демек, күнкөріс көзі – мал өсіру. Алайда тұрғындардың пікірінше, ауыл жерден таршылық көріп отыр. Хат жолдау себептері де сол. Мәселенің мән-жайы түсінікті болуы үшін хаттарды ықшамдап, оқырман назарына ұсынайық.
«Халық ауылда малын жайып, тебіндетіп, шөбін шауып отырған екі учаске бар – «Қызылтас» және «Белдеу». Алайда Ұлттық парк басшылары жол жөндеді деген сылтаумен «Қызылтас» учаскесін Ерік Әміреновке алып беріп отыр. Е.Әміренов «Мен 13 млн теңге ақша салып, жолды жөндедім. Енді бұл жер менікі», дейді. Күрелген жері – 20 метр ғана. Біз де билет алып отыр едік. Ауылда шабындық жері жоқ адамдар да бар. Жалпы ауылда 120-дай үй десек, 1000 гектар жерін бір адамға бере салған. Қалған 119 үй қайда барады? Е.Әміренов «Мен он жылға алдым» деп малымызды жерінен қуады. Соның салдарынан мал жоғалып жатыр. Президенттің ауылға жағдай жасалсын деген Жолдауына кереғар әрекет қой бұл?! Аудан әкімі бұл мәселені шешіп бере алмады. Осы дауды шешіп берулеріңізді өтінеміз», деп қос параққа хат жазып, қол қойысқан.
Бұл – бірінші мәселе. Екінші хат та редакция назарынан тыс қалған жоқ. Бұл жерде тұрғындар колхоз тараған кезде жердің әділетсіз бөлінгенін айтып шағымданған.
«1994-1996 жылдары кеңшар, «Маралды» шаруашылығынан 12 комиссия мүшесінің қарауымен «Берел ауылының зейнеткерлеріне, соғыс ардагерлеріне және ҰОС мүгедектеріне Берел ауылынан 4 шақырым жерде орналасқан Балықты бұлақ аумағынан 120 гектар жер бөлінсін» деген бұйрық шыққан. Бірақ сол жылдары әкім болған Амангелді Мұратов бұл жерлердің иесі бар деп тартып алды. Оған дейін халық шөбін шауып жүрген. Кейін халық әкімге жер сұрап барған кезде «Бос жер жоқ», деп қайтарды. Әкім бола тұра А.Мұратов өз құқығын асыра пайдаланып, бөлінген жерлерді өз әйелі Б.Байсақаловаға, балаларына жазып берген (120 гектар жер).
Қанша жыл тер төгіп, еңбек еткен зейнеткерлер мен соғыс ардагерлеріне, мүгедектер мен жалғыз басты аналарға жер берілмеді. Осы күнге дейін ол адамдарда бір де бір гектар жер телімі жоқ. Кеңшар кезіндегі жерлердің әділ бөлініп, шабындық жерлері жоқ қарапайым халыққа, зейнеткерлерге, көпбалалы отбасыларға берілуі тиіс. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұрын заңсыз алынған жерлерді қайта қарап, әділ бөлінсін демеп пе еді?!» деп жазған да, төменгі жағына тағы бір топ тұрғын келіскендерін білдіріп, қолдарын қойған.
Мәселе түсінікті. Десе де, тұрғындарға хабарласып, мән-жайды тағы білген едік. 45 жыл тылда, кеңшарда жұмыс істеп, зейнетке шыққан Қамза Әкижаевтың айтуынша, мал басын көбейтпекке ниеттенгенмен, шабындық тар көрінеді.
– Ауылды көтереміз деп жатыр ғой. Бұл ойлары сөз жүзінде қалмауы үшін ауыл тұрғындарына жағдай жасау керек. Жағдай дегеніміз – ең бірінші білім, медицина және күнкөріс үшін жайылым, шабындық қажет. Өзім ІІ топтағы мүгедекпін. Тылда еңбек еттім. Бірақ тоқымдай да жерім жоқ, – дейді Қамза Әкижаев.
Сол секілді Берел ауылының тұрғыны, көпбалалы жалғызбасты ана Галя Әбенова да шабындық пен жайылымның жоқтығын айтты.
Жоғарыда аталған мәселені алдымен облыстық «Жер аманаты» комиссия мүшелеріне жолдадық. Олар анық-қанығына көз жеткізіп барып, нақты жауап беретіндерін айтты. Ал аудан басшылығының айтуынша, Катонқарағай өңірінде, әсіресе Берел маңында шабындық, жайылымдық жерлерден мәселе жоқ.
Шығыс Қазақстан облысы,
Катонқарағай ауданы,
Берел ауылы