Кеше Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыповтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Жоғарғы Сот, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы, Үкімет мүшелері, Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдардың, Үкімет құрамына кірмейтін агенттіктердің басшылары, сондай-ақ, Президент Әкімшілігі мен Үкімет Кеңсесінің, Парламент палаталары аппаратының жауапты қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.
Бірлескен отырыстың күн тәртібіне бесінші сайланған Парламенттің үшінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул енгізілді. Осы мәселелер бойынша баяндама жасаған Мәжіліс Төрағасы Қабиболла Жақыпов: «Бейнелеп айтар болсақ, Парламент өз жұмысының бел ортасына, яғни экваторынан өтті. Елбасымыз осы сессияның ашылуында атап көрсеткендей, біздің жұмысымыз ұзақ мерзімдегі «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру кезеңінде басталды», дей келе, бүгінде оның Парламенттің заң шығару ісіндегі басты бағдар болған тарихи құжат екенін айтты. Сондай-ақ, әлемдегі ең озық 30 елдің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік дамуын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуде оған тең келер стратегиялық бағдарлама жоқтығына мән берген Төраға сессия басталғалы Парламент қарауында 154 заң жобасының болғанын, оның 114-ін Үкімет, 11-ін депутаттар енгізгенін айтты.
Оның айтуынша, 29 заң жобасы алдыңғы сессиялардан өткен. Аталған уақыт ішінде Парламент 104 заң қабылдаса, соның 4-уіне депутаттар бастамашы болған. Қазірдің өзінде Президенттің 80
заңға қол қойғанын жеткізген Қ. Жақыпов мемлекеттік деңгейдегі көптеген өзекті мәселелер бойынша Парламент депутаттары атқарушы және құқықтық, құқық қорғау органдарының басшыларына, барлығы 444 депутаттық сауал жолдағанын айтты. Бұған қоса, төраға сессия ашылуында Президент Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген міндеттерге сәйкес, депутаттық корпустың сессия барысында елдің тұрақты экономикалық өсуі, инновациялық үдерістердің дамуы, азаматтарды әлеуметтік қамтамасыз ету жүйесін жаңғыртуды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етіп, құқық қорғау заңнамасын реформалау жолында еңбектеніп, халықаралық келісімдерді ратификациялағанына тоқталды.
«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмалары және елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде 2014-2016 жылдардың үшжылдық бюджеті қабылданды. Оған елеулі өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік, әлеуметтік міндеттемелерді толық орындауға, халықты жұмыспен ойдағыдай қамтуға, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғыртуға, өңірлік дамуға, шағын және орта бизнесті қолдауға 102 млрд.-қа жуық теңге қайта бөлінді», деген ол бюджет жобасын талқылағанда депутаттар мемлекеттік ауқымдағы ірі мәселелерді қорғай білгеніне ризашылығын жеткізді. Парламенттің басты қызметі – қазақстандықтарға және мемлекетке қажетті сапалы заңдар қабылдау десек, бұл халық қалаулыларының алдағы жұмысының ең басты ұстанымы болмақ.
«Әлеуметтік салаға арналған шығын – адам капиталын дамытуға бағытталған инвестиция екенін есепке ала отырып, біз, ең алдымен, халқымыз үшін ең өзекті – денсаулық сақтау, білім беру, еңбекпен қамту, тұрғын үй құрылысы, әлеуметтік қорғау салаларын қаржыландырдық және Үкіметтен өте салмақты әрі сапалы нәтижелер күтуге құқылымыз», – деді Мәжіліс Төрағасы.
Сондай-ақ, баяндамада мән берілген мәселелердің бірі Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі болды. Оны өткізу мен ұйымдастыруға қажетті ережелерге қатысты заң жобасын, рұқсаттар мен хабарламалар туралы, оңтайландыру мен банкроттық, қайта құрылымдауды жүзеге асырған екінші деңгейдегі банктерді одан әрі дамыту, қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл, оңалту және банкроттық, салық салу мәселелері жөніндегі заңдар назардан тыс қалған жоқ.
Мәжіліс Төрағасы ұлттық ғылыми-зерттеу заңнама институтын құру мүмкіндігі жайында да сөз қозғай келе,
заң шығармашылық жұмысындағы бірқатар проблемалық жайттарға назар аударды. Спикердің айтуынша, бұл ретте Үкіметтен түсетін заң жобаларының сапасы көңілдегідей деңгейде емес. Мәселен, Бесінші шақырылым жұмысы барысында Үкіметтен Мәжіліске 267
заң жобасы түскен, оның 43-і немесе
17 пайызы бекітілген талапқа сәйкес келмегендіктен, кері қайтарылған. Ал үшінші сессия кезінде Үкіметтен енгізілген 114 заң жобасының 38 пайызы ғана талапқа толықтай сәйкес келген. Заң жобаларында осындай олқылықтар орын алуының себеп-салдары қатарында құрылымаралық келіспеушіліктер, заң жобасын дайындау барысында шетел тәжірибесін пайдаланғанда ұлттық заңнама ескерілмейтіндігі де бар.
Мәжіліс Төрағасы заң жобалары мәтіндерінің қазақ және орыс тілдеріндегі түпнұсқаларындағы кемшіліктер жайын қозғай келіп, депутаттардың заң жобасына түзетулерін қарау кезінде Үкіметтің заңмен белгіленген отыз күндік мерзімін сақтау керектігін де тілге тиек етті. Осы ретте Қ.Жақыповтың пікірінше, заң шығармашылық жұмыс деңгейін жоғарылату үшін кешенді мемлекеттік шаралар қажет. «Елбасы жүктегендей, біздің құқықтық жүйеміздің бәсекеге қабілеттілігін дамыған отыз елдің деңгейіне жеткізу үшін қолданыстағы Конституция аясында Парламент Мәжілісіне түсетін заң жобаларының 90 пайыздан астамына бастамашы болатын, Үкіметтің заңнамалық қызметінің сапасын жоғарылату мақсатында кешенді мемлекеттік шараларды қолға алу қажет», – деді өз сөзінде Мәжіліс Төрағасы. Ал осы олқылықтардың орнын толтыру үшін, ұлттық ғылыми-зерттеу заңнама институтын құру қажет. Осылай деген шешен о
ған құқық саласындағы үздік ғалым-заңгерлерді, кәсіби мамандарды ғылыми кадрларды топтастырған жөн және оны Үкімет жанынан құрған дұрыс, деген ойымен де бөлісті. «Жаңа институт, мемлекеттік құқықтық жүйенің ғылыми дамуын қамтамасыз ететін бірегей орталық ретінде еліміздің басқарылатын және бақыланатын құқықтық тұжырымдамасын сапалы қалыптастыруға жол ашар еді», – деді бұл ретте Қ.Жақыпов.
Бүгінгі таңда ең көп қозғалатын тақырыптың бірі – еуразиялық интеграция мәселесі. Мұны еліміздің 2015 жылдан бастап жұмыс істейтін ЕАЭО-ға енуімен байланыстыруға болады. Осы орайда, қос палатаға үлкен жауапкершілік жүктелетіні анық. Қазақстан халқы мен экономикасы ЕАЭО-ның мүмкіндігін кеңінен пайдаланатындай тетіктер құру, қажетті заңдарды қабылдау депутаттардан тынбай еңбектенуді қажет етеді.
Бұл ретте, ең алдымен, Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігін арттыруға арналған заңдар қабылдау алғы лекке шығатыны түсінікті.
Бірлескен отырыста, сонымен қатар, қабылданған заңдарды насихаттауға айрықша назар аударуға мән берілді, осы орайда бұқаралық ақпарат құралдарын мейлінше тиімді пайдалану қажеттігі айтылды. Спикердің атап өткеніндей, сонымен қатар, қолданыстағы заңдардың орындалуына қатысты парламенттік бақылауды жетілдіру, заңның негізгі ұстанымдарын сақтау, ғылымға қатысты шараларды қолға алу қажет.
Сонымен, бірлескен отырыста: «Елбасының саясаты тікелей заңдарда көрініс табады және жүзеге асырылады. Сайлаушыларға, соның ішінде шалғай елді мекендерде тұратын халыққа бұрынғы және қазіргі құжаттардың не үшін қабылданғанын, ескілердің неге жойылғанын, жаңа заңның қандай қажеттіліктен пайда болғанын білу өте маңызды», деген Мәжіліс Төрағасы Үшінші сессия жұмысын қорытындылады. Осы орайда, ол заңнамалық бастамалардың жоғары қарқынын, соның ішінде, депутаттық корпустың белсенділігін, саяси партиялардың парламенттік фракциялары, Парламент пен Үкімет арасындағы сындарлы қарым-қатынас орнауына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, парламентаралық қарым-қатынастарда кең көлемді халықаралық әріптестік орнағанын айта келіп, азаматтық қоғам институттарымен және кәсіби қауымдастықтармен жемісті үнқатысу болғанын да атап өтті.
Депутаттар жұмысы енді аймақтарда жалғасатын болады.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».