Өткен сенбіде елордада «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының І форумы өтті. Жиынды Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев құттықтау сөзбен ашты.
Форумға еліміздің барлық өңірлерінен дерлік түрлі мамандық иелерінен құралған төрт жүзден астам делегат қатысты. Оның ішінде форум спикерлері ретінде мемлекеттік орган, бизнес құрылымдар және үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері бар. Шараның басты мақсаты ел халқын «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға жұмылдыру болса, форум барысында аталған стратегияның мақсат-міндеттерін орындауға бағытталған қозғалыстың түрлі жобалары талқыланды. Сондай-ақ, «Қазақстан-2050: әлемдегі ең үздік мемлекеттік басқару жүйесін қалай құру қажет?», «Қазақстан-2050: әлемдегі ең мықты экономиканы қалыптастыру жолы» сынды тақырыптар арқау болды.
«Елбасының Мәңгілік Ел идеясын іске асыруда экономиканы дамыту қажет. Ол үшін зауыт, фабрикалар мен инвестициялардан бұрын кадрлар керек. Бізде бұл жағы тапшы. Зауыт-фабриканы салғанмен, онда жұмыс істейтін маман жоқтың қасы. Көбіне бізде гуманитарлық мамандықтарға бару көп. Техникалық мамандар жетіспейді. Оның да дені жоғары білімділер. Ал шындығында, бізге кәсіби техникалық қызмет жасайтын орта буын мамандар керек. Мәселен, индустриялық-инновациялық жобаларды мақтанышпен айтамыз, алайда сол жобаларға 15 пайыздай ғана жоғары білімділер жеткілікті болса, қалғандарына, яғни жұмыстың жүру үдерістеріне техникалық жұмысшы мамандар керек. Бұл тұрғыда бізде не кадрды сырттан алып келу немесе өзімізде үйрету сынды екі мүмкіншілік бар. Сол себептен біздің қазіргі таңда қойып отырған мақсатымыз – жастарға сапалы кәсіби техникалық білім беру мен оны насихаттау, сонымен бірге, осындай мамандық иелерін жұмысқа тұрғызу және сол арқылы экономикамызды дамыту. Қазіргі таңда «Серпін-2050» атты жобаны қолға алудамыз және бұл тұрғыда бірнеше облысты араладық. Мұндағы мақсат та өзіміздің жастарға қай жерде қандай оқу орны мен қандай гранттар бар және оны қалай игеру мен жұмысқа тұрып, елге қалай қызмет жасау керектігі жөнінде айтамыз», – деді форумда сөз алған «Өрлеу» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов.
Жиында, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов кадрларды іріктеу жүйесінің маңызы туралы айтты. «Егер өскелең бала үйдегі үлкендердің әңгімелерінен, жұмысқа тұру тәжірибесінен, жұмысқа тұру үшін бірінші кезекте әкесінің, көкесінің танысын іздеу керек дегенді естісе, ол бала оқуға ұмтылмай тамыр-танысқа жақын жүру «ауруына» ұшырап, солардың айтқанымен жүрсем болды, солар бір жерге апарады деп сенеді. Ал егер ол іріктеу кезінде шынында да біліміне, білігіне қарап іріктеліп, сонан кейін оның жалақысы да білімінің арқасында отбасын қамтамасыз етуге лайықты болатындығына мүмкіндігі барын білсе, онда ол балалардың бойында білімге деген құштарлықты туғызуға себепкер болады», – деді Ә.Байменов.
«Тәуелсіздігімізге 23 жыл толғалы отыр. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан егемен ел болды деп біздің барлық көршіміз бірдей атойлап, біз секілді бөркін аспанға атқан жоқ. Кейбіреулер оны мәжбүрлік ретінде де қабылдады. Бірақ біздің ұлтымызда тәуелсіздік кезінде жинақталған тәжірибе болмады. Осы өтпелі кезеңде, әрине, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мемлекетіміздің басында Нұрсұлтан Әбішұлы секілді көреген, саяси жігері өмірлік тәжірибемен толысқан, өмірдің жан-жақты тынысын терең түсінетін адамның болғаны біздің ұлтымыздың бағы деп есептеймін, – деп әрі қарай әңгімесін жалғады. – Мемлекеттік басқаруды дамытқанда, әрине, бірінші кезекте қандай реформа болмасын, басқаруды жоғалтып алмау керек. Басқаруды жоғалтып алу оңай, ал оны қалпына келтіру қиын. Сондықтан эволюциялық жол болу керек. Мәселен, өздеріңіз көргендегідей, кейбір мемлекеттер осы бағыттағы реформаларда тым алға кетіп қалып, қоғам оның соңынан үлгермей жатса, ішкі қайшылық туындайды да, саяси мәдениеті жетілмеген ортада қиындыққа ұшырайды». Осылай деген агенттік төрағасы өткенге шегініс жасап, оған өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар, ол форумға жиналған жұртшылықтың саладағы өздерін толғандырған түрлі сауалдарына жауап берді.
«Даму-2050» ЖШС директоры Пазылбек Мұстанов та форумға өз жобасымен келіпті. «Менің жобам қазақ интернетін теріс идеологиялардан сақтауды және мемлекеттік идеологияны насихаттауды қарастырады. Халықтың пікірталас алаңы қазіргі таңда интернет екені белгілі. Газет-журнал, телевизияда пікірталастар жүріп жатқан жоқ деп айтуға болады. Өйткені, оның барлығы да бақылауда. Осы бақылаудан тыс болып тұрған тек интернет. Қазақстанның тұтастығын, аумақтық тұтастығын, ұлттық қауіпсіздігін, конституциялық құрылыстарын бұзатын сырттан сан түрлі ақпараттар кіруде. Мұның барлығы да біздің халқымыздың санасын бұзып жатыр. Бұл қандай да бір жазалау шаралары немесе тосқауыл қою арқылы шешіле салатын дүние емес, оны тек қарсы насихат арқылы ауыздықтауға болады деп ойлаймын», – деді П.Мұстанов.
Батыс Қазақстан облысынан келген делегат Ғайса Жұмалиев Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруда жасалып жатқан бүгінгі жиынның өздеріне үлкен серпін бергенін жеткізді. Сонымен бірге, ол алда келе жатқан мереке – Астана күнімен жиналған жұрт пен қала халқын құттықтады.
«Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысын құру идеясын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ілгерілеткен болатын. Өткен жылдың қараша айында «Болашақ» стипендиаттарының мерейтойлық форумында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Қазақстан-2050» – бұл біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз, ол біздің халқымыз ұмтылған ұлы құндылықтарды айқындайды. Мен бұрыннан бері ойымда пісіп-жетілген бір идеямен бөліскім келеді. «Болашақ» негізінде «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысын құруды ұсынамын», – деген-ді. Президент бастамасын қолдаған ынталы топ былтыр желтоқсанда «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының құрылғаны туралы жариялады. Қозғалыстың негізгі міндеті – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында жазылған саяси бағытын қолдау арқылы Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына енуін қамтамасыз ету. Бұл мақсатта қозғалыс Стратегия аясынан туындайтын түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асырады», – деді шараның ұйымдастырушылары.
Түрлі идеялар мен ұсыныс-пікірлерді ортаға салған бұл қозғалыстың тұңғыш форумын қорытындылаған «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Данат Жұмин Елбасының салиқалы саясатын жүзеге асыру барысында қозғалыс жүйелі жұмыстар атқара беретіндігін тілге тиек етіп, жиынға қатысқан барлық делегаттарға ризашылығын жеткізді.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.