01 Шілде, 2014

Форум мақсаты – Елбасы стратегиясын жүзеге асыруға атсалысу

420 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
ERA_0643 Өткен сен­бі­де ел­ордада «Қазақ­стан-2050» Жалпы­­ұлт­­тық қозға­лы­сы­ның  І форумы өтті. Жиын­­ды Пре­зи­дент Әкім­­шілігі Бас­шы­сы­ның орынба­сары Бағлан Майлы­баев құттықтау сөзбен ашты. Форумға еліміздің барлық өңір­лерінен дерлік түрлі мамандық иелерінен құралған төрт жүзден астам делегат қатысты. Оның ішін­де форум спикерлері ретінде мем­лекеттік орган, бизнес құры­лымдар және үкіметтік емес ұйымдар жетек­шілері мен бұқаралық ақпа­рат құралдары өкілдері бар. Шара­ның басты мақсаты ел халқын «Қа­зақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға жұмылдыру болса, форум барысында аталған стратегияның мақсат-міндеттерін орындауға бағытталған қозғалыстың түрлі жобалары талқыланды. Сондай-ақ, «Қазақстан-2050: әлемдегі ең үздік мемлекеттік басқару жүйесін қалай құру қажет?», «Қазақстан-2050: әлем­дегі ең мықты экономиканы қалыптастыру жолы» сынды тақырыптар арқау болды. «Елбасының Мәңгілік Ел идея­сын іске асыруда экономиканы дамыту қажет. Ол үшін зауыт, фабрикалар мен инвестициялардан бұрын кадрлар керек. Бізде бұл жағы тапшы. Зауыт-фабриканы салғанмен, онда жұмыс істейтін маман жоқтың қасы. Көбіне бізде гуманитарлық мамандықтарға бару көп. Техникалық мамандар жетіспейді. Оның да дені жоғары білімділер. Ал шындығында, бізге кәсіби техникалық қызмет жасайтын орта буын мамандар керек. Мәселен, индустриялық-инновациялық жобаларды мақтанышпен айтамыз, алайда сол жобаларға 15 пайыздай ғана жоғары білімділер жеткілікті болса, қалғандарына, яғни жұмыстың жүру үдерістеріне техникалық жұмысшы мамандар керек. Бұл тұрғыда бізде не кадр­ды сырттан алып келу немесе өзіміз­де үйрету сынды екі мүмкіншілік бар. Сол себептен біздің қазіргі таңда қойып отырған мақсатымыз – жастарға сапалы кәсіби техникалық білім беру мен оны наси­хаттау, сонымен бірге, осындай маман­дық иелерін жұмысқа тұрғызу және сол арқылы экономикамызды дамыту. Қазіргі таңда «Серпін-2050» атты жобаны қолға алудамыз және бұл тұрғыда бірнеше облысты араладық. Мұндағы мақсат та өзіміздің жас­тарға қай жерде қандай оқу орны мен қандай гранттар бар және оны қалай игеру мен жұмысқа тұрып, елге қалай қызмет жасау керектігі жөнінде айтамыз», – деді форумда сөз алған «Өрлеу» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов. Жиында, сондай-ақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов кадрларды іріктеу жүйесінің маңызы туралы айтты. «Егер өскелең бала үйдегі үлкендер­дің әңгімелерінен, жұмысқа тұру тәжірибесінен, жұмысқа тұру үшін бірінші кезекте әкесінің, көкесінің танысын іздеу керек дегенді естісе, ол бала оқуға ұмтылмай тамыр-танысқа жақын жүру «ауруына» ұшырап, солардың айтқанымен жүрсем болды, солар бір жерге апарады деп сенеді. Ал егер ол іріктеу кезінде шынында да біліміне, білігіне қарап іріктеліп, сонан кейін оның жалақысы да білімінің арқасында отбасын қамтамасыз етуге лайықты болатындығына мүмкіндігі барын білсе, онда ол балалардың бойында білімге деген құштарлықты туғызуға себепкер болады», – деді Ә.Байменов. «Тәуелсіздігімізге 23 жыл тол­ғалы отыр. Өздеріңізге белгілі, Қазақстан егемен ел болды деп біздің барлық көршіміз бірдей атойлап, біз секілді бөркін аспанға атқан жоқ. Кейбіреулер оны мәжбүрлік ретінде де қабылдады. Бірақ біздің ұлтымызда тәуелсіздік кезінде жинақталған тәжірибе болмады. Осы өтпелі кезеңде, әрине, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап мемлекетіміздің басында Нұрсұлтан Әбішұлы секілді көреген, саяси жігері өмірлік тәжірибемен толысқан, өмірдің жан-жақты тынысын терең түсінетін адамның болғаны біздің ұлтымыздың бағы деп есептеймін, – деп әрі қарай әңгімесін жалғады. – Мемлекеттік басқаруды дамытқанда, әрине, бірінші кезекте қандай реформа болмасын, басқаруды жоғалтып алмау керек. Басқаруды жоғалтып алу оңай, ал оны қалпына келтіру қиын. Сондықтан эволюциялық жол болу керек. Мәселен, өздеріңіз көргендегідей, кейбір мемлекеттер осы бағыттағы реформаларда тым алға кетіп қалып, қоғам оның соңынан үлгермей жатса, ішкі қайшылық туындайды да, сая­си мәдениеті жетілмеген ортада қиындыққа ұшырайды». Осылай деген агенттік төрағасы өткенге шегініс жасап, оған өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді. Сонымен қатар, ол форумға жиналған жұртшылықтың саладағы өздерін толғандырған түрлі сауалдарына жауап берді. «Даму-2050» ЖШС директоры Пазылбек Мұстанов та форумға өз жобасымен келіпті. «Менің жобам қазақ интернетін теріс идео­логиялардан сақтауды және мемлекеттік идеологияны насихаттауды қарастырады. Халықтың пікірталас алаңы қазіргі таңда интернет екені белгілі. Газет-журнал, телевизияда пікірталастар жүріп жатқан жоқ деп айтуға болады. Өйткені, оның барлығы да бақылауда. Осы бақылаудан тыс болып тұрған тек интернет. Қазақстанның тұтастығын, аумақтық тұтастығын, ұлттық қауіпсіздігін, конституциялық құрылыстарын бұзатын сырттан сан түрлі ақпараттар кіруде. Мұның барлығы да біздің халқымыздың санасын бұзып жатыр. Бұл қандай да бір жазалау шаралары немесе тосқауыл қою арқылы шешіле салатын дүние емес, оны тек қарсы насихат арқылы ауыздықтауға болады деп ойлаймын», – деді П.Мұстанов. Батыс Қазақстан облысынан келген делегат Ғайса Жұмалиев Елбасының «Қазақстан-2050» Стра­тегиясын жүзеге асыруда жасалып жатқан бүгінгі жиынның өздеріне үлкен серпін бергенін жеткізді. Сонымен бірге, ол алда келе жатқан мереке – Астана күнімен жиналған жұрт пен қала халқын құттықтады. «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысын құру идеясын Мем­лекет басшысы Нұрсұлтан Назар­баев ілгерілеткен болатын. Өткен жылдың қараша айында «Болашақ» стипендиаттарының мерейтойлық форумында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Қазақстан-2050» – бұл біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз, ол біздің халқымыз ұмтылған ұлы құндылықтарды айқындайды. Мен бұрыннан бері ойымда пісіп-жетілген бір идеямен бөліскім келеді. «Болашақ» негізінде «Қазақ­стан-2050» Жалпыұлттық қозға­лысын құруды ұсынамын», – деген-ді. Президент бастамасын қолдаған ынталы топ былтыр желтоқсанда «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының құрылғаны туралы жариялады. Қозғалыстың негізгі міндеті – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында жазылған саяси бағытын қолдау арқылы Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына енуін қамтамасыз ету. Бұл мақсатта қозғалыс Стратегия аясынан туындайтын түрлі бағыттағы жобаларды жүзеге асырады», – деді шараның ұйымдастырушылары. Түрлі идеялар мен ұсыныс-пікірлерді ортаға салған бұл қозға­­­­лыстың тұңғыш форумын қоры­тын­дылаған «Қазақстан-2050» Жалпы­ұлттық қозғалысы кеңесінің төр­ағасы Данат Жұмин Елбасының сали­қалы саясатын жүзеге асыру ба­рысында қозғалыс жүйелі жұ­мыс­тар атқара беретіндігін тілге тиек етіп, жиынға қатысқан барлық делегаттарға ризашылығын жеткізді. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, «Егемен Қазақстан». Суретті түсірген Ерлан ОМАРОВ.