Президент • 29 Наурыз, 2023

Биыл аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланады

422 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Бұл туралы Президент VIII сайланған Парламенттің алғашқы сессиясында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланады

«Небәрі бір жылда мұндай ауқымды жұмысты іске асыру – нағыз жасампаз жұрттың ғана қолынан келетін шаруа. Біз Отанымызды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дәуірге қадам бастық. Бірақ өзгерістер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құрылымды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс», деді Президент.

Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдері сайланады. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды.

«Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз», деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ бұл өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет.

«Алған бетімізден қайтуға болмайды. Керісінше, заң үстемдігі, халық бірлігі, әлеуметтік әділдік және ішкі саяси тұрақтылық секілді іргелі құндылықтарға баса мән бере отырып, реформалар жолымен алға қарай нық қадам басуымыз керек», деді Мемлекет басшысы.