Президент • 29 Наурыз, 2023

Экономиканы монополиядан арылту жұмыстары жалғасады

191 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар жалғасатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Экономиканы монополиядан арылту жұмыстары жалғасады

Қасым-Жомарт Тоқаев жақын арада заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару бойынша тиісті заң қабылданатынын атап өтті.

«Өткен жылдың басынан бері экономиканы монополиядан арылту жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл – Үкіметтен ерік-жігер мен жоғары кәсібилікті талап ететін күрделі процесс. Бұл жұмысты жалғастырған жөн. Трансфертті баға белгілеу, халықаралық салық салу, субсидия мен мемлекеттік ресурстарды бөлу кезінде бақылауды қамтамасыз ететін түсінікті және тиімді құралдарды қолданысқа енгізу қажет.

Президент болып қайта сайланғаннан кейін ең бірінші заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанымды еске саламын. Үкімет пен Бас прокуратура жеке заң жобасын әзірледі. Парламент тиісті заңды жуық арада қабылдауы керек», деді Президент.

Сондай-ақ осы мәселені жиі көтеріп жүрген «Ақ жол» партиясы белсенділік танытанына әрі Парламентке өткен Respublica партиясына бизнестің дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.

«Жалпы орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау саясаты мемлекетіміздің ұзақ мерзімге арналған тұрақты стратегиясына айналуы керек. «Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы монополиядан арылту туралы үнемі айтып жүр. Партияның Мәжілістегі депутаттары осы жұмысқа өз үлесін қосады деп сенемін. Сондай-ақ кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған Respublica партиясы Парламентке өтті. Бұл ұйым бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруға атсалысады деп ойлаймын»», деп атап өтті Мемлекет басшысы.