Астана мен Созақ
Астананың салынуы – ел өміріндегі аса ірі тарихи оқиға, Қазақстан халқының мерейлі мерекесі. Тарих өлшемімен қарағанда қас-қағым сәт болып көрінетін аз ғана жылда қазақ халқы ғасырларға бергісіз жолды жүріп өтті. Өз астанасын тұңғыш рет өзі анықтаған жас мемлекет сол елордасын сәулетті де сәнді шаһарға айналдырды. Асқақ ару Астана – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың болашақты болжар кемел көреген саясатының жемісі. Бейбітшілік пен келісім сарайында елордамыздың он бес жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, халқымыздың кешегісі мен бүгіні, болашағы туралы, елдің орталығын Қазақстанның қақ жүрегіне – Сарыарқаның сайын даласына көшірудің тарихи маңызы туралы ой тербеген болатын. Біз ғасырлар тоғысында тәуелсіз жаңа мемлекет орнатып, байтақ еліміздің дәл ортасынан бас қаламыз – Астананы салдық. Бүгінде әлемдік қауымдастық үшін Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып кетті. Бұл ұғым қарыштап даму мен өрісті өркендеудің өнегелі үлгісі ретінде орнықты. Біздер, қазақстандықтар, Астананы асқақтату арқылы дүние жүзіне өзіміздің келешегі кемел, әлеуеті қуатты мемлекет екенімізді таныттық.
Осыдан тура 20 жыл бұрын, 1994 жылдың 6 шілдесінде Парламент қабылдаған шешім шын мәнінде тарихи да тағдыршешті шешім болды. Бұл шешім тәуелсіздіктің алғашқы жемістері ғана емес, жас мемлекетіміздің тұңғыш жеңістерінің де бірі еді. Осы жылдар ішінде әлемге танылған Астана Қазақстанды да әлемге әйгілі етті. Сарыарқа төсінен бой көтерген Астана бүгінде еліміздің мақтанышына, даламыздың көркіне айналып отыр.
Біз еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстырдық, елорданы Алатау бауырынан Арқа төсіне көшірдік деп айта салу аздық етеді. Шын мәнінде, біз еліміздің жаңа бас қаласын тұрғыздық. Сол арқылы іс жүзінде жаңа мемлекет құруға кірістік. Халқымыз жаңа да жас мемлекетінің астанасын өзінің қалаған жеріне, өзінің қалауы бойынша орнатты. Ең бастысы, өзінің кіндік қаласының құрылысына білек сыбанып, бар күш-қайратын, ынта-жігерін салды. Әр көшеге, әр үйге жүрек мейірін, перзенттік сүйіспеншілігін, жан жылуын жұмсады. Астана осылайша халқымыздың аялы алақаны, ыстық мейірімімен тұрғызылды. Сондықтан да, бұл қала бәрімізге ерекше қымбат, айрықша аяулы.
Бодандыққа түскен соңғы екі жарым ғасырда қазақ халқы ешқашан өз астанасын өз бетімен белгілеп, осылай мәңгілік орталыққа айналар ордасын өзі айқындаған емес. Тасын түртсең тарихы оянатын қарт Қаратаудың төсіндегі әулиелі Созақ шаһары да жылнамалар тізбегінде Керей мен Жәнібек хандар қазақ елінің басын біріктіргенде астана болған киелі кент. Қазақ халқының алғашқы астанасы болған Созақ өңірі бұл күнде жаңа Астанадан жігер алғандай жарыса жандануда. Өткен жылы ауданымыздың жалпы бюджет берген кірісі 57 млрд. 997 млн. теңге болса, тауарлы өнім өндіру көлемі 184 млрд. 264 млн. теңгені құрады. Ауданымыз бұрын артта қалған отыз ауданның ішінде болса, бұл күнде күннен-күнге гүлденіп, облыста алдыңғы қатарлы аудандар қатарына ілікті.
Қазіргі Созақ ауданының орталығы Шолаққорғанда небір шаңқан да еңселі үй-жайлар, мәдени-әлеуметтік нысандар салынып үлгерді. Созақтың өзге кенттері де елордамызға еліктейді. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының Созақтағы уран өндіретін кәсіпорындары ауданымыздың әлеуметтік жағдайын өркендетуге орасан зор үлес қосуда.
Тәуелсіздіктің негізгі мәні тарихтың жаңа бетін өз еркіңмен, өз шешіміңмен бастауда болса керек. Тәуелсіздік бізге жаңа жолымызды, өзіміздің соны соқпағымызды табуға зор мүмкіндік ұсынды. Сол жаңа жолымызды біз Астана арқылы таптық.
Қазіргі кезде Астана біздің келешегімізге қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын мемлекетіміздің саяси орталығы ғана емес, ұлттық рухымызды ұйытып отырған рухани ордамызға да айналды. Кешегі өткен замандарда атамекенін ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап өткен халқымыз бүгінгі бейбіт бәсекеде де намысқа шаба білді. Жасампаздық істерде жасқанбай, ата-баба аманатына адалдығын танытты. Өркениет көшіне еркін қосылған ұлт ретінде білімділік те, біліктілік те, білектілік те, жүректілік те көрсетіп, сын сағатта сыр бермеді халқымыз.
Астана бүгінде жаһандық басқосулардың орталығына айналды. Жақында өткен VII Астана экономикалық форумына бірқатар мемлекет басшыларының келуі қазақтың елдігі мен оның басшысына деген үлкен құрмет деп білемін. Олардың қай-қайсысы да Астананы көшіру туралы шешімнің геосаси, әлеуметтік-экономикалық, рухани-тарихи тұрғыдан алысты болжаған шешім болғанын айтуда. Қазақ елінің қақ жүрегінде тұрғандықтан да тоғыз жолдың торабына айналып, көздеген үдеден шыққан Астана осы мүмкіндіктердің арқасында бүгінгі биікті ентікпей бағындырды. Сөйтіп, ол өзіне жүктелген тарихи міндеттерді ақтады. Ендігі жерде Тәуелсіз еліміздің елдігі мен бірлігінің, жарқын болашағының кепілі болмақ. Қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі мен халқының тұрмыс жағдайларының жақсаруына бүгінде құрылғанына 80 жыл толып отырған ауданымыздың да қосқан үлесі зор. Өнеркәсібі дамыған аграрлы аудан экономикасының барлық салаларында оңды өзгерістер мен жетістіктер аз емес.
Ауданның орталығында ғана емес, барлық ауылдарында тұрғын үйлер салынып, көшелер асфальтталып, жарықтандырылып, жолдар жөнделуде. Саябақтар, саяжолдар сәулеттендірілуде. Әсем ғимараттар бой көтеруде. Осының барлығы Елбасының көреген саясатының, оны қолдай білген халқымыздың даналығы екендігі даусыз. Осыдан біршама жыл бұрын экономикасы тұралап, ауыл шаруашылығы тоқырауға ұшыраған, өнеркәсібі мүлдем кенжелеп қалған ауданымыздың қазіргі таңдағы қол жеткізген жетістіктерін әрбіріміз мақтанышпен айта аламыз.
Астанаға Созақтың ардагерлері де, орта буын өкілдері де, жастар да жиі сапарлайды. Қазақтың арғы-бергі тарихында Ордабалық, Суяб, Тараз, Баласағұн, Сығанақ, Жент, Сарайшық, Түркістан сияқты қалаларда ордалы жұрттың туы тігілген. Ертедегі ер Едігеден бастап, айбынды Абылайға дейінгі хандардың көбі осы Есіл бойында орда тіккендері тегін болмаса керек. Сондықтан да, бүгінде Астананың дәл іргесінен табылған Бозоқ қаласы маңынан Мемлекет басшысы «Қазақ елі» монументін салтанатты түрде ашып, бұл кешеннің енді қазақстандықтар тағзым ететін бас ескерткіші болатындығын баса айтты.
Елбасының арнайы тапсыруымен бой көтерген ескерткіштің биіктігі – 91 метр. Бұл Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылмен байланысты, стелланың ұшар басындағы Самұрық құс еркіндіктің, күш-қуаттың, теңдік пен тәкаппарлықтың символы. Іргесі берік, шаңырағы биік Қазақ елінің жиынтық бейнесі. Астананың арқасында біз елдің иесі, жердің киесі кім екенін әлемге айқын таныттық. Барша қазақстандықтарды ортақ мүдде жолына барынша ұйыстырып, ұлттар мен ұлыстарды жұмған жұдырықтай жұмылдыра білдік. Астананың арқасында қазақ бұрынғыдан да бекем біріге түсті. Міне, елордаға барып қайтқан созақтықтар осынау жағдайлардың бәрін біледі, мақтан тұтады.
Елдің еңсесі тіктелді, рухы көтерілді. Елбасымыздың Жолдауында өзі атап көрсеткеніндей, ел дамуының «жасыл» жолына көшуде ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады. Бұл үлкен де үлгілі іске созақтықтар да үлес қосады.
Аманғали АЙМҰРЗАЕВ,
Созақ ауданының әкімі.
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Экотакси – заманауи көлік
Былтырғы жылдың аяғында Астанада «Экотакси» қызметі тұсауын кесіп, елордалық жолаушылар экологиялық отынмен жүретін көліктердің қызығын көре бастаған болатын. Жобаның мақсаты елордада экологиялық отынмен жүретін көліктерге арналған ірі такси паркін ашу және Астанаға келімді-кетімді кісілерге қоғамдық қызметтің заманауи түрін ұсыну еді. Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында «Елдің дамудың «жасыл» жолына көшуіне Астанадағы алда тұрған ЭКСПО-2017 қуатты серпіліс беруі тиіс. Астанада ғылым мен техниканың үздік әлемдік жетістіктері ұсынылатын болады. Көптеген қазақстандықтар біз қол созып отырған «болашақтың энергиясын» өз көзімен көре алады», – деп атап көрсеткен болатын. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында «Astana Green City», «Astana Mobility» және «Welcome to Astana» атты үш маңызды жоба қолға алынды. «Astana Mobility» жобасының аясында осы «Экотакси» қызметі дүниеге келіп, ол 2013 жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысына ұсынылды. Бұл жобаны Президент қолдап, өзі осы таксопарктің алғашқы жолаушысы атанды. Экологиялық таза көліктердің тұсаукесерінде сөз сөйлеген Елбасы бұл жобаны іске асыру ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге қала инфрақұрылымын даярлаудағы алғашқы қадамдардың бірі екенін атап өткен еді. Қазіргі таңда барша әлемді экологиялық мәселе алаңдатып отырғаны белгілі. Дүниежүзінің жасыл экономикаға көше бастауы да сондықтан. Елімізге үлкен жауапкершілік ретінде жүктеліп отырған ЭКСПО көрмесінің тақырыбы да болашақ энергиясы. Яғни, қауіпсіздік жағынан барлық талаптарға сай келетін, қоршаған ортаға зияны тимейтін, өзі үнемді энергия бұл. Ғаламшарды толғандырып отырған мәселені өзек еткен еліміздің өзі де өзгеге үлгі ретінде біртіндеп «жасыл» жолға көше бастауы керек. «Экотакси» де осы мақсатты жүзеге асырудың бір жолы. Таксопарк басшылығының айтуынша, мұндай жобаның баламасы Орталық Азияда жоқ көрінеді. Бұл еліміздегі такси паркі саласындағы бизнестің дамуына жаңа серпін береді дейді олар. «Экотакси» қызметі іске қосылғанда, оңтүстіккореялық «SsangYong Kyron» маркалы 100 автокөлігі жолға шықты. Енді бұл сан 2017 жылға қарай 500-ге жеткізілмек. Ал биыл Астана күніне қарай «Peugeot Partner Tepee» маркалы 70 автокөлігін іске қосу көзделуде. Сондай-ақ, заманауи таксопарк құрылысын салу, теміржол вокзалы, «Хан Шатыр» СО, «Керуен» СО алаңдарындағы автотұрақтарда экотаксилерге арналған орындар ашу жоспарланып отыр. Жалпы, экотаксилер экологиялық жағынан ғана емес, қауіпсіздік жағынан да таптырмайтын көліктер. Өзі сұйытылған газбен жүреді. Бағасы бензинге қарағанда екі есе арзан. Такси салонының ішінде жолаушыларға жайлы жағдайдың бәрі жасалған. Атап айтқанда, таксидің қайда жүргенін диспетчерлер монитор арқылы бақылап отырады. Соның арқасында экотаксиді шақырған жолаушылар көлікті көп күтпейді. Жүргізуші демекші, «Экотакси» қызметіне жұмысқа алынған азаматтардың көлік жүргізудегі тәжірибесі ғана емес, оның сыртқы түр-келбеті де тартымды болуы керек екен. Таксидің құнын таксометр есептеп шығарады. Бұл – жүрген жолыңыздың қашықтығына байланысты. Негізгі тариф, яғни 5 км.-ге дейін – 750 теңге. Егер баратын жеріңіз осы қашықтықтан асып кетсе, әр километріне 120 теңге төлейсіз. Жолай дүкенге немесе дәріханаға, басқа да орындарға кіріп-шығуға болады. Таксидің 10 минут күткені тегін. Одан асып кетсе, әр минутына 28 теңге төлеуге тура келеді. Аэропорттан алып келу – 2700 теңге. Әрине, қаладағы «жабайы таксимен» салыстырғанда, бұл арзан баға емес. Есесіне, қауіпсіздігіңіз 100 пайыз сақталады. «Экотакси» қызметі іске қосылған күннен бүгінге дейінгі мерзімде 70 мың тапсырыс келіп түсіп, соның 59 800-і орындалған екен. Күніне желіге 90 көлік шығады. Соның 65-і – күндіз, 25-і түнде жұмыс істейді. Әр экипаж бір ауысымда орта есеппен 15 тапсырыс орындайды екен. Жолай алып кететін жолаушыларды есептемегендегі сан бұл. «Экотаксиге» қызметке тұрғысы келгендерге талап қатал деп жоғарыда айттық. Соның әсері болар, бүгінге дейін 600 адаммен әңгімелесу жүргізіліп, 180 жүргізуші жұмысқа қабылданған екен. Қазір 80-і жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгінде экотаксилердің 26-сында төлем қабылдау терминалы орнатылған. «Барлық көлігімізге де терминал орнатар едік, бірақ банктерде бұл қондырғы жетіспейді екен. Дегенмен, биыл екінші тоқсанның ішінде қалған таксилерді терминалмен жабдықтау жөнінде банкпен келісімге келдік», – дейді таксопарк басшылығы. Айтпақшы, осы жылдың 1 маусымына дейін экотаксилерге Wi-Fi нүктесін орнатып, жолаушыларды сымсыз тегін ғаламтормен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Қымбат ТОҚТАМҰРАТ, журналист.Орталық саябақтың жаңа шежіресі
Қала күні қарсаңында «Астаналық» демалыс және мәдени орталық саябағының ашылуы көптен күткен жаңалықтың бірі болатыны сөзсіз. Қала тарихымен бірге жасасқан көне саябақтың жаңа шежіресінің басталуы айтулы оқиға ретінде аталып өтілмек. Аталмыш саябақ енді жаңа заманауи техникалық жетістіктермен қала тұрғындарына қызмет көрсетпек. Саябақтың орталық серуенжолы бойымен ұзыннан созылған «Уақыт өзені» өз бастауын сағат орнатылған стелла маңынан ала отырып, тарих пен қазіргі заманның түйіскен тұсына баланған «Қазақстан күні» монументіне келіп құяды. Осылайша, ұрпақ сабақтастығы айқын көрініс табады. Осыған орай, саябақтың салтанатты ашылу рәсімі «Уақыт өзені» деген атауға ие болып отыр. Астанаға биыл – 16 жыл. Осыған байланысты «Астаналық» саябағының ашылу салтанатында 16 жасқа толған бозбалаға саябақ атынан символикалық кілт табыс етіледі. Жас астана өз құрдастарын қабыл алады және мойындайды. Оған жас ұрпақ өкілі ретінде сенім және үлкен үміт артады. «Астаналық» орталық саябағы ашылу салтанатына өмірімізді түрлі әсерге бөлейтін спортшылар, әртістер мен бишілер қатысады. Жаңа астаналық саябақ – жаңарған архитектурамен үйлесім тапқан арт-элементтермен өрнектелген жаңа құрылым. Саябақта қызықты әрі заманауи технологиялық архитектура арқасында қолөнер шеберлері көрмесі, қазіргі заманғы суретшілердің түрлі арт-инсталляция мен арт-заттары қолайлы орналасады. Саябақтың ашылу салтанаты өткен соң, 5-7 шілде күндері «Балалық шақ кемпірқосағы» ойын-сауық бағдарламасы іске қосылады. Бағдарлама аясында жанды мүсіндер келушілердің көңілін аулайтын болады. Сонымен бірге, отбасылық эстафета, ролик, скейтборд, велосипед тебу ойындары ұйымдастырылады. Және хэндмейкер шеберлерінің бұйымдары қойылатын сауда аймақтары ұйымдастырылады. Негізгі сахнада заманауи ұжымдардың қатысуымен музыкалық бағдарлама өткізіледі. Дәл осы жерде «Алма» отбасылық фестиваль бағдарламасы өз жұмысын бастамақ. Суретшілердің жетекшілігімен келушілер өз қолдарымен фестиваль көркін ашатын арт-заттар жасай алады. Мерекенің көрігін бірегей «жасыл» кинокөрсетілім қыздырмақ. Қонақтар жүректерге жол тапқан қызықты фильмдерді тегін тамашалай алады. Алайда, киносеансқа келушілер бірден қызыққа еніп кетпей, тегін фильм көру үшін тер төгеді. Яғни кинопроектор мен аудиожүйені электр қуатымен қамтамасыз ету үшін дизельді генератор емес, көрермендердің проектор тепкісін (педаль) айналдыруы нәтижесінде келушілердің дене күші пайдаланылады. Ұйымдастырушылар барша қала тұрғындарын қайта түрленген саябақты тамашалауға және «Астаналық» демалыс және мәдени орталық саябағының мерекелік бағдарламасына қатысуға шақырады. Ұлбосын РАҚАЕВА, Астана күнін өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитеті медиа-штабының үйлестірушісі.Ауыл мұғалімінің қолөнер бұйымдары
астаналықтар арнайы тапсырыспен алдыратын тауарға айналуда
Ауыл мұғалімі Елдос Ыдырыс бос уақытында қолөнермен айналысуды кәсіп етеді. Ағаштан кәдесыйлар, естеліктер, домбыра мен қобыз секілді ұлттық аспаптар жасайды. Ауыл ұстазының қолынан шыққан туындыларға сұраныс та жоғары. Алматы, Астана, Қарағанды қалаларынан арнайы тапсырыс беріп алдыратындар да бар. Елдос Амануллаұлы Кентау қаласына қарасты Құсшы ата ауылындағы Төрткүл-төбе мектебінің мұғалімі. Орыс тілінен және еңбек сабағынан дәріс береді. Екі пәнді бір-бірінен бөле-жара қараған емес. Екеуі де жанына жақын. Балаларды өзіндік тәсілдерімен қызықтырып отырады. – Алғаш рет орыс тілі мамандығын меңгердім. Қазіргі кезде аударма ісімен де айналысамын. Оқушыларға орыс тілін меңгерсеңдер ертеңгі күні аудармамен айналысып, ақша табуға болатынын әрі өздерінің де тіл меңгеру жағынан сауаты артатынын айтып қызықтырамын. Өмірлік тәжірибелеріммен бөлісемін. Қолөнерге жақын болғандықтан кәсіптік білімді меңгердім. Еңбек сабағында оқушылармен ағаштан түрлі заттарды жасаймыз. Станоктарды пайдаланып ою-оямыз, ағаштарды әрлейміз, – дейді шебер. Елдостың жасаған кәдесыйларының бағасы аса қымбат та емес. 500 теңге мен 5000 теңгенің аралығында. Кейбір бұйымдар арнайы тапсырыспен тұтынушыларына жеткізілсе, қалғандарын жеңіл көлігіне салып алып үлкен қалаларға тасиды. Көтерме бағамен келісіп, өткізуге тырысады. Мемлекеттік «Бір салалы шағын қалаларды дамытуға» енген Кентау қаласында өңірде жоқ өмірлік жобаларға арнайы гранттар берілуде. Елдос та бизнес-жоспарын жасап, жобаға қатысты. Нәтижесінде 2 млн. 300 мың теңге қайтарымсыз қаржыны иеленді. Оның 1 млн. 700 мың теңгесіне шеберханаға қажетті құрал жабдықтар, станоктар сатып алған. – Мемлекеттік бағдарламаның аясында заманауи станоктарға қол жеткіздім. Яғни, бір станоктың өзінде 3-4 жұмысты қатар атқаруға болады. Мәселен, ағашты тіледі, жонады, кеседі және астыңғы, үстіңгі қырларын салып береді. Бұрыштап кесетін станок та бар. Кәдесыйлардың түбіне дейін тазалайтын бор машинка алдым. Үш-төрт адамның жұмыс істеуіне қажетті құрылғыларға қол жеткіздім. Тағы екі станокқа тапсырыс беріп қойдым. Соларды алсам шеберханам 100 пайызға жабдықталады. Қазіргі кезде қалалық жұмыспен қамту бөлімі арқылы жұмыссыздар арасынан қолынан іс келетін азаматтарды іздестірудемін. Үш-төрт адамды тұрақты жұмыспен қамту ойымда бар, – дейді Елдос Амануллаұлы. Бүгінгі күні Елдос мектептен арнайы үйірме ашқан. Онда балаларды еңбекке баулып, ағаштан түрлі бұйымдар жасауды үйретеді. Шебер майда жұмысқа келгенде жастардың шыдамдылығы жетіспейтініне налиды. Себебі, алғашында қызығушылықпен келген 20-30 баладан қазіргі кезде бес-алтауы ғана үйірмеге тұрақты келіп тұрады екен. Өзінің ұлы Дінмұхаммед те әкесінің жолын қуған суретші. Жас суретшілер арасында өткен облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алыпты. Қайрат ЗАЙНИШЕВ. Оңтүстік Қазақстан облысы.Бетті әзірлеген Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» .
