Мәдениет • 29 Наурыз, 2023

«Қазақстанның халық әртісі» атағы қай кезден бастап берілді?

1183 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақстанның халық әртісі» атағын қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстанның халық әртісі» атағы қай кезден бастап берілді?

Қазақстанның халық әртiсі - мәдениет саласының үздік тұлғаларына берілетін құрметті атақ. 

Бұл марапат 1920 жылдары белгіленген болатын. «Қазақ АКСР халық әртісі» атағы алғаш рет 1923 - 1924 жылы А.В. Затаевич пен Н.П. Анненкова Бернарға, 1931 жылы қазақтың ұлттық профессионалды театр өнерінің негізін салушылар, актер Елубай Өмірзақов пен режиссер, драматург Жұмат Шанинге берілген. 

Егемендік алғаннан кейін бұл атақ 1991 жылдан «Қазақстанның халық әртісі» деп өзгертілді.

Тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласына елеулі үлес қосқан азаматтар «Қазақстанның халық әртісі» атағымен марапатталған. Олардың қатарында қазақ балет әртісі Болат Аюханов, театр және кино әртісі Бикен Римова, әнші Роза Рымбаева, Ескендір Хасанғалиев, актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұлов, театр актрисасы Зәмзәгүл Шәріпова, Роза Әшірбекова, Хабиба Елебекова, Қазақтың тұңғыш кәсіби иллюзионисі, көрнекті эстрада-цирк әртісі Сара Қабиғожина және осы сынды тағы басқа да азаматтар бар.

Бүгінде елімізде 49 өнер қайраткері «Халық әртісі» атағына ие. Оның 37-сі мемлекеттік мәдениет мекемелерінде жұмыс істейді.

1999 жылы «Қазақстанның халық әртісі» атағы алынып тасталды.

2014 жылы Тұңғышбай Жаманқұлов бұл атақты қайтару жөнінде ұсыныс білдірген. 

«Мәдениет пен өнер адамдары халық сүйіспеншілігіне бөлену үшін жанын сала қызмет етеді. Олардың бизнесмендер секілді ақшасы мен жиған-тергені болмайды. Әртіс үшін еңбегі жанып, атақ-даңқы еленіп жатса, олардан бақытты адам жоқ. Сондықтан «Еңбек сіңірген әртіс» және «Халық әртісі» деген құрметті атақтарды бұрынғы жүйемен қайта жаңғырту қажет», деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

2022 жылы Президент «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын қайтару туралы министрлікке тапсырма берген.

Ал бүгін VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақстанның халық әртісі» атағын қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын айтты.