Форум • 29 Наурыз, 2023

Отандық стартаптың олжасы

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бішкекте өткен «Central Asian Tech Awards – 2023» бай­қауының жеңімпаздары анықталды. Жеті аталымның үшеуінде отандастарымыз үздік атанды. Олар АҚШ-тағы Кремний алқабына жолдама алды.

Отандық стартаптың олжасы

Орталық Азия технологиялық форумы аясында өткен байқауға барлығы 114 өтінім түскен, оның 39-ы Қазақстаннан берілген. Бай­қауда жеңіске жеткен отан­дық стартаптар – Astana Hub мүшелері. Мәселен, Networks Energy стартапы теміржол кө­лігін өңдеу және теміржол са­ласындағы бизнес-үдерістерді автоматтандыруға арналған IT-платформа жасау арқылы күл­лі аймақтың технологиялық сек­торына айтарлықтай әсер еткені үшін «Орталық Азиядағы жыл серпіні» атағына ие болды. Аталған компанияның арқасында еліміз теміржол тасымалы үде­рістерін автоматтандыруға жол ашатын бірегей өнімге қол жеткізіп, IBM немесе SAP тех­но­логиялық алпауыттарының ли­цензиясы мен шешімдерінсіз жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

– Орталық Азия аймағындағы IT-технопарктердің көңілінен шығу – біз үшін үлкен мәртебе. Бұл марапат компанияның Қазақ­станды аймақтағы көлік­тік және цифрлық хабқа айналдырудағы үздіксіз күш-жігерінің маңыз­дылығын көрсетеді. Біздің команда өңірдегі логистикалық салада озық технологияларды әзірлеу және енгізу бойынша өз миссиясын жалғастырады, – деді Networks Energy бас директоры Бақыт Ержанов.

Отандық өнертапқыш әрі педагог Рүстем Ермеков «Ор­талық Азиядағы жылдың IT-педагогі» аталымында үздік деп танылды. Ол 2021 жылы «30-ға дейінгі Forbes»-тің тізіміне енді, сонымен қатар QBit – роботтехникаға арналған қазақстандық жинақты жасағаны үшін Saby қорының грантын жеңіп алды.

– Білім саласында жүргеніме 6 жылдай болды. Жұмысым таза энтузиазмға негізделген. Себебі дұрыс білім беру және сыни тұрғыдан ойлауды дамыту арқылы әлемдегі қордаланған мәселелерді шешуге болатынына сенімдімін. Қазіргі уақытта әртүрлі білім беру шешімдерін әзірлеп жатырмыз. Негізгі өнімдеріміздің бірі – QBit, балаларға STEM инженериясын, роботтехниканы және бағдарламалауды үйретуге арналған жинақ. Жақында micro:lab шағын цифрлық зертханамызды да іске қосамыз, – деп жоспарымен бөлісті Рүстем Ермеков.

Қазақстан атынан қатысқан тағы бір жоба – Red_mad_robot central asia «Ең жылдам дамып келе жатқан IT-компания – Экс­порт – шетелде ақпараттық-коммуникациялық технология қыз­меттерінің аутсорсингі» ата­­лымында жеңіске жетті. Ком­пания шағын және орта кәсіп­керлікке бизнес бағыттары бар әмбебап банктер үшін қар­жылық және қаржылық емес қыз­меттерге арналған цифрлық платформалар әзірлейді.

«Central Asian Tech Awards – 2023» байқауына Қырғыз­станның Жоғары технологиялық паркі, Astana Hub, IT Park Uzbekistan жетекшілері және Ор­талық Азияның IT-индустрия­сының басқа да сарапшылары қазылық етті. Орталық Азия технологиялық форумы Орталық Азия, Жапония, Германия, Оңтүстік Корея және АҚШ-тан келген 50-ден аса IT-компания мен 600 қатысушының басын қосты.