Елорда • 29 Наурыз, 2023

«Көпен келе жатыр!...»

420 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Сатираның диюы» атанған Садықбек Адамбеков, Оспанхан Әубәкіров сынды алыптар легінің ізін жалғаған Көпен Әмірбек есімі уақыт ағынымен бірге жандануда. Сатираның жілігін шағып, майын ішкен сардар талант соңына классикалық үлгі қалдырып, сара жол салды. Өнер деп сүрген өмір өнегесі кейінгіге сәуле шашып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасары даусыз.

«Көпен келе жатыр!...»

Күні кеше ғана елорда төрінде – Ұлттық академиялық кітапханада жазушы-сатирик, қоғам қайраткері Көпен Әмірбектің «Көпен келе жатыр!..» атты бестомдық шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Салтанатты жиынға Нұртөре Жүсіп, Бауыр­жан Омаров, Бердібек Сапарбаев, Жарыл­қап­ Бейсенбай, Дархан Мыңбай, Ислам Әбішев, Дихан Қамзабекұлы және басқа да белгілі­ қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер қатыс­ты. Алғаш сөз тізгінін алған Сауытбек Абдрах­манов сатирик есімінің дара сипатқа айнал­ға­нын­ жеткізді. 

– Осы 5 томдық шықты деген кезде таң қал­ға­ным рас. Себебі қай уақытта жазып үлгерген деп­ ойладым. Юмор бар жерде адамның жасам­паз­дығы көрінеді. Осы тұрғыдан қарағанда Көпен Әмірбек өткен ғасырдың 70-80-90 жыл­­­­дарында қазақ мәдениетінде елеулі рөл ат­қар­­­ған. Халқымызға ежелден тән қалжыңды, өт­кір­­ сөзді, сын-сықақты жаңа бір биікке кө­тер­­ген. Оспанханның даңқты дәстүрін жал­ғас­тырған жұлдызды ізбасары. Көпенді анық мойындаудағы тиісті дүние оның есімі. Біз Мұқағали, Фаризалар, Қадыр, Әбіштерді фамилия­сыз айтамыз. Көпен де сондай сирек даңққа ие болды, – деді ол.

 Ал сенатор Нұртөре Жүсіп Көпен Әмір­­бек­­тің атқарған еңбектерін тілге тиек етті.

– Сатира саласында Көпен Әмірбектің орны да,­ аты да, еңбегі де ерекше. 2000 жылдары сай­лауға Көпен аға да қатысқан. Жолы бол­май,­ өтпеді. Сол жағдайдан кейін бір күні кез­де­сіп қалдық. «Өзіңіздің үніңізді танытып, са­ти­ра саласында емін-еркін жүре бермейсіз бе»­ деп­ жұбату сөздерін айтқан едім. Содан ке­йін «Кө­пен­ келе жатыр!..» деген жоба басталып­ кет­ті­.­­­ Сол атпен міне халыққа жатталып қалды. «Айқын»­ газетінде «Ара» атауымен арнайы қо­сым­­ша шығып келе жатыр. Бұл да Көпен аға­ға­ көр­сетілген құрмет деп білеміз, – деді сена­тор.

«Көпен келе жатыр!..» атты бестомдық шы­ғармалар жинағының лентасын Бердібек Са­парбаев, Нұртөре Жүсіп, Бауыржан Омаров, Ислам Әбішевтер қиды. 

– Көпеннің шығармашылығы бала күнінен, қазақ газеттерінен бастау алған. Ең алғаш сурет салып, «Қазақстан пионеріне» суретін жібе­реді. Бірақ ол басылым бетіне шықпайды екен.­ Көпекең интеллектуалды сатираның иесі еді.­ Кез келген нәрсеге даярлықпен келетін. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де бірнеше жиын бол­ды. Ол кісі сахнаға шығып сөйлеген кезде­ ғылыми баяндаманың сатиралық форма­тын­ көрсетіп кететін,– деді академик Дихан Қам­за­бекұлы.

Модераторлық еткен журналист-жазушы Шархан Қазығұл кеш барысын әзілмен әдіптеп, сатириктің кеші көңілді өтті. Өз Көпенімен келген әрбір зиялы қауым өкілі пікірлерінен жаңа идеялар түзіліп, болашақтағы атқарылар іс-шаралардың сұлбасы жасалды.