Ұстаз • 29 Наурыз, 2023

Шамшырақ

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, елдің ертеңі болар өрендерді тәрбиелеу екінің бірінің қолынан келмейді. Өйт­кені ұстаздық әркімнің пешенесіне жазылмаған. Ұстаз болу – баланың бойына жүрек жылуын, мейірім шуағын, адамгершілік ұлылығын дарыту.

Шамшырақ

Отыз үш жылдан бері шәкірт тәрбиелеп келе жатқан Бағдар Нағымова туралы айтқанда ерік­сіз ойға осындай сөздер оралады. Жоғары санатты педагог зерттеуші еңбегінің өтілі – сан түрлі сайыс пен бәйгеде оза шауып, үздік нәтиже көрсетіп жүрген оқушылары. Бұл ретте Батыс Қазақстан облысына қарасты Теректі ауданының Подстепный №1 жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бағдар Жанұзаққызының шәкірттері аудандық, облыстық жарыстардан жүлдесіз оралған емес. Мәселен, Мәдина Ислямғалиева, Айжан Қанатова, Кирилл Свечников, Валентин Козлов, Нұрдәулет Мутиев сынды шәкірттері облыс­тық, республикалық додалардан жүлдесіз қайтқан емес.

Білім жүйесіндегі педаго­ги­калық шеберлігі мен шығарма­шылық ізденісі мұғалімнің өзін де марапатсыз қалдырған жоқ. Өскелең ұрпақты оқыту мен тәр­бие­леу жолындағы Бағдар Жан­ұзақ­қызының жетістіктері де аз емес. Облыстық білім басқармасы Құрмет грамотасымен марапатталған ұстаз «Тіл жанашыры» аталымының иеге­рі. «Ұлағатты ұстаз» X Респуб­ликалық оқытушылар сайысында 1-орынды иеленген әріптесіміз биылғы «Шығармашыл педагог» республикалық олимпиада да топ жарды.

Оқыту орыс тілінде жүргі­зілетін мектеп оқушыларына арналған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен олимпиада материалдарын дайындап, авторлық бағдарлама жазып шыққан педагог оқушылардың білім нәтижесі ең алдымен мұғалімнің жетістігін көрсетеді деп есептейді. «Әсіресе, аудандық сайыстар мен пәндік олимпиада қорытындысы кез келген оқушының білімін шыңдап қана қоймайды, пән мұғалімінің біліктілігін жетілдіруге жаңаша бағыт-бағдар сілтейді, жол ашады, ізденіске бет бұрғызады. Мәселен, «Өлең жаздым тоғыз тарау, жеті өрім, Сездім соның жүрек­терге жетерін...» тақыры­бындағы Қадыр Мырза Әли шығармашылығына арналған III әдеби конференция материалдарын дайындау кезінде өзім де әр оқушының қарым-қабілетін, білім деңгейі мен шығармашылығын сараптауға басымдық бердім. Себебі оқушы мен мұғалім ара­сын­дағы қарым-қатынас мәселе­сі осындай қарапайым түсіністікке құрылудан басталады», дейді ол.

«Ұрпақ болашағы, халқымыз­дың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәр­тебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде елдің болашағы жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуге тиіс. Ал өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі – мұғалім. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсет­­кіші білім деңгейімен өлше­­неді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті – ұстаздардың қолында», дейді Бағдар Нағымова.

«Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен екені даусыз. Дүние­дегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін жан. «Мұға­лім мамандығы – барлық маман­дықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шам­шырақ секілді.

 

Гүлсайра МҰҚАНОВА,

педагог-зерттеуші

 

Батыс Қазақстан облысы