Наурыз мерекесі қарсаңында Президент «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына қатысты. Акцияның мәні – наурыз айы бойына халықтың әлеуметтік осал топтарына қамқорлық көрсетіп, көпбалалы отбасылардан, мүмкіндігі шектеулі жандардан, зейнеткерлерден келіп түскен хаттарда жазылған өтініш-тілектерді орындау.
Қайырымды іске Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілері ұйытқы болған. Олар 21-23 наурыз аралығында ЭКСПО аумағындағы киіз үйлердің бірінде акцияны кеңінен насихаттады. Осы орайда волонтерлер Мемлекет басшысынан сандықтан алғашқы хатты алып оқуды сұрады. Қасым-Жомарт Тоқаев хат иесінің тілегі орындалатынын жеткізіп, осынау игі істі бастаған жастарға ризашылығын білдірді. Өтініште Астана тұрғыны тонометр сұраған еді.
Соған сәйкес, Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Гүлжахан Сыдықовамен кездесіп, Мемлекет басшысының атынан тонометрді табыстады. Сондай-ақ оған материалдық көмек көрсетіліп, санаторийге жолдама беріледі. Гүлжахан Сыдықова Президент пен «Жүрек жылуы» қайырымдылық акциясына қатысушыларға алғысын білдірді. Бұдан бөлек Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі сегіз жасар Ералының үйіне барып, өзі хатта сұраған сыйлықтарды табыс етті.
Игі істің ізін «Jibek Joly» телеарнасы, «Magnum» супермаркеттер желісі, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы және еліміздегі жоғары оқу орындары да жалғастыруда. Астанадағы М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университеті жақсылық сандығынан бір хатты алды. Онда тілек жолдаушы Альфия жүгіруге арналған спорттық аяқ киім алғысы келгенін жазған. Университет ұжымы тек спорттық аяқ киім ғана емес, жүгіруге қажетті барлық спорттық киіммен жабдықтайтынын жеткізді. Кейін «Жүрек жылуы» челленджін Атыраудағы Сафи Өтебаев университеті қабылдап, еріктілер тобына арнайы хабарласты. Оларға тілек сандығынан Назерке есімді мектеп оқушысының хаты түсті. Астана қаласының тұрғыны қаршадайынан қолмен тігіншілік өнерін үйреніп жүргенін, ендігі арманы тігін машинасын алу екенін айтқан. Оған жауаптылар мұнайлы астанадан сәлем жолдап, тілегін орындайтынын Facebook парақшаларында жазып қалдырды.
Қайырымдылықты жанына жалау еткен жандардың қатарында ең үздік футболшы Самат Смақов та бар. Ол нөмірі 277-хатты алып, Айбөпе Санжарқызының арманын орындады. Өтініш білдіруші курсқа қатысу үшін арнайы тігін машинасын сұраған.
– Жасым он алтыда. Наурыз айының басында достарымнан «Жүрек жылуы» акциясы туралы естідім. Өзім көпбалалы отбасынан болғандықтан, хат жазуға шешім қабылдадым. Киім тіккенді жақсы көремін, сондықтан сыйлық ретінде тігін машинасын сұрадым. Арманым соншалықты тез орындалады деп ойламадым. Маған демеуші хабарласқанда қатты қуандым. Тіпті сол күні әкеліп берді. Армандар орындалады, тек сену керек. Алғысым шексіз, – деді А.Санжарқызы.
Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде мейірімділік жұртшылық арасындағы адамгершілік, ізгілік пен ізеттілік, имандылық пен инабаттылық секілді асыл қасиеттермен үндестік тапқан. Осы орайда Жүсіп Баласағұнның «Кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең – мейірімділік көресің» дегені акцияның негізін аша түскендей. Сондықтан жауаптылар бұл қайырымдылық тізбегін жыл бойы жалғастырмақшы. Енді өтініш-тілектерді қабылдаудың екінші кезеңі мамыр айында басталады деп жоспарланған.
Жалпы, акция барысында волонтерлер азаматтардан 300-ге жуық хат қабылдаған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қоржыннан кез келген адам хат алып, жерлестерінің арман-тілегін орындай алады.