Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
2022 жылдың соңында Халықаралық энергетика агенттігі баламалы энергетика саласының дамуына қатысты болжамын жаңартты. ХЭА мәлімдеуінше, әлемдегі жаңартылған энергия көздерінің қуаты алдыңғы жылы болжанған көлемнен 30 пайызға артады. Болжам бойынша 2022-2027 жылдары әлемде жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) қуаты 75%-ға немесе 2400 ГВт-қа артады. Агенттік мәліметінше, жалпы электр энергиясын өндіруде жаңартылатын энергия нысандарының үлесі 2021 жылғы 25%-дан 2027 жылы 38%-ға дейін өседі. Сөйтіп, алдағы бес жылда бұл нысандардың қуаты кейінгі 20 жылдағы көрсеткішінен асып түседі.
Bp.com мәліметі бойынша 2021 жылы әлемде жаңартылатын энергия көздерінен өндірілген электр энергиясы 3,7 триллион кВт/сағатқа жеткен. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 16,2%-ға артық. Салыстырар болсақ, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3,1 трлн кВт/сағ құраған. Жалпы, жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру жылдан-жылға артып келеді. Мысалы, 2021 жылдың көрсеткіштері 2016 жылмен салыстырғанда 50,6%, 2011 жылдан – 4 есе, 2001 жылдан – 15,8 есе, 1991 жылдан – 28,8 есе, 1981 жылдан – 68,4 есе, 1971 жылдан бері 131,1 есе өсті.
Баламалы көздерден өндірілген энергияның ең көбі Азия-Тынық мұхиты аймағының үлесінде. Ондағы көрсеткіш 1,7 триллион кВт/сағ, бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 27,7%-ға артық. Яғни бұл әлемдегі «таза» электр энергиясының 46,2%-ы. Одан кейінгі орында Еуропа (946,5 млрд кВт/сағ) мен Солтүстік Америка (714,1 млрд кВт/сағ) тұр. Жалпы, осы үш негізгі макроөңір ЖЭК өндіретін барлық электр энергиясының 91,6%-ын қамтамасыз еткен. Оңтүстік және Орталық Америкада жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын өндіру жыл сайын 15,2%-ға ‒ 229,3 млрд кВт/сағ, Африкада 7,8% ‒ 49 млрд кВт/сағ, Таяу Шығыста 18,3 % ‒ 18,5 млрд кВт/сағатқа дейін өскен. Ал ТМД-да ЖЭК өндіру көлемі небәрі 9,6 млрд кВт/сағатты құрады.
Жел электр стансаларынан өндірілген энергия 1,9 триллион кВт/сағ құрады, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16,6%-ға көп. Мұндай қондырғылардың үлесі әлемдегі жаңартылатын энергия объектілері өндіретін көлемнің 50,9%-ын құрады. Ал күннен алынған энергия көлемі 1 триллион кВт/сағ, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 22%-ға жоғары. Азия-Тынық мұхиты аймағының күн электр стансалары әлемдегі жаңартылатын энергия нысандары өндіретін жалпы электр энергиясының 15,9%-ын қамтамасыз етті.
Соңғы 5 жылдағы ЖЭК-тің 85%-ға өсуі екі фактордың нәтижесі болып табылады. Біріншіден, жаһандық энергетика дағдарысы нәтижесінде қазба отындары мен электр энергиясының қатты қымбаттауы энергия технологияларын экономикалық қауіпсіздік тұрғысынан әлдеқайда тартымды етті. Екіншіден, Ресейдің Украинаға басып кіруі қазба отын импорттаушыларының, әсіресе Еуропа елдерінің энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан «таза» энергия көздерін бағалай түсуіне әкелді. Осылайша, қазіргі энергетикалық дағдарыс жаңартылатын энергия нысандарының ықпалын арттырды.
Жалпы, адам дамуының тізбегі жаңартылатын энергия көздерінен электр қуатын өндіруге бірқалыпты көшуге бейімделген. Алайда өткен жылдың 24 ақпанынан кейін бұл үдеріс үдей түсті. Текетіресте қазба отындары қақтығыс құралы ретінде қолданылатыны ежелден белгілі. Сарапшылар Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстар энергия ресурстарының әртүрімен байланысты болғанын және нәтижесінде әлем басымдықтарды отынның басқа түрінің пайдасына өзгертетінін айтады. Мәселен, бірінші дүниежүзілік соғыс көмірден мұнайға көшуді талап етсе, Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан атом энергетикасы пайда болды. Ал қазіргі «газ бопсалау» жағдайында Украинадағы соғыс жаңартылатын энергия көздеріне көшуге мықты түрткі болуы мүмкін. Сонымен бірге жаңартылатын қуат Украинаның энергетикалық секторын соғыстан кейінгі қалпына келтіруде басымдыққа ие болуы керек. Әзірге Украина соғыс жағдайында «жасыл» сектордың дамуына жағдай жасай алмайды, сондықтан ЖЭК-ке инвестициялар ағынын елестету әлі қиын. Өйткені Ресейдің басып кіруіне байланысты елде жел электр стансаларының 90%-ы және күн электр стансаларының 30%-ы істен шыққан. Бұл аймақтың жалпы жел қуатының шамамен төрттен біріне және күн қуатының бестен бір бөлігіне әсер етті. Шабуылдың мұндай ауқымы Украинаның соңғы жылдардағы инвестиция мен жаңартылатын энергияны енгізу бойынша аймақтағы жетекші орнымен, сондай-ақ генераторлардың географиялық орналасуымен түсіндіріледі.
Өз кезегінде Еуропа соңғы оқиғалардан кейін көміртегіне тәуелділіктен тезірек құтылуға асық. Егер бұрын Еуроодақтың ЖЭК-ті дамыту стратегиясы бірқалыпты болса, соғыстың басталуымен бұл мәселе ЕО үшін ғана емес, Орталық Азия елдері үшін де үлкен маңызға ие болып, белсенді сипат алды. 2020 жылға қарай Еуропа жүйелі түрде энергия қоспасындағы жаңартылатын энергия үлесінің 20 пайызына жеткен болатын. ЖЭК-ке көшуді тың қарқынмен жылдамдатудың нәтижесінде өткен жылы жел мен күн ЕО-да электр энергиясының рекордтық үлесін өндіріп, бірінші рет газды басып озды. Ember сараптама орталығының есептеуінше, олар 2022 жылы өндірілген электр энергиясының төрттен бір бөлігін құрады. Отын жағу шамамен 20%-ға тең болды. Соның нәтижесінде өңір газды сатып алудан миллиардтаған доллар үнемдеді. Сондай-ақ «жасыл» энергияны Германия көбірек өндірді. Мұндай технологияларды жиі қолдана бастаған елдердің қатарында Швеция, Дания, Венгрия бар. «Жасыл» энергетикаға көшу ресейлік газ жеткізудің күрт қысқаруына әсер еткен. Бір жылдан аз уақыт ішінде Германия көмір энергиясына ішінара оралу және атом электр стансалары консервациясынан бас тарту есебінен ресейлік газға тәуелділігін толығымен жеңе алды.
Сонымен қатар Еуропалық комиссия азаматтарды бағаның кенеттен шарықтауынан қорғау, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды жеделдету және ЕО-ны энергиядан тәуелсіз ету үшін электр энергиясы нарығын реформалауды мақұлдады. Мәлімделгендей, 20 жылдан астам уақыт бойы электр энергиясы нарығының құрылымы еуропалық компаниялар мен тұтынушыларға жақсы қызмет етіп, оларға біртұтас нарықтың артықшылықтарын пайдалануға мүмкіндік берді. Алайда Ресейдің Украинаға шабуылынан туындаған энергетикалық дағдарыс электр энергиясының бірқатар осал тұстарын көрсетті. Еурокомиссия жоспары Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты бағаның тұрақсыздығынан кейін электр энергиясын өндіруде газды пайдалануды кезең-кезеңімен тоқтатуға бағытталған.
Ресейдің газ шантажы Еуропаны жаңартылатын энергия көздерін дамытумен белсенді айналысуға итермеледі. Газ бағасы тым жоғары болғандықтан Еуропа арзан энергия көздерін іздейтіні заңдылық. Ал Орталық Азияның кең аймағында жел мен күн энергиясын алу үшін дүние жүзіндегі табиғи қуаттардың шамамен 5%-ы бар, бұл жаңартылатын энергия секторын дамытуға мол мүмкіндіктер береді. Қазақстанда жел энергиясын өндіру күн энергиясын өндіруден үштен біріне асады, ал 2035 жылға қарай айырмашылық жеті есеге артуы тиіс. Бұл үшін жел энергиясының ресурсы жеткілікті. Республика аумағының шамамен жартысында желдің жылдамдығы 30 метр биіктікте секундына 4-5 метрді құрайды. Ең жоғары жел әлеуеті Каспий теңізі ауданында – Атырау мен Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ солтүстік пен оңтүстік аймақтарда. Қазақстанның отын-энергетикалық кешенін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында Қазақстанның жел әлеуеті жылына 1 трлн 820 млрд киловатт-сағаттан асатыны айтылған. Алайда гидроэнергетикадан басқа, Оралық Азия өңіріндегі барлық елдерде ұлттық энергетикалық баланстардағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі өте аз. Көптеген қаржылық, техникалық және әлеуметтік кедергілерге байланысты өңірдің жаңартылатын энергия көздерінің елеулі әлеуеті толық пайдаланылмайды. Қазақстанда тіпті жылдар бойы игерілмей жатқан бос жерлер көп. Ал көмірсутегімен қош айтысу Еуропаның жатса да тұрса да ойынан шықпайтын тілегі. ЖЭК негізіндегі стансалар неғұрлым көп салынса, оның газға, демек Ресейге тәуелділігі де соғұрлым азаяды.
Сондықтан да болар, былтыр қазан айының соңында елімізге сапарлаған Германия сыртқы саяси ведомствосының басшысы Анналена Бербок Қазақстанның жаңартылатын энергия көздерін өндіру үшін зор әлеуетке ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұрынғы кеңестік республика ретінде күрделі географиялық жағдайына қарамастан, Ресейдің Украинаға шабуылына қатысты өз ұстанымынан таймаған Қазақстан құрметке лайық. Сонымен бірге кездесуде елордада сутегі дипломатиясы кеңсесі ашылатыны мәлімделді. Қазақстандық тарап неміс бастамасын құп алып, оны барлық жағынан қолдауға дайын екендігін жеткізді. Халықаралық кеңсе екі ел үкіметінің, сарапшылық ортаның арасында жаңартылатын энергия көздері саласындағы өзара іс-әрекеттерді нығайтуға үлкен үлес қосатынына сенім білдірілді. Оның алдында Svevind неміс-швед концернінің Hyrasia One еншілес компаниясы мен Қазақстан үкіметі арасында инвестициялық келісімге қол қойылды. Сөйтіп, аталған келісім шеңберінде Еуропа мен Азияның энергетикалық және шикізат қорларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстанда таза әрі экологиялық тиімді жасыл сутегін өндіру жөніндегі әлемдегі ірі кәсіпорындардың бірін салу жоспарланды. Инвестор Svevind Group компаниясы Маңғыстау облысында қуаты жылына 2 миллион тонна болатын жасыл сутегі өндірісін қолға алатын болды. Жоба бойынша тәулігіне қуаты 255 мың текше метр су тұшытатын қондырғы, 40 ГВт жаңартылатын, яғни күн, жел энергия стансасын және негізінен экспортқа немесе ішкі нарықта тұтынуға арналған 20 ГВт су электролизі өндірісін салу әрі пайдалану көзделген. Svevind өз қаражаты есебінен құны 50 миллиард долларды құрайтын жоба бойынша жұмысты бастады. Жобаны жүзеге асыру ЕО елдеріне электр энергиясын экспорттауға мүмкіндік береді деп болжануда.
Бүгінгі таңда елімізде жиынтық қуаты шамамен 2955 МВт құрайтын жаңартылатын энергия көздерінің 130 нысаны жұмыс істейді. Биыл қуаты 257 МВт 15 жаңа жоба іске асырылмақ. 2022 жылдың соңында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың орнатылған қуаты 2,4 мың МВт-қа жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 18,8%-ға артық. Орнатылған қуаттылықтың басым бөлігі күн электр стансаларына тиесілі: 1,1 мың МВт, бір жылда 10,6% көбейді. Одан кейін жел электр стансалары: 958 МВт, 40,1% көбейді. Шағын ГЭС қуаты 280 МВт, биоэлектр стансаларының қуаты 1,8 МВт болды. Осы мерзімде ЖЭК нысандары өндірген электр энергиясы 5,1 млрд кВт/сағ құрап, бір жыл бұрынғымен салыстырғанда бірден 21,1%-ға өсті. Бұл ретте жалпы электр энергиясы өндірісіндегі ЖЭК нысандарында өндірілген электр энергиясының үлесі әзірге небәрі 4,5% ғана.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің Transition report 2022-23 есебінде Қазақстанға коммуналдық қызметтерге тарифтерді уақыт өте келе шығындарды өтеу деңгейіне жақындату керектігі жөнінде кеңес берілген. ЕҚДБ өкілдерінің айтуынша, бұл ресурсты үнемдейтін мінез-құлық үлгісін, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен энергия үнемдейтін технологияларға жеке инвестицияларды ынталандыру үшін қажет.
Өзгермелі геосаяси жағдайда Қазақстанның энергетика саласының алдында жаңа сын-қатерлер тұр. ЕО елдері, АҚШ және Ұлыбритания ресейлік энергетикалық ресурстардан бас тартты және әлемдік нарықтардағы энергия бағасының бұрын-соңды болмаған өсуі жаңартылатын энергияны кеңірек пайдалану қажеттілігін тудырды. Қазірде жақындап келе жатқан электр қуатының тапшылығы, апаттарға әкелетін инфрақұрылымның тозуы, қалалардағы адам төзгісіз түтін секілді өткір проблемалар келешегімізге кірбің түсіретіні анық. Саладағы аянышты жағдай «жасыл» энергетиканы тұрақты дамытуға мүмкіндік бермейді. Сарапшылардың айтуынша, алдағы 10-15 жылда көмір пайдаланудан бас тарту қиын. Ал ЖЭК қалыптастырудың маңызы Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бағдарламалары аясында да тереңдей түседі. Бұл ретте еліміздің декарбонизация бойынша халықаралық міндеттемелері тағы бар.