ҚЫЗЫЛОРДА. 1 шілде. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Қазақстан Барысы-2014» турнирінің қола жүлдегері Руслан Әбдіразақов пен аталған жарыстың тұңғыш жеңімпазы Ұлан Рысқұлды және ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовты қабылдады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Жалпы, жұртшылық Ұлан Рысқұл мен Руслан Әбдіразақовты жақсы біледі. Ал ақын Нұрмұхаммед Әбілқасымовты аз-кем таныстыра кетсек.
Нұрмұхаммед – туғаннан екі аяғы мен екі қолы істемейтін, мүмкіндігі шектеулі жан. Бірақ өмірге деген құлшынысы ерекше. Мектепте білім алмаған. Өздігінінен сауат ашқан. Жастайынан өлең жазады. Қолына қалам ұстай алмайтын, сөзінің өзі аса ұғынықты емес ақын өлеңді қалай жазады дерсіз? Айтайық. Ол аузына қаламды тістеп, телефонның пернелеріне жырын түсіреді. Нұрмұхаммедтің қаншалықты еңбекқор екені осыдан-ақ білуге болады. Осы көктемде екінші жыр кешін өткізді. Ақынның кешіне қатысқан ағайын залдан жанарларын сүртіп шықты. «Тағдырымның жанары» атты жыр кітабы да биыл жарық көрді.
Қырымбек Көшербаев: «Ұлттық құндылықтарды сақтауға, насихаттауға, дәріптеуге келгенде Сыр өңірі өзгелерге үлгі болуы керек. Өйткені Елбасының өзі «Сыр – Алаштың анасы» деп атаған. Осы тұрғыдан алғанда «Қазақстан Барысы» жарысы бастауын Қызылорда облысынан алғанына қуанамыз. Қазақ күресі білік пен білектің сайысы. Сондықтан қазақ күресінің біз үшін орны бөлек. Ал Русланның бүгінгі қола жүлдесі ертең алтынға айналарына сенім мол», – деді.
Қызылордада жыл сайын қазақ күресінен «Алтын белбеу» жарысы өтеді. Биылғы жарысқа әртүрлі жас пен салмақтағы 7 172 палуан қатысыпты. Осыны сөзіне арқау еткен облыс әкімі Руслан мен Ұланның ізбасарлары ауылда өсіп келе жатқанын айтты.
Ал ақын Н. Әбілқасымов жөнінде өңір басшысы: «Нұрмұхаммедтің өмірімен танысқанда бір жағынан толқыдым. Екінші жағынан қуандым. Бала күнінен ауыр дертке ұшыраған жігіттің өмірге деген талпынысын көріп толқыдым. Тепсе темір үзетін азаматтар Үкіметке алақан жайып отырғанда, Нұрмұхаммед өмірдің ауыр сынағына мойымай, алға ұмтылғанын көріп қуандым. «Тағдырымның жанары» атты кітабын толық оқып шықтым. Кітап өмірге деген құштарлыққа тұнып тұр екен»,– деді.
Қ.Көшербаев сөз соңында Ұлан Рысқұлға 3 бөлмелі, Руслан Әбдіразақов пен Нұрмұхаммед Әбілқасымовтың әрқайсына 2 бөлмелі пәтерден берілетінін айтып, ақын мен балуандарға баспана кілтін табыс етті.
Тұңғыш «Қазақстан Барысы» Ұлан Рысқұл өз кезегінде келер жылғы жарыста жеңіспен ораламын деп уәде берді. Одан кейін сөз алған Руслан Әбдіразақов облыс әкіміне құрметі үшін алғысын білдіре келіп: «Негізі дайындығым жақсы болды. Өз-өзіме жеңістің биік тұғырынан көрінуге уәде бергем. Бірақ сәл сәттілік жетіспеді. Келер жылы бас жүлде иелену үшін барымды саламын. Тіпті, «Қазақстан Барысында» Ұланмен жолықсам да белдесуді бермеймін, Сыр өңіріне жеңісті мен әкелемін» деді. Залда отырғандар ду қол шапалақтап жіберді. Ал Қырымбек Елеуұлы «Өмірде бауырың, ағаң, ұстазың болғанымен кілемде ағайын жоқ. Барлығы қарсылас», – деп Русланның сөзін қуаттады.
Ал ақын Н.Әбілқасымов: «Жыққанда тасымайтын, жығылғанда жасымайтын азаматтар көп болсын! Алла берген бар мүмкіндікті пайдаланып өмір сүріп келемін. Менің тағдырыма бей-жай қарамай, Жаратқан берген азғантай ғана өнерімді жоғары бағалап жатқан ел мен ел ағаларына зор алғыс білдіремін», – деді.
Ержан Байтілес.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: egemen.kz.