02 Шілде, 2014

ТЕЛЕГАЗЕТ

383 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Телегазет Биылғы жылдың үлесіндегі индустрияландыру жобаларының қатарында «Қазтелерадио» АҚ-тың технологиялық мүмкіндіктері нәтижесінде жүзеге асқан «Телегазет» жобасы да бар. Осы жоба аясында «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері еліміздің тарихында тұңғыш рет «Отау ТВ» ұлттық телехабар тарату желісі арқылы өз оқырмандарына жедел жету мүмкіндігіне ие болды. Осы оқиғаға орай біз «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы Абай Қадыралиевке бірнеше сұрақ қойған едік. Фото Казтелерадио бастыгы– Абай Марабайұлы, «Теле­газет» шығару идеясы қалай пайда болды? Қағазбен таратылатын газеттен­­ мұның қандай ерекшеліктері бар? – «Телегазет» қызметін әзірлеу идеясы Мемлекет басшысы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың қала мен ауыл арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою жөнінде Үкіметке берген тапсырмасына сәйкес пайда болды. Осы тапсырма негізінде біз «ОтауТВ» спутниктік телерадио хабарларын таратудың ұлттық желісінің қызметі Қазақстанның кез келген нүктесіне қолжетімді екендігін, ал отандық цифрлық эфирлік телехабар таралымын отандастарымыздың 50 пайызы көре алатындығын ескере отырып, «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» секілді еліміздің басты басылымдарын өз оқырмандарына жедел жеткізу жобасын жүзеге асыруды қолға алған едік. Соның ішінде еліміздің шеткері өңірлерінде орналасқан елді мекендер халқы да бар. Міне, осы жұртшылық қазіргі күні еліміздің жоғарыда аталған басты басылымдарын «ОтауТВ» ұсынған «телегазет» арқылы оқу мүмкіндігіне қол жеткізгендігін мақтанышпен мәлімдей аламын. Айта кететін бір жайт, жобаны жү­зеге асыру мәселесін Байла­ныс ­және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиевтің өзі бақыла­уын­да ұстады. Аталған ведомствоның жауапты қызметкерлері бұл мәселе жөнінде үнемі хабардар болып отырды. Осының өзі жобаның маңыз­дылығын көрсетсе керек. «Телегазеттің» қағазбен таратылатын кәдімгі газетке қарағанда бір ерекшелігі – оны шыққан бетте-ақ ­жедел оқуға болатындығы. Ал «Еге­мен Қазақстан» мен «Казах­стан­­ская правданың» қағаздағы нұсқа­ларын еліміздің түкпір шетінде орна­ласқан ауылдарға жеткізудің өзіндік машақаттары бар екендігі бұрыннан белгілі. Өйткені, оларды, ең алдымен, баспаханада басып­ шығару қажет. Сонан кейін барып, пошта қызметі арқылы таратыла бастайды. Сөйтіп, бұл газеттер алыстағы ауылдарға кейбір жағдай­ларда бірнеше күн өткеннен кейін барып жетіп жатады. Ал «телегазет» газет редакциясы оны файлға салып әзірлеп бергеннен кейін «ОтауТВ» арқылы бірден оқырмандар назарына ұсынылады. ek128.inddСөйтіп, «ОтауТВ» ұлттық хабар тарату желісінің көрермендері газет жарияланған сәттен бастап, оны өздерінің үйдегі теледидарларынан көріп, оқу мүмкіндігіне ие болады. Егер ұлттық цифрлық теледидар көрермендерінің 80 пайызы ауылдық жердегі адамдар екендігін ескеретін болсақ, мұның өзі газеттер үшін де, олардың оқырмандары үшін де қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады. Жалпы, «Телегазет» жобасының әлемде әзірге баламасы жоқ деуге болады. Оны бірінші болып «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің тапсырыстары мен әріптестігі негізінде «Қазтелерадио» АҚ жүзеге асырды. Біз өзіміздің осындай жаңалығы бар қызметіміз арқылы отандық цифрлық телерадио хабарларын тарату ісін дамытуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, қызмет аясында кеңейту үстіндеміз. Халық мұны лайықты бағалайтын болады деген ойдамыз. – Басқа да бұқаралық ақпарат құралдары «Телегазет» жобасына қатыса ала ма? – Әрине, қатыса алады. Басқа газет-журналдар да бұл жобаның артықшылығына көп өтпей-ақ көз жеткізетін болады деген ойдамын. Өйткені, бұл істі алғашқы болып қолға алған «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері «ОтауТВ»-ның мүмкіндіктері арқы­лы өз оқырмандарының аудиториясын бір сәттің өзінде-ақ 750 мың отбасына дейін көбейту мүмкіндігіне ие болды. – Телегазеттің шығындарын кім­дер арқалайды? Оны шығару эко­номикалық тұрғыдан тиімді ме? – «Телегазет» жобасын әзірлеп оны іске қосуға жұмсалған шығындар «Қазтелерадио» АҚ есебінен жүзеге асырылды. Жобаны жүзеге асыру үшін бірінші кезекте арнаулы бағдарламалар әзірленіп, олар теледидар қабылдағыштарына орна­­­­­тылды. «Егемен Қазақстан» және «Ка­зах­станская правда» газетте­рінің редакцияларымен тиісті келісімшарттар жасалды. Бұл жерде қандай да бір пайда мен тиімділік жөнінде сөз қозғайтын болсақ, біз бірінші кезекте мұның, ең алдымен, халыққа, яғни, газет оқырмандарына пайдалы екендігін айтуымыз керек. Өйткені, олар енді «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін «ОтауТВ» арқылы жедел оқу мүмкін­дігіне ие болды. Екіншіден, кез келген басылымның алдына қоятын басты мақсатының бірі өздерінің оқырмандар аудиториясын кеңейту болатындығы түсінікті. Міне, осы тұрғыдан алғанда, еліміздің басты басылымдары «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері де «Қазтелерадио» АҚ-тың өнімі болып табылатын «ОтауТВ» мүмкіндіктерін пайдалана отырып үлкен ұтысқа шығып отыр деп айта аламыз. Ал біз, яғни «Қазтелерадио» АҚ үшін бұл еліміздің ақпараттық кеңістігін нығайтуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба болып табылады. Біздің бұл жобаны әзірлеп, жүзеге асырудағы басты мақсатымыз – қала мен ауыл арасындағы ақпараттық теңсіздікті жою арқылы еліміздің ақпараттық кеңістігін Елбасы қойған талаптарға сай нығайту. Біз, міне, осы мақсат үдесінен шықтық. Демек, осы жобаны жүзеге асыру арқылы «Қазтелерадио» АҚ-та, газеттер де, олардың оқырмандары да көздеген мақсатқа қол жеткізді, осы арқылы ұтысқа шықты деп есептеймін. – Біздің қолымыздағы деректерге қарағанда, Елбасының қаты­суымен өтетін бүгінгі Индус­трия­ландыру күні аясында елімізде жүзе­ге асырылған басқа да ірі жоба­лар қатарында «Телегазет» жоба­сының да тұсауы кесілмек. Жоба­ны та­ныстыру қалай жүзеге аспақ? Оған әзірленіп жатқан боларсыздар? – Былайша айтқанда, әзірлігі­міз жаман емес секілді. Өйткені, жоба­ның жұмыс істеуі сәтті жүзеге асты деп есептейміз. Оған үйлеріндегі теледидарлары «ОтауТВ» желісіне қосылған кез келген адам көз жеткізе алады. Өйткені, біз оны пилоттық тұрғыдан іске қосып байқадық. Ақаусыз жұмыс істейтіндігіне көз жеткіздік. Мәселен, «ОтауТВ» арқылы «Егемен Қазақстан» газетін оқығысы келетін оқырман үшін бірінші кезекте газеттің түрлі-түсті форматтағы айдарлары көрініс береді. Солардың кез келгенін ашып, әрі қарай қажет еткен хабарларыңыз бен мақалаларыңызды оқи беруіңізге болады. Қол мен көз жаттыққаннан кейін мұны жүзеге асыру тіптен де жеңіл екендігін байқайсыз. Біз жобаны Мемлекет басшысына таныстыру мақсатында инфографикалар мен қысқаша ақпараттардан тұратын таныстырылым жобасы мен баспасөз парақшаларын әзірлеп қойдық. Егер сәті түсіп жатса, бүгін, яғни, үстіміздегі жылдың 2 шілде­сінде елордасы Астана қаласында Елбасымыздың қатысуымен өтетін Индустрияландыру күні аясында бұл игілікті іс «Қазтелерадио» АҚ ұсынған «Телегазет» пен «Қазақстан Республикасының ұлттық интернет-хабар тарату» жобалары деген атпен және еліміздің Байланыс және ақпарат агенттігінің төрағасы Асқар Жұмағалиевтің басшылығымен жүзеге асады деп үміттеніп отырмыз. – «Қазтелерадио» АҚ-тың Қа­зақ­станның ақпараттық кеңіс­тігін нығайту мақсатында атқарып жат­қан жұмыстары мен мүмкін­діктері және «ОтауТВ» жобасы жайында да айта кетсеңіз. –­ «Қазтелерадио» АҚ Қазақстан Республикасы Үкі­ме­ті­нің 2012 жылғы 11 маусымдағы қаулысына сәйкес, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлттық телерадио хабарларын тарату операторы болып табылатындықтан біздің акционерлік қоғам алдында еліміздің аумағында телерадио хабарларын тарату желісін тиімді пайдалану, оны дамыту, рес­публика тұрғындарының ақпарат­тық ресурстарға қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында бірқатар үлкен міндеттер қойылып отыр. Әрине, «ұлттық оператор» ұғымы бізге үлкен мүмкіндіктер беруімен қатар үлкен міндеттер жүктейтіндігі түсінікті. Сондықтан біз қазіргі күні еліміздің ақпарат саласындағы ең көкейкесті мәселе болып отырған жоғары сапалы цифрлық телехабар тарату желісіне көшу мәселесімен белсене шұғылданып келеміз. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін 2011 жылы Елбасымыздың қатысуымен отандық «ОтауТВ» спутниктік және цифрлық эфирлік телерадио хабар тарату желісі іске қосылған болатын. Біз қазіргі замандық цифрлық телерадио хабарларын таратуға көшуді қамтамасыз ететін жаңа технология­ларды енгізу, ескілерді жаңғырту үстіндеміз. 2011 жылдан бастап осы жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыра бастаған едік. Қазіргі күні еліміздегі 750 мың отбасы немесе шамамен алғанда 3 миллион адам отандық цифрлық телерадио хабарларын көру мүмкіндігіне ие болып отыр. Олар спутник арқылы таратылатын 37 телеарнаның өнімдерін және эфирлік таралымдағы 30-ға жуық қазақстандық телеарналар хабарларын тегін көріп, тамашалай алады. Қазіргі күні «ОтауТВ» спутниктік телехабар тарату желісіне еліміздің барлық аумақтары қосылып отыр. Ел тұрғындарының 50 пайызы цифрлық эфирлік таратылымды көре алады. Бұл ретте хабар таратудың цифрлық эфирлік желісінің құрылысын толық аяқтаған Маңғыстау облысы көш бастап келе жатқандығын атап көрсетпекпін. Сөйтіп, бұрынырақта баламалы форматтағы 2-3 телеарна хабарларын ғана тамашалай алатын тұрғындар енді жоғары сападағы көптеген телеарналарды көру мүмкіндігіне қол жеткізіп отыр. Осы құрғақ көрсеткіштердің астарында отандық телерадио хабарларын тарату мен байланыс саласы қызметкерлерінің орасан зор еңбегі тұрғандығын айта кетсем, артық болмас. Өйткені, еліміз тәуелсіздік алған кезде біздің қолымызға Кеңес Одағы дәуірінен қалып, әбден ескіріп, тозған құрал-жабдықтар тиген еді. Содан бері заман көп алға басты да, ол құралдардың бәрі моральдық тұрғыдан да ескіріп қалды. Біз қолымызға тиген ескі мұраны үздіксіз жаңарту, жаңа технологияларды іздестіріп, енгізу нәтижесінде бүгінгі күнге жетіп отырмыз. Әрине, технологиялық тұрғыдан жаңғырту ісі мұнымен де тоқтамайды. Біз алдымызға 2016 жылы цифрлық телерадио хабарларын тарату ісіне толық көшу міндетін қойып отырмыз. Осы уақыт аралығында халқымыздың 95 пайызы жоғары сапалы цифрлық телерадио хабарларын көріп, тамашалау мүмкіндігіне ие болады. Әрине, «2006 жылғы Женева конвенциясында» қарастырылған осындай талап биігінен көріну екі елдің бірінің қолынан келе бермейтіндігі анық. Сөйтіп, 2016 жылы «ОтауТВ» арқылы сіздердің газеттеріңізге де республика халқының 95 пайызының қолы жетімді болады. Оқырмандар сіздердің газеттеріңізді шыққан бетте оқу мүмкіндігіне ие болады. Демек, «ОтауТВ» арқылы «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттері де өз оқырмандарын кеңейту мен газеттің жеткізілу жылдамдығын арттыру бағытында жаңа технологиялық секіріске қол жеткізетін болады деп есептеймін. – Әңгімеңізге рахмет. Істеріңіз ілгері бассын. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».