Жерлестері Мұхит Тұрсыновқа үш бөлмелі пәтер мен «Киа Рио» автокөлігін сыйға тартты
Миллиондаған көрерменді теледидарға телміртіп, барша қазақстандықтарды баураған, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсыновты шығысқазақстандықтар әуежайдан зор қошеметпен қарсы алды. Өскеменнің халықаралық әуежайы алдында жиылған жұртта қисап жоқ. Терминалдан шыға берісте Мұхит бастаған сайыпқыран ұлдарды өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бастаған қалың қауым ыстық ықыласпен құттықтап жатса, нәзира қыздар гүл шоқтарын сыйлап, ақ кимешекті әжелер шашуларын шашты. «Қазақтың қанынан бөлінбеген үш өнері бар: аламан бәйге, айтыс және қазақ күресі» деп заңғар жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, топырағында балуандықтың құнары бар, жерге қаратпас балуан ұланы бар Шығыс – ежелден балуандарға бай өлке. Сондықтан Жанәділ Атаев, Тоқан Базарханов, Самат Рамазанов, Дәулет Тұрлыханов сынды даңқты балуандар тәрбиелеген өңірдің биыл екінші мәрте «Қазақстан барысы» атағын жеңіп алуы заңдылық. Спорт ардагері, еркін күрестен КСРО спорт шебері, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тоқан Базарханов дүбірлі додада ел мерейін тасытқан Мұхитты құшағына қысты. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев шығысқазақстандықтарды жеңісімен құттықтай отырып, қазақ күресінің қанатын кеңге жайып келе жатқанын жеткізді. Бұдан соң «Қазақстан барысы – 2014» жеңімпазын ортаға алған қауым облыс орталығындағы хакім Абайдың ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Балуанға құрмет көрсету шарасы одан әрі Ертіс өзенінің жағасындағы амфитеатрда жалғасты. – Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Қажымұқан аталарымыз салған сара жолды Шалқар Жоламанов, Айбек Нұғымаров сынды бауырларымыз жалғастырып, ел мерейін үстем етті. Міне, енді Мұхит Тұрсынов Шығыстың даңқын Қазақстанға, теледидар арқылы тамашалаған жүзге жуық елдерге паш етті. Президент жүлдесі үшін төртінші рет өткен «Қазақстан барысы» турниріне таңдаулы деген 28 балуан қатысты. Мұхит бауырымыз Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтардың, Қасымның туған жерінің абыройын асқақтатты. Бұл – өңіріміз үшін екінші жеңіс! Былтыр Айбек жеңіспен оралса, оның алдында Айбек – күміс, Шалқар – қола белбеу иегері атанғаны есімізде. Яғни, Шығыс елінің қасиетті жер екенін, өңірден шыққан азаматтарды әр уақытта ата-бабалардың аруақтары қолдап жүретінін көреміз, – деді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев. Аймақ басшысы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы Мұхит Тұрсыновқа Семей қаласынан үш бөлмелі пәтер мен су жаңа отандық «Киа Рио» автокөлігінің кілтін сыйлады. ФИЛА халықаралық күрес түрлері қауымдастығының комитет төрағасы Гинтаутас Вилейта да ақжарма тілегін ақтарды. – Спортшыларыңыз биік өнер көрсетті. Кездейсоқ ештеңе жоқ. Бұл – заңдылық. Жарыстан соң теледидарды қоссам, Президенттің Шығыс Қазақстанға жасаған жұмыс сапарын көрсетіп жатыр екен. Елбасы өңірдегі жұмыстарды оң бағалады. Әсіресе, спортқа үлкен көңіл бөлінгенін байқадым. Шығыс – батырлардың өлкесі. Бұл жігіттерді көрген ұрпақ бүгін-ақ спорт секцияларына жазыла бастайды. Мен келешекте Қазақстанды дамыған 30 елдің сапында спорты да жолға қойылған ел ретінде елестетемін, – деген Г.Вилейта 2017 жылы жекпе-жек өнерінен бүкіләлемдік ойындар өтетінін, онда спорттың 20 түрінен сайыс болатынын, оның ішінде қазақ күресі де бар екенін жеткізді. Осы жарыстың алдында, яғни 2016 жылы құрлықтық және әлемдік чемпионатқа іріктеу ойындарын Өскеменде өткізуді ұсынды. Балуанның әкесі әрі бапкері Шыңғыс Тұрсынов Мұхиттың 11 жасынан бастап кілемге шыққанын, 14 жыл бойы күреспен айналысып келе жатқанын, жеңімпаз болғанына ерекше қуанышты екендігін атап өтті. Ал темір білекті, қайсар жүректі Мұхит Тұрсынов өзіне үлкен қолдау көрсеткен жерлестеріне, өңір басшысы Бердібек Сапарбаевқа, денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әбіл Дөңбайға, Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры Төлебай Рахыпбековке және жаттықтырушыларға ризашылығын білдірді. – Айбек пен Шалқар ағаларымның жеңісті жолын жалғастыру оңайға түскен жоқ. Қарсыластарымның барлығы бір-бір өңірдің туын көтеріп келген бірегей балуандар. Өткен жылы Семей, биыл Зайсан қаласында өткен халықтық спорт ойындарында «Қазақстан барысы» турниріне жолдама алған балуандарға зор құрмет көрсетіліп, ел-жұрт ақ батасын беріп шығарып салды. Туған елімнің тілегінің арқасында жеңіске жеттім. Енді «Еуразия барысы», Азия чемпионаты сынды жарыстарға әзірленемін, – деді Мұхит Тұрсынов. Балуанын ардақтаған кеш соңы мерекелік концертпен жалғасты. Мұхиттың боз кілемдегі жеңісті сәттері көрініс тапқан фотосуреттерді құшақтаған жасөспірім балалардың қолтаңбаға таласып жатуы қазақ күресінің жаңа тұрпатқа ие болғанын тағы да айшықтай түскендей! Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН. Суреттерді түсірген Есімхан ОРЫНБАЕВ.«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Бүгін, 21:54
Алматы облысы – инвестициялар мен халықаралық бизнес орталығы
Алматы • Бүгін, 21:46
Алматы • Бүгін, 20:40
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Бүгін, 19:55
Президентке жасанды интеллект саласындағы отандық өнімдер таныстырылды
Президент • Бүгін, 19:13
Жеке тұрғын үйлер кәріз жүйесіне қосылды
Аймақтар • Бүгін, 18:31