Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Үкіметтің дәстүрлі отырысының қорытындыларына арналған брифинг өтті. Онда үш ведомство басшысы Үкіметте қаралған мәселелер туралы әңгімеледі.
Министрлерді бастап келген Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев Әлеуметтік-экономикалық саясаттың 2014 жылға арналған жол картасының 38 iс-шарасы орындалғанын айтты. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылғы сәуірде Үкімет Әлеуметтік-экономикалық саясаттың 2014 жылға арналған бiрiншi кезектегi шараларының жол картасын қабылдады. Жол картасы 10 бағыт бойынша 67 іс-шарадан тұрады. Бүгінгі күні 38 іс-шара орындалды. 29 іс-шара орындалуда. Бесеуі ағымдағы жылғы екінші жартыжылдыққа жоспарланған. Тағы 5 іс-шараның орындалу мерзімі тоқсан сайын және жартыжылдық кезеңге белгіленген. Жол картасының шеңберінде жоспарланған 4 жоба Президент Әкімшілігіне енгізілді. 7 жоба бойынша 4 заң қабылданды. Үш заң жобасы биылғы жылдың екінші жартыжылдығында әзірленеді деп жоспарланған. Үкімет қаулыларының 8 жобасы дайындалып, олар қабылданды», деді Е.Досаев.
Ведомство басшысы Жол картасын орындау аясында макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралардың нәтижесi туралы да айтты. «Ұлттық валюта бағамы түзетілгеннен кейін инфляциялық процестерді жоспарланған дәлізде ұстап тұру үшін шаралар қабылданды. Бес айдың қорытындысы бойынша ағымдағы инфляция көрсеткіші 4,5 пайызды құрады.
«Азық-түлік тауарларының тапшылығына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдарға азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын құру және пайдалану кезінде барынша дербестік берілдi. Ал енді экономикалық өсуге ынталандыру және экономиканың нақты секторын қолдауға қатысты жұмыстарға тоқталсақ, Мемлекет басшысының Ұлттық қордан бөлінген 1 триллион теңге есебінен экономиканың өсуін қосымша ынталандыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру қамтамасыз етілуде. Нақты мәлімет келтірер болсақ, осы жылы экономикалық өсуді қамтамасыз етуге 500 млрд. теңге, оның ішінде шағын және орта бизнесті несиелеуге және қолдауға 100 млрд. теңге, банк секторын сауықтыруға 250 млрд. теңге және индустриялық-инновациялық даму жобаларын іске асыруға 150 млрд. теңге жұмсалды. Онда инженерлік инфрақұрылымды дамыту, индустриялық жобаларды, ЭКСПО-2017 көрмесiне қатысты жобаларды iшiнара қаржыландыру қарастырылған», деп қайырды Е.Досаев.
Оның айтуынша, Ұлттық қордан бөлінетін қаражатты тиімді пайдалану үшін Үкімет бірқатар халықаралық қаржы ұйымдарымен институттық және қаржылай демеу бойынша келісімдерге қол қойған. Олардың арасында Дүниежүзілік банк, Азия даму және қайта құру банкі, Еуропа қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкі бар. «Осы халықаралық банктер экономиканың негізгі саласындағы инвестициялық жобалар мен басым бағдарламаларды бірлесе қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Бұлар 2014-2016 жылдар аралығында жүзеге асатын болады. Бірлесе қаржыландырудың жалпы мөлшері 7,5 млрд. долларға дейін», деді министр. Бұған қоса, министр Жол картасы аясында жүйе құрушы кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында өндіру жағдайы ауыр және рентабельділігі төмен кен орындары үшін Үкімет алғашқы рет пайдалы қазбалар өндірісіне салынатын салықтың төмендетілген мөлшерлемесін белгілегенін атап өтті. Сонымен қатар, экспорттаушыларды қолдау үшін теміржол көлігімен тасымалдауға арналған тарифтерге уақытша төмендету коэффициенттерін беру тетігі енгізілгенін тілге тиек етті.
Баспасөз мәслихатында еліміз биылғы жылдың соңына дейін 10 мың тоннаға жуық ірі қара мал етін экспортқа жөнелтілетіндігі де айтылды. «Ірі қара мал етінің экпорттық әлеуетін арттыру жобасы 2012 жылдан бері жүзеге асырылуда. Жоба барлық облыстарда бірдей жүргізіліп жатыр деп айта алмаймыз. Мысалы, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында бұл көрсеткіш барлық аналық ірі қара малға шаққанда 35 пайыздан артық. Ал кейбір облыстарда бұл көрсеткіш төмен. Аудандар арасында да осындай рейтинг жасалды», деді ол жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков.
Ведомство басшысы Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында несиелік жүктемені төмендету туралы агроөнеркәсіптік сектор субъектілерінен 217 өтініш келгені туралы да әңгімеледі. «Бағдарлама агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржылық сауықтыру бойынша тиісті тетіктерді қарастырады. Бұл тұрғыда бұрынғы кредиторлық қарыздарды төмендету мен мерзімін ұзарту ескерілген. Бүгінде 167 млрд. теңге көлемінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің 217 өтініші мақұлданды», деді министр. Оның келтірген тағы бір мәліметіне қарағанда, биылғы жылдың соңына дейін бұл бағытта 300 млрд. теңгені игеру жоспарланып отыр.
Өңірлік даму министрлігі жылу желілерін жаңғырту бойынша кешенді жоспар әзірлеуге кіріскелі отыр екен. «Бүгін Үкімет отырысында жылумен жабдықтау секторын жаңғырту мәселелері қаралды. Бүгінгі күні бұл секторда тозу деңгейі жоғары. Айталық, желілердің 40 пайызы толығымен тозған. Сондай-ақ, жылу электр стансалары мен ірі қазандықтарды есепке алмағанда, жылумен жабдықтау көздері бойынша да жағдай нашар. Мұнымен қатар, тұтынушыларға қатысты мәселелерге тоқталсақ, тұрғындар жылу есептегіш құрылғыларды орнатпайды, ғимараттарда терможаңғырту жүргізілмей келеді. Сондықтан, бүгін жылу желілерін жаңғырту бойынша кешенді жоспардың бағыт-бағдары талқыланды. Бұл кешенді жоспарды дайындауға біз кірісуіміз керек. Жоспарға сай, жылу көздері техникалық тексерістен өткізіледі. Оның нәтижесі бойынша жылу желілерінің техникалық жағдайына баға беріледі, инвестициялаудың негіздемесі әзірленеді, қалалар мен ауылдарды жылумен жабдықтаудың сызбанұсқасы мен бірыңғай техникалық саясат дайындалады», деді бұл жөнінде Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».