Тұлғалар тағлымы
Өткен жылы Ғ.Мүсірепов атындағы драма театры айтулы шығармашылық жетістіктерге толы болды. 2022 жылы II халықаралық «Әбіш әлемі» фестивалінде «Король Лир» спектаклі бас жүлдені иеленгенінен бастап, «Құлагер», «Шағала», «Оян, қалыңдық», «Қарагөз» спектакльдері мен Сағызбай Қарабалин, Мақсат Рахмет, Динара Нұрболат, Жанар Мақашева, Гүлбахрам Байбосынова сынды жекелеген актер мен актрисалар кәсіби мамандар тағайындаған ең жоғары жүлдеге қол жеткізді. Қазақстан театр сыншылар бірлестігінің шешімімен театр директоры Талғат Есенәлиев «Жыл театр менеджері» аталымына лайық деп танылса, театрдың көркемдік жетекшісі, режиссер Фархад Молдағали Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығын және Мәдениет министрлігі тағайындаған «Ұмай» ұлттық сыйлығын «Король Лир» спектакліндегі режиссерлік жұмысы үшін иеленді. «Құлагер» спектаклі әлемдік деңгейдегі А.Чехов атындағы XVI халықаралық театр фестиваліне шақырту алып отыр. Осы жылдың мамыр айында Мәскеу қаласында әлемнің Аргентина, Чили, Бразилия, Үндістан, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Вьетнам сияқты елдерінің озық театрлары өнер көрсететін фестивальде Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры халықаралық бәйгені бастайтын болады.
Осының бәрі – балалар мен жастар театрының бір жылда жеткен жеңісі мен табысы. Театрдың жаңалығы мұнымен шектелмейді. Өткен жылдың басында Кіші залын ашып, үлкен сахнасымен қатар аталған залда көрерменге спектакльдер ұсынып келе жатқан театр 21 желтоқсанында Байділда Қалтаев атындағы жаңа сахнаның шымылдығын «Дилфизо мен Донадо» спектаклімен ашты. Талай өнер тарланымен өмір жолында үзеңгілес болған профессор Есмұхан Обаев: «Бұл театрдың бағы актерден жанған. Байділда Қалтаевтан бастап сөз өнерін, тіл өнерін меңгерген театр!», дейді. «Өткенге тас атсаң, болашақ сені зеңбірекпен қарсы алады» деген белгілі тәмсілмен сөз бастаған К.Демесін жоқтаусыз ұмытылып бара жатқан ұлттың ұлы тұлғаларын бүгінгі ұрпақтың есіне салып отырудың маңызы туралы әңгімеледі. «Қазақстанның халық әртісі Б.Қалтаевты 1969 жылдан бері білемін. Өз театрымыздың ішінде актерлерге сахна тілінен сабақ берді. Осы жасыма дейін өз басым жіңішке, ұяң дыбысты асқан шеберлікпен жеткізетін мұндай актерді көрген емен. Сөз саптауы ғажап еді. Сөз көмейінен таза күйінде төгіліп шығатын. Симфония тыңдағандай әсерде қалдыратын. Ұмытылуға шақ қалған осындай ерекше дарын иесін құрметтеп, есімін жаңа залға еншілеп беріп жатқан театр директоры Талғат Есенәлиевке рахметімді айтамын», деді.
Театр өткен тарихына, жүріп өткен жолына әрқашан адал. Ардагер, майдангер сахнагерлерін ұмытпай, есімдерін ел жадында мәңгі қалдыру мақсатында туғанына мерейтойлық жыл толған саңлақтардың атындағы фестиваль жүлделерін табыстауды дұрыс деп тапқаны – биылғы фестивальдің басты жаңалығы. Мұхтар Бақтыгереев, Кененбай Қожабеков, Райымбек Сейтіметов, Атагелді Смайылов, Аққағаз Мәмбетова, Бибиза Құланбаева, Жамал Бектасова, Роза Әшірбекова... Театрдың жасы үлкен аға буын әртістері алқа-қотан отырып, мұң аралас кейіпте бір мезет жақсыларды еске алып, қызықты естеліктерін сағынышпен жарыса баяндап жатты. Театрға жұмысқа жаңа орналасқан жас актерді ғана емес, әртіс біткеннің бәрін «менің балам» деп бауырына басқан Жамал Бектасованың зейнетке шығып кетсе де, «расписаниені біліп кетпеймін бе? Кешке спектакльде рөлім болып, кешігіп қалсам, ұят болады ғой», деп театр алдындағы Ғ.Мүсірепов ескерткішін айналсоқтап жүретіні көңіл тебірентсе, бақиға аттанғанша бала мінезінен айнымай кеткен ақжүрек Роза Әшірбекованың шымылдық сыртында анекдот айтып тұрып, 1937 жылдың ащы шындығын көрсеткен «Сталинге хат» спектакліне ойнауға шығып кетіп, күлкісін тыя алмай, булығып, үстел үстіне жатып қалатыны алуан мінезді актер мен буырқанған театр өмірінде болмай қоймайтын қайталанбас қызықты да қимас сәттер...
Ә.Мәмбетов неге жылады?
Күлжәмила БЕЛЖАНОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Алғаш оқу бітіріп, театрға жұмысқа келген жылы Аққағаз апай «әй, қыз, жүр менімен» деп соңынан ілестіре сахнаның сыртындағы грим бөлмесіне бастап келді. «Бұл менің бөлмем, осы жерде рөлге дайындаламын, грим саламын» деп үстелін алақанын аялай сипап өтіп, «енді осы жерде менімен бірге отырасың», деді. Аққағаз апам отырғызып кеткен сол орында, міне, қырық жылдан бері отырмын. ТЮЗ аталған театрдың 1945 жылы Е.Шварцтың «Қызыл телпекті қыз» ертегісімен ашылғанын белгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбаевтан естігенбіз. Сондағы қызыл телпекті қызды алғаш Аққағаз Мәдиқызы Мәмбетова ойнаған екен. Иә, иә, әйгілі театр режиссері Әзірбайжан Мәмбетовтің туған әпкесі. Ал 1946 жылы театр тұңғыш рет қазақ тілінде А.Толстойдың «Алтын кілт» спектаклін сахналағанда, әрине, мұнда да басты рөлді Аққағаз Мәдиқызы ойнаған. А.Мәмбетова театрда 54 жыл қызмет етіп, 100-ден аса рөл ойнады. Актрисаның дауысы «Алтын қорда» сақталған. 1996 жылы театрдың 50 жылдығы аталып өткенде, 70-тен асқан Аққағаз Мәмбетова жүгіріп жүріп Буратиноны ойнап, «Алтын кілт» эстафетасын Лидия Кәденоваға тапсырған болатын.
Гүлжамал ҚАЗАҚБАЕВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Актерлерге сахнадан кету – өмірден кетумен бірдей ғой. Аққағаз апа өмірден өткенде, ұжым болып қайғырып, үйіне көңіл айтуға бардық. Барсақ, апаның бауыры, КСРО халық әртісі, атағы жер жарған патриарх режиссер Әзірбайжан Мәдиұлы еңкілдеп жылап қарсы алды. Аққағаз апа мен Әзірбайжан ағаның балалық, жастық шағы соғыспен тұспа-тұс келгенін білеміз. Әкелері соғыста опат болып, аналары әкесінің қайғысынан көз жұмып, екі бала жетім қалған. Сол қиын-қыстау күндерде апасы жалғыз бауырын жанынан тастамай, жетектеп жүріп жеткізген ғой. Оқытқан, адам қатарына қосқан. Сондағы Әзірбайжан ағаның қайғырып отырып айтқаны құлағымнан кетпейді: «жар дегенде жалғыз апам-ау, жан бауырым-ау, мені жетектеп жүріп адам қылғанда, сен үшін мен не істей алдым, саған қандай жақсылық жасай алдым?» деп жылағанда, бәріміздің сай-сүйегіміз сырқырап, көз жасымызды тыя алмай егілген едік. Ол кезде Ә.Мәмбетовтің алмаған атағы жоқ, дүрілдеп тұрған кезі, әпкесіне жақсылық жасай алмағаны жанын жегідей жеп, өзегін өртеп бара жатқан өкінішін бізге мұң ғып шаққанда, жанымызды қоярға жер таппаған едік. «Бір кем дүние» деген осы екен ғой...
Миллионер Мұхтар
Жомарт ЗЕЙНӘБІЛ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:
– Мұхтар Бақтыгереев, Атагелді Смайылов, Алтынбек Кенжеков сияқты ТЮЗ-дың актерлері көзінің тірісінде-ақ «дубляждың королі» атанды. Таспасы тозған ақ-қара түсті ескі фильмдердің бәрінің соңында осы кісілердің есімдері жүреді. Мысалы, Мұхтар Бақтыгереев талантты актер ретінде ғана танымал. Ал оның бүгінгі миллионерлерден бір мысқал кем болмағанын көпшілік біле бермейді. Күндей күркіреген сирек дауыс иесі Бақтыгереевті бай-бағланның қатарына бастап барған «Қазақфильмнің» дубляжы екен. Әр фильмді дыбыстаған сайын қалта-қалта қаламақыға қарық болатын дубляж актерлерінің көшбасында Бақтыгереев жүрді. Сахна сайыпқыраны ғана емес, киноның да майталманы, әр түскен туындысы мен дыбыстаған фильмі үшін есепсіз байлыққа кенелетін актер ақкөңіл мінезімен қоса, мәрт болған. 1990 жылдардың тоқырауы тұсында министрліктен қаржы бөлінбей, театр әртістері жалақы ала алмай қиналған қысылтаяң кезде, қойны-қонышынан ақша бұрқырап жүретін Мұхтар ағамыз әріптестеріне өз қалтасынан айлық үлестіріп те жіберетін болған. Қолы ашық ағаларының мырза мінезін жақсы білетін театрдағы қарындастары майысып: «Мұхтар аға» деп еркелеген бетте-ақ, екі қолын костюмінің ішкі-сыртқы қалтасына бірдей жүгіртіп, қызылды-жасылды қағаздарды бұрқыратып суырып алып шығатын Атымтай жомарттығына анау-мынау шонжарың ілесе алмайтын. Егер қарындастары мұрнынан шаншылып назар аударуға мұршасы болмай жатса, үнемі алқалағанға үйреніп қалған ағалары: «сендер бүгін неге маған еркелемей қалдыңдар?» деп ызаланып, бұрқ-сарқ ашуланып, есікті тарс жауып шығып кететін. Бұл да бала секілді өнер адамының бір мінезі.
Қылышсыз қаһар
Кәдірбек ДЕМЕСІН,
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:
– Бірде гастрольде спектакльде ойнап жатады. Әртіс те адам, шаршайды. Мұздай болып батырдың киімін киіп жасанып алған Атагелді Смайылов белбеуді таққан, қыны бар, бірақ қылыш жоқ. Сахна сыртында кезегін күтіп әріптесімен әңгімелесіп отырады. Әңгімелесіп отырып асықпай етігін киеді. Етікті киген соң, аз-маз аялдап тұру ол кісінің әдетінде жоқ, етікті киген бойда сахнаға тартады. Атагелдіні көре сала, күтіп тұрған «қарсыласы» «жекпе-жек!» дейді. Атагелді ағамыз да «жекпе-жек!» деп қарсы атой салады. Ұмтылғанын қайтейін, суырайын десе, қылыш жоқ. Сонда актер еш саспастан: «Түүу, безобразие, қылыш қайда кеткен-ей» деген екен.
Шымылдық жағалаған шешен
Жомарт ЗЕЙНӘБІЛ:
– Бірде актрисалардың бірі балаларға арналған спектакльде ойнауға тиіс екенін тарс есінен шығарып алады. Театрдағылар: «Қайдасыз?» деп хабарласса, таудың етегіндегі «Қазақфильм» ықшамауданында тұратын актриса: «үйдемін, қазір такси ұстап барайын» дейді. Спектакль әне-міне басталуы керек. Кішкентай көрермендер шымылдықтың ашылғанын тықыршып күтіп отыр. Талай буын актерді тәрбиелеген педагог, белгілі сахна шебері, театр директоры Райымбек Сейтіметов елді ұйытып қоятын шешендігімен, білімдарлығымен белгілі адам. «Төтенше жағдайға» орай директордың өзі сахнаға шығып, еш саспастан: «балалар, сендер үлкен өнер ордасы театрға келдіңдер...» деп жұмсақ дауысымен ұзын-сонар дәрісін бастайды. Он минуттан аса сөйлеп, аяңдай басып келіп, шымылдықты түріп ақырын ғана: «келді ме?» дейтін көрінеді. «Жоқ». Сөзге ділмар Сейтіметов әңгімесін қайта жалғайды. Жарылардай болса да, жақсы тақырып тауып, балалардың көңілін сөзбен аулап жүрген шешен шымылдық жақты жағалап жүрген болып сыбырлайды: «келді ме?» «жоқ!» Жарты сағат дегенде әрең жеткен актрисаның төбесі көрінгеннен шыдамы шиыршық атып тұрған директор «шық енді, ойна!» деп, асыға басып, жүре берген екен.
Төрт күнге созылған «Алтын сақа» фестивалінің алғашқы бөлімі аға буын әртістердің осы тектес әсерлі естеліктерімен аяқталды. Нағыз көңіл толқытар сәт енді туды. Фестивальде Фархад Молдағали сахналаған «Король Лир», «Болмаған балалық шақ», Дина Жұмабайдың көркемдік ізденісінен туған «Ақ кеме», «Қаһар», «Оян, қалыңдық» және Ольга Малышева қойған «Дилфизо мен Донада» атты алты спектакль қазылар алқасының сараптауына ұсынылды. Көрермендер арасында жүргізілген сауалдама нәтижесі бойынша «Көрермен көзайымы» арнайы жүлдесі Дархан Сүлейменовке, Райымбек Сейтіметов атындағы «Үздік дебют» жүлдесі «Болмаған балалық шақ» спектакліндегі Ақберен бейнесі үшін Жақсылық Тұрлығазыға, Бибиза Құланбаева атындағы «Үздік дебют» осы қойылымда Маржанды кейіптеген Мөлдір Қонысқызына, Роза Әшірбекова атындағы «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» Ақмарал Дайрабаеваға, Тамара Қосыбаева атындағы «Екінші пландағы үздік әйел бейнесі» Толқын Нұрбекова, Ақбота Рахатоваға, М.Бақтыгереев атындағы «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» Әсет Иманғалиға табысталды. «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» аталымы бойынша Сағызбай Қарабалин, Гүлжамал Қазақбаева, Қадырқазы Қуандықов, Сәкен Рақышев, Шолпан Сіргебаева, Тынышкүл Сұлтанбердиева марапатталды. Жамал Бектасова атындағы «Үздік әйел бейнесін», «Қаһар» спектакліндегі Медея рөлі үшін Гүлбаһрам Байбосынова, Атагелді Смайылов атындағы «Үздік ер адам бейнесін» «Оян, қалыңдық» спектакліндегі Күйеу жігіт образы үшін Елдар Отарбаев иеленді. Аққағаз Мәмбетова атындағы «Жыл актрисасы» жүлдесін Жанар Мақашева, Кененбай Қожабеков атындағы «Жыл актерін» «Король Лир» спектакліндегі Сайқымазақ рөлімен Сафуан Рысбайұлы жеңіп алды.
АЛМАТЫ