Кәсіпқой бокс • 31 Наурыз, 2023

Қарсыласы белгілі болды

1903 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

WBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (13-0, 8 КО) өзінің келесі кездесуін 13 мамырда (Астана уақытымен 14 мамыр) АҚШ-тың Калифорния штатындағы Стоктон қаласында өткізеді. Бұл жолғы қарсыласы – канадалық Стивен Батлер (32-3-1, 26 КО).

Қарсыласы белгілі болды

Ертең, яғни 1 сәуір күні ордалы 30 жасқа толатын Жәнібек Әлімханұлы 2022 жылдың 21 мамырында ұлыбри­таниялық Дэнни Дигнумды екінші раундта ұрып жығып, орта салмақтағы WBO нұсқасының «уақытша чемпион» атағын иеленген болатын. Сол жылдың тамыз айында WBO чемпионы атанып тұрған америкалық Деметриус Андраде отандасымызға қарсы өз атағын қорғаудан бас тартып, жерлесіміз жекпе-жексіз-ақ әлем чемпионы атанған-ды.

Ал өткен жылдың соңында Жәні­бек өзіне тиесілі алтын бел­беуін алғаш рет сәтті қорғады. 12 қараша күні АҚШ-тың Невада штатында ұйымдастырылған жекпе-жек кешінде Әлімханұлы өзінен екі жас кіші англиялық Дензел Бентлимен жұдырықтасты. Сол кезде орта салмақтағы әлемдік рейтингте 14-орында тұрған британиялық боксшы отандасымызға лайықты деңгейде қарсылық көрсеткенін айта кеткен жөн. 2017 жылдан бері кәсіпқой бокста жұдырықтасып келе жатқан Дензел осы уақыт аралығында шаршы алаңға 19 мәрте көтеріліп, 17 жекпе-жегінде жеңіске жеткен. Сонымен қатар 14 қарсыласын есінен тандырған тәжірибелі бокс­шы болатын. Десе де, Жәнібек қарсыласы қанша қарымды болса да, 12 раундтың қорытындысы бойынша Бентлиден басым түсті. Сөйтіп, жерлесіміз бірін­ші рет чемпиондық белбеуін сәтті қорғады.

Енді, міне, орта салмақта аб­со­лютті әлем чемпионы атануды алдына мақсат етіп қойған дарынды боксшымыз былтыр жеңіп алған алтын белдігін екінші мәрте қорғамақ. Жекпе-жек 12 мың жанкүйерге арналған Стоктон қаласындағы «Стоктон-Арена» спорт кешенінде өтеді деп жоспарланған.

Осы орайда оқырмандарға Жәні­бектің келесі қарсыласы туралы аз-кем мәлімет бере кетейік. 27 жастағы Стивен Батлер Канаданың Квебек қаласында туып-өскен. Кәсіпқой бокста жұдырықтасып жүргеніне биыл тоғыз жыл. Сол аралықта ол 36 мәрте шаршы алаңға көтеріліп, 32 рет жеңіске жеткен. Сондай-ақ 26 қарсыласын мерзімінен бұрын тізе бүктірген. 2015 жылдың күзінде аме­ри­калық Хайме Эррерамен жұ­дырық­тасып, төрешілердің шешімі­мен тең түсті. Кейіннен ол 2017 жылы отандасымыз Қанат Исламның экс-қарсыласы, өзінің жерлесі Брэндон Куктен – жетінші, араға екі жыл салып 2019 жылдың желтоқсанында Жапонияда даңқты боксшымыз Геннадий Головкиннен жеңілген жергілікті Рёта Муратадан бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңілді.

Сонымен қатар Стивен Батлер 2017 жылы Головкин-Альварес арасындағы бірінші жекпе-жек алдында мексикалық боксшының спарринг-серіктесі ретінде жұмыс істеп, «Канелоға» көмектескен болатын. Батлер – канадалық «Eye of Tiger Managament» промоутерлік компаниясының боксшысы. Біраз жыл бұрын аталған промоутерлік ұйыммен бірқатар Қазақстан боксшысы да жұмыс істеген. Атап айтқанда, бірінші жартылай орта салмақтағы Батыр Жүкембаев, жеңіл салмақтағы Абылайхан Құсайынов, екінші орта салмақтағы Нұрзат Сабиров, бірінші орта салмақтағы Садриддин Ахмедов секілді танымал боксшыларымыз аталған ұйым аясындағы жекпе-жек кештерінде өнер көрсеткен.

2021 жылдың қаңтарында Батлер мексикалық Хосе де Хесус Масиасқа да бесінші раундта есе жіберіп, жан­­күйерлерін жерге қаратты. Де­ген­мен канадалық боксшы кейінгі төрт жекпе-жегін жеңіспен аяқтады. Ол өзінің ең кейінгі кездесуін 2022 жыл­дың желтоқсан айында Канадада өткізіп, америкалық Джошуа Конлиді 10 раундқа жоспарланған айқаста төре­шілердің шешімімен жеңді. Кана­далық боксшы қазіргі таңда WBO рейтингінде алтыншы орында тұр.

Жәнібек Әлімханұлы мен Стивен Батлер 13 мамырда жұдырықтасатыны ресми жарияланған соң, екі бокс­шы жекпе-жек туралы алғашқы пікір­лерін ортаға салды.

«Орта салмақтағы боксшылардың бәрі менен қорқып, жекпе-жекке шығудан бас тартып отыр, сондықтан Стивен Батлерге менімен жұды­рық­тасуға келіскені үшін алғысымды білдіремін. Менің жақын арадағы басты мақсатым – орта салмақтағы барлық титулды біріктіру екенін баршаңыз жақсы білесіздер. Бірақ сол жолда Батлерден айналып өте алмаймын. Ол мықты қарсылас, сол себепті Стоктондағы жанкүйерлер мен бокс кешін ESPN телеарнасы арқылы тамашалайтын көрермендерге нағыз тартысты бокс шоуын сыйлаймыз деген үміттемін», дейді Ж.Әлімханұлы.

Ал Стивен Батлер қысқа ғана қайырып, өз жанкүйерлерінен 13 мамырда үлкен сенсацияға дайын болуын сұрап, әлем чемпионы бел­беуін Квебек қаласына әкелетінін мәлімдеді.