Спорт • 30 Наурыз, 2023

Ахметов Америкада айқасады

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Аралас жекпе-жектегі Азияның ең белді про­моушені – «ONE Championship» өзінің кезекті жарысын 6 мамырда АҚШ-тың Брумфилд қаласында ұйымдастыруды көздеп отыр.

Ахметов Америкада айқасады

Аталған турнирде Қайрат Ахметов те өнер көрсетеді. Әр жеңісінен кейін «Қара жорға» билейтін қазақ жігітін жанкүйерлер жақсы біледі. 35 жастағы қандасымыз осы спорт түрін серік еткелі 13 жылға жуықтады. Сол аралықта 31 кездесу өткізіп, 29 жеңіске жетті. 18 қар­сыласын есінен тандырды. 2015 жылы ол Бейжіңде брази­лиялық Адриано Мораес­тен басым түсіп, аталған нұсқаның чемпиондық белбеуін иеленді. Арада екі жыл өткен соң дәл сол спорт­шыдан жеңіліп, атағынан айы­рылды. 2018 жылы филиппиндік Джехе Эустакиоға есе жіберді. Содан кейінгі бес кездесуде Ахметовтің үстемдігі еш күмән туғызған жоқ.

Қайраттың қарсыласы – Рис Макларен. 31 жастағы Аустралияның файтері октагонға 26 мәрте шығып, 16 рет жеңіске жетті. 13 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Бұл спортшылар осыдан төрт жыл бұрын күш сынасқан еді. Ол кезде Ахметов ұпай санымен жеңіс тойын тойлады.

АҚШ-тағы жарыстың басты жекпе-жегінде кезінде UFC-дің ең белді файтерлерінің бірі болған америкалық Деметриус Джонсон мен «ONE Championship» нұсқа­сының қазіргі чемпионы Адриано Мораес айқасады.