Экономика мен әлеуметтік мәселелерге баса мән бере отырып, тез шешу жолдарын қарастыру қажет екенін баса тапсырды. Сонымен қатар ғылым мен жоғары білім, оқу-ағарту мен мәдениет пен спорт салаларын дамытуға құзырлы органдарға арнайы тапсырма берді. Президентіміздің «Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат» дегені көңілге сенім ұялатады. Соның бір дәлелі ретінде «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайтару туралы шешімінің күшіне еніп, талай жылғы үзілістен кейін ол қазан айында алғаш рет лайықты өнер қайраткерлеріне қайта тапсырылатыны туралы айтқаны шығармашылық өкілдерін жігерлендіріп отыр.
Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының басшысы ретінде бұл атақтың өнер адамы үшін қаншалықты қымбат және маңызды екенін жақсы білемін. Бар өмірін сахнаға арнап, күндіз-түні ізденісте жүретін әртістердің еңбегі осындай үлкен атақпен Президенттің өз қолынан марапатталуы – үлкен мәртебе. Енді бір естен шығармай мұқият болатын мәселе бар. Ол атақ екінің біріне беріле бермеуі керек. Қазақта «әу демейтін қазақ жоқ» дейтін сөз бар, ел алдында ешбір асып бара жатқан еңбегі жоқ, фонограммасымен той мен сахнаның шаңын шығарып жүрген әншілерге берілетін болса, онда ол атақтың құны жоғалады. Сондықтан бұл атақ шын өнерімен елді аузына қаратып тамсандырған жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан, өнердің жілігін шағып, майын ішкен дуалы ауызды өнер азаматтарына беріліп жатса, халық сыйлайтын болады. Әйтпесе, кейінгі кезде небір жеке компаниялар түрлі медальдар жасап, тойда медаль тарататын жағдайға жеттік. Қарап отырып ұяласың, медаль, орден, мақтау қағаздары тек мемлекеттік тараптан ғана тапсырылуы керек. Осы мәселеге тереңінен мән берсек екен.
Бақыт БӨКЕБАЕВ,
Абай атындағы қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері