Үкімет • 31 Наурыз, 2023

Үкіметке жауапты міндет жүктелді

218 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысына қатысып, Премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловты ұсынды. Депутаттардың көпшілік даусымен Мем­лекет басшысының ұсы­нысы қабылданды.

Үкіметке жауапты міндет жүктелді

Суреттерді түсіргендер А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Жалпы отырысты Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ашып, жиында жалғыз мәселе қара­латынын жеткізді. Яғни депутаттар Президент Қ.Тоқаев ұсынған Премьер-министрді тағайын­дауға не келісім береді, не келісім бермейді.

«Бүгінгі біздің жалпы отырысымызға Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр. Конституцияның 44-бабы 3-тармақшасына сәйкес, Мем­лекет басшысы Мәжілістегі сая­си партиялармен консультация өт­кізіп, палатаның келісімін алу үшін Премьер-министрдің кандидатурасын енгізеді», деді Палата төрағасы Ерлан Қошанов.

 

Үкіметтің стратегиялық бағдары

Бұдан кейін Президент Қ.Тоқаев сөз алып, Парламент Мәжі­лі­сінің жаңа құрамы сайла­нуы­на байланысты Үкімет өз өкілет­тігін тоқтатқанын айтты. Сон­дай-ақ Үкіметтің атқарған жұмы­сына қысқаша тоқталып, шұғыл шаралардың нәтижесінде ел экономикасы 3,2 пайызға өске­нін, халықтың алдындағы әлеумет­тік міндеттемелер уақтылы және толығымен орындалғанын жеткізді.

«Біз соңғы жылдары жаһан­дық және жалпыұлттық ауқым­да­ғы көптеген қиындықты бас­тан өт­кердік. Үкімет күрделі кезең­­дегі жаңа талапқа тез бейім­дел­ді. Сол арқылы экономи­ка­ның то­қы­рауына жол берген жоқ. Жұ­мыс орын­дарын қысқартпай, сақ­тап қал­ды. Шұғыл шаралардың нәти­же­сінде ел экономикасы 3,2 пайыз­ға өсті. Халықтың алдындағы әлеу­мет­­тік міндеттемелер уақты­лы жә­не то­лығымен орындалды. Мұ­ның бәріне билік тармақ­тары­ның бір­лесіп жұмыс істеуінің арқасы­нда қол жеткіздік. Осы ынтымақ­тас­тық­ты нығайта беру керек», деді Қ.Тоқаев.

Осы орайда, Мемлекет бас­шы­сы Үкімет пен Парламент эко­но­миканы дамытып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін барлық күш-жігерін жұмылдыруға тиіс екеніне екпін қойды. Елімізде аз уақыттың ішінде ауқымды саяси реформа жүргізілгенін атап өтті. Түбегейлі өзгерістер еліміздің жаңа дәуірге қадам басуына жол аш­қанын жеткізді.

«Бұл жұмыс жалғаса береді. Бі­рақ экономикалық өзгерістер сая­си жаңғыру үдерісінен кенже қал­мауы керек. Сондықтан Үкімет әлеу­меттік-экономикалық реформа­лар­ды батыл жүзеге асыруға тиіс. Бұл – өте жауапты жұмыс. Аза­мат­­тарымыз Үкіметке зор үміт ар­та­­ды, жоғары талап қояды. Ел се­ні­­мін ақтау – бәрімізге сын. Мен ке­ше Пар­ламент сессиясының ашы­луын­да нақты міндеттерге тоқталд­ым. Үкі­мет стратегиялық бағда­ры­мыз­ды жүзеге асыра отырып, мы­на­дай мәселелерге баса мән беруге тиіс.

Бірінші. Тұрақты экономика­лық өсімнің жылына кем дегенде 4 пайыз болуын қамтамасыз ету керек. Сондықтан экономиканың да­му үлгісін түбегейлі өзгертуіміз керек. Ол үшін әртараптандыру жұ­мы­сын жүйелі жүргізіп, нарық қағи­даларын нығайту маңызды. Түп­кі мақсатымыз – жоғары техно­логияға негізделген, өзін-өзі то­лық қамтамасыз ететін және бәсекеге қабілетті экономика құру», деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Президент елімізді басты өңірлік инвестициялық хаб ретіндегі ұстанымын күшей­туді тапсырды. Кейінгі жылдары монополиясыздандыру және шынайы бәсекелестік орта құру аясында байыпты жұмыс жүр­гі­зілгеніне назар аударды. Мем­лекет басшысының айтуынша, қол жет­кізген жетістікпен тұ­рып қалуға болмайды. Үкіметтен эко­но­ми­калық еркіндікті одан әрі ке­ңейту және мемлекеттік нарық­тық үдерістерге ықпалы деңгейін төмендету үшін жүйелі іс-шаралар талап етіледі. Бұл әдістерді жүзеге асыру еліміздің институцоналды ке­ме­ленденуін, оның түрлі ішкі және сырт­қы күйзелістерге тұрақты­лы­ғын арттыруға мүмкіндік бермек.

«Екінші, инфляцияны тежеу қажет. Биыл оны кемінде екі есеге төмендету керек. Ең алдымен, азық-түліктің бағасын реттеу аса маңызды. Сол себепті агроөнеркәсіп кешенін және сауда-саттықты дамыту – негізгі басымдықтың бірі. Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен барынша қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру керек.

Үшінші, инфрақұрылымды дамыту қажет. Энергетика, су және көлік қауіпсіздігін қамта­масыз етуге бағытталған кешен­ді шаралар қабылдануға тиіс. Энер­гетикалық активтерді жаңғыр­туға жақын арада жаңа инвестиция тарту керек. Бұл жұмысты «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы іске асыруға болады.

Қазір тауар газының тапшы­лығы күшейіп барады. Үкімет еліміздің газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа жобаларды жүзеге асыруға тиіс. Сонымен бірге 25 су қоймасын салып, суды барынша үнемдеу керек. Қазақстан тұрақты даму үшін Азия мен Еуропаны жалғайтын әлемдік көлік хабына айналуы қажет. Бұған дейін қолға алынған көлік және логистика жобаларын түгел уақтылы бітіру өте маңызды», деді Қ.Тоқаев.

 

Халықтың сенімін арттыру маңызды

Үкімет басымдық беруге тиіс төртінші мәселе – аумақтық саясат жан-жақты жүргізу. Президент ай­мақтар қуатты болса, бүкіл мем­лекет өсіп-өркендейтінін атап өтті. Сондықтан еліміздің әкім­шілік-аумақтық құрылымы оң­тай­лы әрі тиімді болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе.

«Былтыр жаңадан Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылғанын білесіздер. Бұл қадам осы аймақтарды тың қарқынмен дамытуға жол ашты. Біз аймақтар арасындағы экономикалық тең­сіздікті азайту үшін тиімді шара­лар қабылдауымыз керек. Осы рет­те Үкімет әкімдермен бірле­сіп, әрбір облыстың әлеуетін арт­тыруға тиіс.

Әр аймақтың өзіне тән мүм­кіндігін толық пайдалану қажет. Мен мұны бірнеше рет айттым. Сондай-ақ агломерацияларды дамыту мәселесіне баса назар аударған жөн. Үкімет осыған қа­тыс­ты заңның мүлтіксіз орындалуын және жоспарланған жұмыс­тың тиімді атқарылуын қамта­масыз етуге тиіс», деді Қ.Тоқаев.

Бұдан бөлек, адам капита­лы­ның сапасын дәйекті және жүйелі түрде арттыру қажет. Президент «Жайлы мектеп» жобасын тиімді іске асыруды қамтамасыз етіп, ЖОО базасында академиялық артықшылық орталықтарын құруды жалғастыруды тапсырды. Мемлекет басшысы елдегі ғы­лымның кешенді дамуын жеке бақылауына алатынын жет­­кізді. Сондай-ақ денсаулық сақ­тауды жаңа сапалы деңгейге шы­ғару қажет екеніне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру керек. Мұнда цифрлық шешімдердің көмегімен шығын­дарды бақылауды күшейту өте маңызды болмақ.

«Жалпы, цифрландыру эко­ном­и­каның барлық саласын қамтып, азаматтарымыздың өмірі­нің барлық саласына енуге тиіс. Ол үшін ақпараттық техноло­гия­лар нарығын барынша ырық­тандыру қажет. Еліміздің алдында өңірлік цифрлық хаб мәртебесін нығайту бойынша стратегиялық міндет тұр. Осы бағытта табыс­ты болу үшін «цифрлық номад­тар­дың» серпінді идеялары мен шығар­машылық энергиясын пай­далану қажет. Азаматтарды әлеу­меттік қорғаудың сенімді жүйе­сін құру да маңызды. Ол эконо­ми­ка­лық күйзелістерге және адам­дардың қажеттіліктерінің өзге­руіне жедел жауап беруі керек.

Әлеуметтік қорғаудың ең жақ­сы шарасы – жаңа жұмыс орын­дарын құру, қайта оқыту және биз­нес бастамаларды қолдау ар­қы­­лы халықты жұмыспен қам­­ту. Бұл ретте азаматтарды тиіс­ті әлеу­­меттік кепілдіксіз қалды­ра­тын көлеңкелі жұмыспен қам­ту­дың төмендеуі түйінді мәнге ие. Бел­­гіленген тәсілдер әлеуметтік әді­леттікті нығайтуға, баршаға бір­дей мүмкіндіктер мемлекетін құру­ға жәрдемдеседі», деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар мемлекеттік аппараттың жұмысын қайта қарап, оны жаңғыртудың маңызына тоқ­талды. Мұны орындамай көз­деген мақсатқа жету қиынға соғады. Үкімет әкімшілік реформаны жал­ғастырып, бюрократияны барынша азайтуы керек екенін атап өтті.

«Мемлекеттік органдардың тап­сырманы уақтылы әрі сапалы орындауы жеткіліксіз. Эконо­ми­каның өсімін қамтамасыз ететін тың бастамалар көтеріп, жаңа идеялар ұсынып отыру қажет. Министрлер мен әкімдердің қызметін бағалаған кезде олардың осы бағыттағы жұмысы бас­ты назарда болады. Сондай-ақ қо­ғамның мемлекетке деген сені­мін арттыру – өте маңызды мін­дет. Биліктің өзгеріс жасауға ықы­ласты және дайын екенін жұрт көруі керек. Бір сөзбен айтқанда, шын мәнінде «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру қажет. Ел басқару және шешім қабылдау ісіне азаматтарды барынша тартқан жөн.

Мен сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына Премьер-министрдің кандидатурасын ұсына алатынын атап өттім. Бүгін мен Мәжіліс төр­ағасы Ерлан Жақанұлы Қо­шановты қабылдадым. Жаңа ғана фракция жетекшілерімен арнайы кездестім. Үкімет басшысы лауазымына «Amanat» партиясы ұсынған кандидатты талқыладық. Ортақ мәмілеге келдік.

Ата заңымыздың 44-бабына сәйкес, Премьер-министр лауа­зымына Әлихан Асханұлы Сма­йыловтың кандидатурасын ұсынамын. Баршаңыз бұл аза­матты жақсы танисыз­дар. Білік­ті әрі тәжірибелі маман. Жұ­мысқа адал, еңбекқор адам. Ол Үкіметтің алдында тұрған мін­­деттерді жақсы біледі. Оған жаңа Үкіметтің тізгінін сеніп тап­­сыруға болады деп санаймын. Конституцияның 56-бабына сәйкес Премьер-министр лауа­зымына Әлихан Асханұлы Смайыловты тағайындау үшін Мә­жі­лістің келісім беруін сұрай­мын», деді Қ.Тоқаев.

 

ЖСДП қолдамады

Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары Президенттің ұсынысына қатысты пікір білдірді. Алғаш болып пікір білдірген «Amanat» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

«Қазақстан демократиялық өзгерістерді біртіндеп дәйекті және жүйелі түрде іске асырып келе­ді. Мемлекет басшысының бас­та­масымен еліміздегі саяси жүйені қайта жаңғырту үдерісі Конституциялық реформадан нақты бастау алды. Ендігі маңызды қадам – Үкіметтің жаңа құрамын жасақтау. Аталған өзгерістер партия мен азаматтық қоғамға сенімді арттырады. «Amanat» сайлауда көпшіліктің даусына ие болып, жеңісе жеткен партия ретінде Премьер-министр лауазымына кандидатура ұсынды. Мұндай тәжірибе Парламенттің рөлін ғана күшейтіп қоймай, саяси партиялардың жауапкершілігін арттырады», деді Е.Бейсенбаев.

Фракция жетекшісінің айтуынша, Үкіметтің жұмысын «Amanat» жіті бақылауға алып, оның әрбір шешімін майшаммен қарамақ. Тіпті қажет жағдайда партия тиісті шаралар қолдану­ға дейін баруға дайын екенін мәлімдеді.

«Соңғы бір жылда Үкіметке қоғам тарапынан айтылған сын аз болған жоқ. Бірақ министрлер кабинетінің небәрі бір-ақ жыл жұ­мыс істегенін ескеруіміз қа­жет. Бір жыл – Үкіметтің жұмы­сын объективті бағалау үшін тым қысқа уақыт. Оған қоса Сма­йыловтың кабинеті күрделі гео­саяси жағдайда жұмыс істеді. Сырт­қы саясаттағы санкция­лар­дың күшеюі, әлемдік инфля­цияның тұрақтамауы біздің де экономикамызға кері әсерін ти­гізіп отыр. Бұдан бөлек, 2 жыл­ға жуық уақыт Үкімет пандемияның сал­дарымен күресті. Екіншіден, саяси басшылардың жиі ауыс-тү­йісі реформалардың қарқы­ны­ның төмендеуіне әкеп соқты­рады. Қазір бізге мұндай қадам­ға барудың қажеті жоқ деп есеп­теймін», деді Е.Бейсенбаев.

Төменгі Палата фракция­лары­ның көпшілігі Әлихан Смайы­лов­тың кандидатурасын қолдаға­нымен, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы оған қарсы шықты.

«Бүгінгі кездесуде көтеріліп отыр­ған мәселе өте маңызды, тағ­дыршешті десек те болады. Сөз жоқ, сіздің 30 жыл бойы әбден былыққа батқан жүйені өзгертемін деген құлшынысыңызды көріп отырмыз. Бірақ оны ертең жүзеге асыратын мемлекеттік аппарат, оның ішінде Үкімет екені анық. Күні кеше өзіңіз де болашақ Үкі­меттің алдында бұрын-соң­ды болмаған ауқымды міндет қой­дыңыз. Біз 20 жыл билікке оппозицияда жүріп, халқымыз­дың әл-ауқатының төмендеуіне Үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты кінәлі екеніне көзіміз жетті. Ал енді бүгін аманаттықтар өз көпшілігін көрсетіп, ұсыныс беріп отыр. Әрине, парламент­тік оппозиция ретінде біз ұсы­ныс­қа қарсымыз», деді ЖСДП фракциясының мүшесі Нұрлан Әуесбаев.

«Ауыл» партиясы фракциясы­ның жетекшісі Анас Баққожаев әңгі­месін сенім білдірген халық­қа алғыс айтудан бастады. Со­дан кейін Үкіметтің небәрі бір жыл ғана жұмыс істегеніне тоқтал­ды. Оған нақты баға беру үшін бір­шама уақыт керек деп есептей­тінін жеткізді.

«Кейбір бастамалары жүзеге асып жатса, келесісі соңына дейін жетіп үлгерген жоқ. Жалпы, біздің партия Үкімет жұмысын ауылдың бүгінгі жағдайымен бағалайды. Ал бұл мәселеде Үкіметке айтар ұсы­нысымыз, артар үмітіміз де же­терлік. Сондықтан Әлихан Ас­хан­ұлы басқарған Министрлер кабинетінің қызметін орта жолда тоқтатып тастаудың орнына, бастамаларын соңына дейін жеткізу керек деп есептейміз», деді А.Баққожаев.

Мәжіліс депутаттары Үкімет бас­шысы кандидатурасын талқы­лағаннан кейін «Қазақстан Респуб­ликасының Президентіне Қазақ­стан Республикасы Премьер-ми­нистрі лауазымына Әли­хан Ас­ханұлы Смайыловты таға­йын­­дауға келісім берілсін» де­ген қау­лы жобасына дауыс берді. Жал­пы отырысқа қатысқан 97 де­путаттың 82-сі оның кандида­тура­сын қолдады. 7 депутат қарсы шығып, 8 депутат қалыс қалды.

 

Басты міндет – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру

Бұдан кейін жаңадан таға­йын­далған Үкімет басшысы Ә.Смайылов сөз сөйлеп, сенім арт­қаны үшін депутаттарға ризашылығын біл­­дірді. Бұл қызметті үлкен жауап­кершілік деп санайтынын жеткізді. Мем­лекет басшысы ай­қындап берген еліміздің әлеу­меттік-эконо­микалық дамуы, халықтың өмір сүру сапа­сы мен әл-ауқатын одан әрі арт­тыру жөніндегі міндеттер Үк­імет жұмысының негізгі ба­сым­­дықтары болатынын атап өтті.

«Ең алдымен, біз Мемлекет бас­шысының Сайлауалды бағ­дарламасын және «Amanat» партиясының бағдарламасын іске асырамыз. Сонымен бірге басқа да партиялар мен депутаттардың, бизнес-қауымдастықтар мен азаматтардың сындарлы ұсы­ныс­тарын ескереміз. Орта мер­зімді кезеңде экономиканың өсімін 5 пайызға дейін жеткізу, осы жылдың аяғына дейін инфляцияны 2 есе төмендету – біз үшін аса маңызды міндет.

Кәсіпкерлікті қолдау және бизнес-климатты жақсарту жөнін­дегі кешенді шаралар, сондай-ақ бизнестің түйткілді мәселелерін шешу, халықты жұмыспен қамту және азаматтарымыздың нақты табысын өсіру – негізгі бағыт­тардың бірі. Экономиканы әрта­раптандыруға, ішкі нарықты отан­дық тауарлармен қамтамасыз етуге және қосылған құны жоға­ры шикізаттық емес тауарлар өндірісін ұлғайтуға басымдық беріледі», деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ ел экономикасына, бірінші кезекте, өңдеуші салаларға ауқымды инвестициялар тарту бойынша шаралар қабылданатынын атап өтті. Ауыл шаруашылығын дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс атқарылмақ. Сонымен қатар энергетика саласын дамыту және коммуналдық инфра­құрылымды жаңғырту мәселелері өте маңызды.

«Ішкі нарықты жанар-жағар­маймен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. «Тариф орнына – инвестиция» бағдарламасын іске асыру электр және коммунал­дық желілердің тозуын төмен­де­туге мүмкіндік береді. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдық инфрақұрылымды жаңғырту кеңейтіледі. Көлік және логис­тика саласында өткізу қабілетін арттыруға және халықаралық дәліздерді дамытуға басымдық беріледі.

Білім беру және денсаулық сақтау салаларында қызметтер­дің тиімділігі мен сапасын жақсар­ту, сонымен қатар цифрландыруды әрі қарай жалғастыру және мемлекеттік бірыңғай цифр­лық платформаны енгізу біздің жұмы­сы­мыздың маңызды бағыттары болады. Үкіметтің алдында қойыл­ған міндеттерді шешу үшін тиіс­ті шаралар қабылданады. Пар­ламент депутаттарымен өзара бірлесіп, үйлесімді және нәтижелі жұмыс істейміз деп сенім білдіремін», деді Ә.Смайылов.