02 Шілде, 2014

Германия мен Франция ширек финалда кездеседі

310 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Футбол-2014-1Кешегі түн мен бүгінгі таң алдында аяқталған Аргентина – Швейцария, Бельгия – АҚШ құрамалары арасындағы 1/8 финалдық ойындар Бразилияда өтіп жатқан әлем чемпионатының келесі кезеңіне өткен ұжымдарды толық анықтап берді. Ал мұның алдындағы түні Франция футболшылары Нигерия «қырандарын» 2:0 етіп ұтса, таң саз бере Германия жасағы Алжир жамағатын қосымша уақытта 2:1 есебімен тізе бүктіріп,  мықты сегіздіктің қатарын түгелдей түскен еді. Бірден айтып қояйық, біз бүгін сөз еткелі отырған жұптарда жеңімпаз атанған Франция және Германия құрамалары үшін аталмыш матчтардағы жеңістер оншалықты оңайға соқпады. Жеңілген жақтардың өздері кездесулердің басым бөлігінде кейін сәттілікті серік еткен қарсыластарынан тым төмен бола қойған жоқ. Айталық, Нигерия командасы, тіпті, көбіне-көп допқа иелік етіп, территориялық басымдық алды. Бірақ олардың қақпа алдында қауіп тудырулары кемшіндеу болды. Оларға қарағанда, француздар жағы өткірлеу жорықтар жасап тұрды. Дегенмен, мұндағы әрекеттері жаттанды көрінген соң, қарсыластары ұдайы шабуылдарының алдын орап отырды. Осыдан кейін Дидье Дешам тактикалық схеманы өзгертті. Бұл үшін Карим Бенземаны шабуылдың өткір шебіне шығарып, Антуан Гризманды сол қанатқа қойды. Ойынның қызып сала беруіне осы өзгеріс қатты әсер етті. Франция құрамасының жорықтары енді өктем де өткір бола түсті. Бұған қоса іс-қимылдың жұмбақтығы қарсы алаң бетінде нағыз дүрбелең туғызды. Соның салдарынан Поль Погба 79-минутта есеп ашты. Ал келесі гол ойын аяқталып қалған шамада, 92-минутта соғылды. Оны нигериялық Джозеф Йобо өз қақпасына түсіріп алды. Бұдан кейін алаңға Германия және Алжир құрамалары шықты. Кездесудің негізгі уақыты 0:0 деген тең нәтиже әкелді. Мұнда да «неміс машинасының» пәлендей артықшылығы байқалмады. Бұған Алжир футболшыларының қорғаныста өте мұқият ойнап қоя салмай, оқта-текте қарсыластар қақпасына қарсы шабуыл жасап тұруы да дәлел. Осы ретте африкалықтар бірнеше рет гол соғатын мүмкіндіктерді жіберіп алды. 63362_origin Немістер қосымша ойынның басында-ақ гол салып, бірден алға шықты. Алдымен сол қапталдан Томас Мюллер суырылып өтті. Бұдан әрі ол допты Раис Мболи қақпасы алаңына көлбеулете жөнелтті. Оған өзгелерден бұрын жеткен Андре Шюррле 93-минутта көз ілеспес жылдамдықпен қимылдап, допты қақпаның оң жақ қапталына өкшесімен сарт еткізді. Есеп – 1:0. Овертаймның соңында талас тіпті қыза түсті. Сол дүрбелеңде Германия құрамасы бірнеше рет гол соғып кете жаздады. «Бундестим» соның бірін ғана 120-минутта голға айналдырды. Оны Месут Өзил салды. Бірақ соның артынша, 121-минутта алжирліктер бір доптың қарым­тасын қайтарып үлгерді. Ис­лам Слиманидің пасынан кейін Әбдел­мумен Джабу соңғы нүктені қой­ды. Матч осылайша 2:1 болып бітті. Енді 4 шілде күні Франция мен Германия ширек финалда күш сынасады. Руслан ИГІЛІК. P.S. Нөмірге қол қойылып жатқанда Аргентина және Швейцария құрамалары ара­сындағы ойынның нәти­­­жесі белгілі болды. Қарсы­лас­та­ры­мен негізгі уақытта 0:0 есебімен тең ойнаған арген­­­ти­налықтар овертаймның соңын­да Анхель ди Мария соққан гол арқылы жеңіске жетті.