02 Шілде, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты. Ширек финалға Бельгия да шықты

218 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

02-07-14-belgia-USA-1

АСТАНА. 2 шілде. Бүгін таң алдында Салвадор қаласында Бельгия мен АҚШ құрамалары арасындағы 1/8 финалдық ойын аяқталды. Оның негізгі уақыты 0:0 есебімен тең бітті. Ал овертаймда бельгиялықтар 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Матч бастан-аяқ кескілескен тірес үстінде өтті. Оның өне бойында бельгиялықтар айтарлықтай басымдық танытты. Бұл көптеген мүмкіндіктердің жүзеге асырылмаған матчы болды. Олардың денін еуропалықтар жасады. Бельгия – АҚШ 2:1. Негізгі уақыт – 0:0. Овертайм – 2:1. 2 шілде. 2 июля. Салвадор. «Фонте-Нова» стадионы. Төреші - Джамель Хаймуди (Алжир).    Бельгия: Тибо Куртуа, Тоби Алдвервейрелд, Венсан Компани, Ян Вертонген, Аксель Витсель, Кевин де Брюйне, Маруан Феллаини, Даниэль Ван Бюйтен, Эден Азар (Насер Шадли, 112), Дрис Мертенс (Кевин Миральяс, 61), Дивок Ориги (Ромелу Лукаку, 91). АҚШ: Тим Ховард, Омар Гонсалес, Майкл Брэдли, Мэтт Беслер, Дамаркус Бизли, Клинт Демпси, Алехандро Бедойя (Джулиан Грин, 107), Джермейн Джонс, Грэм Зуси (Крис Вондоловский, 73), Джефф Кэмерон, Фабиан Джонсон (ДеАндре Йедлин, 32). Гол: Кевин де Брюйне (93), Ромелу Лукаку (105), Джулиан Грин (107). Ескертулер: Венсан Компани (42) - Джефф Кэмерон (18), Бразилия алаңдарында ең соңғы ширек финалға қатысушыны анықтауға арналған бұл матч салғаннан қызықты басталды. Ойынның 1-минутында АҚШ құрамасы қақпасы алдында қауіпті сәт туды. «Қызыл фурия» шабуылшысы Дивок Ориги қорғаушының жанынан жалт беріп өтіп, айып алаңының ішінде бірінші соққыны жасады. Қиыс бұрыштан ұрылған бұл допты қақпашы Тим Ховард аутқа жіберіп, алғашқы бұрыштама соққысының берілуіне жол ашты. Бельгиялықтар бұдан кейін де ойын тізгінін өз уысынан шығара қойған жоқ. АҚШ футболшылары өздерінің бірінші қауырт шабуылдарын 21-минутта жасады. Оның ақыры Клинт Демпсидің қақпаға соққы жасауымен аяқталды. Оның ұрған добын қақпашы Тибо Куртуа құлап жатып қағып алды. Ал арада екі минут өткенде АҚШ футболшылары алаң ортасында доптан айрылып қалды. Оны ала шапқан бельгиялықтар зуылдап қарсы жаққа жетіп келді. Әуелі Ян Вертонген айып алаңына кірді де, сол қанаттағы Кевин де Брюйнеге жеткізді. Бірақ соңғысының соққысы сәтсіздеу орындалды. Екінші таймды да Бельгия құрамасы қарқынды бастады. Команда, әсіресе, 54-60-минуттар аралығында америкалықтар қақпасы алдында бірнеше қауіпті сәттер туғызып, есеп ашып кете жаздады. Бірақ бұған соққылардың дәлдігі жетіспей жатты. Ара-арасында қарсыластарының қарсы жорықтарына жол беріп қойып тұрған «қызыл фурия» бұдан ары да қысым жасауын тоқтатпады. Бұлардың арасында да қақпаға түсіп кете жаздаған доптар болды. Солардың бірінде 72-минутта Дивок Ориги америкалықтар қақпашысының қырағылығын тағы байқап көрді. Ал Тим Ховард оған дайын болып шықты. Осындай сәттер 76, 78 және 79-минуттарда да орын алды. 85-минутта тағы қақпашы бельгиялық форвардтың ұрған добын маңдайшадан асырып жіберді. Бұл аралықта «қызыл фурия»  берген бұрыштамаларында да есеп жоқ. Ал америкалықтар екінші таймда мұндай құрметке бір рет те ие бола алмады. Бельгия құрамасы өз қақпасына жасалған шабуылдан кейін 88-минутта тағы жойқын жорыққа шықты. Оның соңы қақпаға доп ұрумен аяқталды. Осы сәтте Тим Ховард тағы допты қақпа сыртына жіберді. Осыдан кейін де еуропалықтар екі рет гол соғу мүмкіндігін алды. Алайда, соңғы мезетте сәттілік жетпей жатты. Ал ойынға қосылған ең соңғы минутта америкалық Крис Вондоловский қақпа алдында тұрып ұрған добын аспандатып жіберді. Осымен негізгі уақыт 0:0 болып тәмамдалды. Қосымша тайм алдыңғы кезеңдердегі қарқынның басылмағанын көрсетті. Тағы да құйындай құйғытқан шабуылдарға кезек келді. Солардың бірі 93-минутта жасалды. Алдымен Ромелу Лукаку оң қапталда допқа таласты жеңіп шықты. Ол сосын қақпа алаңына қарай зуылдады. Бірақ оның соққысы дәл болмады. Ал қақпашының аяғынан қайтқан доп Кевин де Брюйненің оң жамбасына келе қалды. Соққы! Оның жерлетіп ұрған добы бағанның дәл жанынан өтіп, торға күмп ете түсті. Гол! Бұдан кейін АҚШ футболшылары жандана түсті. Екі жақтың алма-кезек шабуылы арасында мұхиттың арғы жағалауынан шыққандар да бірнеше қауіпті соққылар жасай білді. Әйткенмен, кездесудің соңы Бельгия құрамасының басымдығын тағы бір голға айналдырып шыға келді. Оны осының алдындағы  голға қатысы болған, ойынға қосылғанына көп болмаған Лукаку түсірді. Бұдан әрі адам түсінбестей жағдай болып кетті. Алаңға енді ғана шыққан америкалық Джулиан Грин 107-минутта алдына келген допты тоқтатпастан ұрып, қақпаға күмп еткізді – 1:2. Бұл аз болса, осының артынша америкалықтар есепті теңестіріп кетуге сәл-ақ қалды. Ал соның соңын ала Бельгия құрамасы есепті ұлғайтудың тағы бір мүмкіндігін жіберіп алды. Бұдан кейін тап осындай мүмкіндік АҚШ құрамасында да болды. Ойынның ақырғы минуттары екі жақтың кезекпе-кезек шабуылдары үстінде аяқталды. Енді Бельгия құрамасы 5 шілде күні өтетін ширек финалдық матчта Аргентина құрамасымен кездеседі. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: Sportbox.ru.