03 Маусым, 2010

“АҚТӨБЕ” АҚТАУҒА КЕЛДІ

502 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
“Қазақтеңізкөлікфлоты” акционерлік қоғамы тағы бір алып танкермен толықты. Нижегородтағы “Красное Сормово” зауытында құрастырылған “Ақтөбе” танкері жүк көтергіштігі жағынан Каспий теңізіндегі ең ірі су көлігі болып табылады. Ұлттық компанияның тапсырысы бойынша мерзімінен көп бұрын суға түсірілген танкер халықаралық стандарттарға сай техниканың ең соңғы жаңалықтарымен жабдықталған. Осы ретте Маңғыстау мұнайының қоюлығына орай озық технологияны пайдалану, жүк жүйесін автоматты түрде басқару, қауіпсіздік шараларының жетілдіріле түскендігін айтуға болады. 13 мың тоннадан астам жүк көтере алатын танкердің ұзындығы 147,8 метр, ені 17,3 метр, қапталының биіктігі 10,5 метр. Сенбіде Қазақстан мұнайы тиелген “Ақтөбе” танкері Ақтаудан Махачқалаға жол тартты. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Қ.Көшербаев, Парламент Мәжілісінің депутаты С.Ферхо, “Красное Сормово” зауытының өкілдері, қала жұртшылығы қатысып, “Ақтөбеге” сәт сапар тіледі. АҚТАУ. Жоламан БОШАЛАҚ, “Егемен Қазақстан”.